4 наурызда Алматыдағы Наурызбай ауданы әкімдігі алдына бірі – көп балалы, бірі – жалғызбасты, кейбірі екі-үш балалы отыз шақты ана келген. Оларды әкімдік өкілдері «үкімет бағдарламаларындағы жеңілдіктерді түсіндіру үшін жиналысқа шақырған».
Түстен кейін жинала бастаған аналарды полицейлер бақылап тұрды. Жиынға барған «Азаттық» тілшілерін полиция мен әкімнің орынбасары аудан әкімдігінің ғимаратында өтіп жатқан жиынға қатыстырмай, күшпен шығарған.
Наразылардың көбі үй мен тіркеуге қатысты мәселелерін айтуға келген. Олар «үкімет бағдарламалары тиімсіз» деп, «президенттің орнын босатуды» талап еткен. «Бағдарламалары уақытша» Назарбаевтың «сайлауға түсуіне қарсымыз!» деп айқайлаған аналар.
Жиналыстан шыққан аналардың бірі «Азаттықпен» сөйлесіп, «сөзімізді де, талабымызды да ешкім тыңдаған жоқ» деді. Өзін үш балалы, жалғызбасты мүгедек ана деп таныстырған Лаура Баймолданова: «Үш жылдан бері әкімдікке келіп жүрмін. Мардымды көмек жоқ. Жалдамалы пәтерде тұрамын, [үкімет] бағдарламалары тиімсіз», – деді.
Azattyq.org