Қанат пен Света Айтбаевтар «Қарақатпен шай» бағдарламасына келіп, ұлына теріс пікір білдірген адамдарға деген көзқарасын айтты, деп хабарлайды Nur.kz.
Бағдарламаны жүргізуші Қарақат Әбілдина Димаштың ата-анасына: «Дүние жүзі мойындап жатқан Димашты кезінде өнердегі ағалары сынға алғаны бар. «Шыңғырып ән айту өнер емес» деп пікір білдірген. Сол ағалардың сөздерін сіздер қалай қабылдадыңыздар? Димаш қалай қабылдады? Ол кісілермен араларыңыз жақсы ма?» – деп сауал қойған.
«Жалпы, біреу туралы айтқан сіздің пікіріңіз ол адамның қандай адам екенін емес, сіздің деңгейіңізді айқындайды», – депті Қанат Айтбаев.
Ал Света Айтбаеваның айтуынша, сол сәтте Димашқа сауатты пікір айтатын маман болмаған. «Мен жүрегіме жақын алған жоқпын. Егер сол жерде Димаштың дауысына, диапазонына, дауыс аппаратына қатысты сауатты пікір айтатын адам болса, алғыстан басқа айтарымыз болмас еді. Егер вокалдың майын ішкен мықты вокалист мұғалім болса, әнші болса, Бибігүл апамыз секілді таза шеберлер пікір айтып, ескерту жасаса, біз қорыққан болар едік. Вокалдан, ән айтудан, тіпті дыбыс резонаторының қандай екенінен хабары жоқ, білімі жоқ адамдардың айтқаны онша қорқынышты емес», – депті Димаштың анасы.
Nur.kz