19 наурызда Астанадағы үкімет үйіндегі баспасөз жиынында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жеңілдікпен баспана алу шартын таныстырды. Оның сөзінше, баспананы тұрақты табысы бар көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұялар мен толық емес отбасылар ала алады.
– Біздің мақсатымыз – төлеуге қаражаты жететін, яғни ай сайынғы табысы отбасының бір мүшесіне 20 мыңнан 42 500 теңгеге жететін отбасыларды баспанамен қамту. Егер төрт балалы отбасындағы ерлі-зайыптының табысы 260 мың теңгеге жуық болса, олар біздің бағдарламамен үй ала алады, – дейді Ләззат Ибрагимова.
Несиенің жылдық мөлшері – 2 пайыз, алғашқы жарна – 10 пайыз. Банк өкілінің сөзінше, алғашқы жарнаға ақшасы жетпегендерге әкімдік тұрғын үй сертификатын береді. Құны сегіз миллион теңге тұратын баспана үшін алғашқы сегіз жылда ай сайын 42 мың теңге, ал қалған 10 жылда 27 мың теңгеден төлеу қарастырылған.
Толық емес отбасылар бағдарламамен үй алу үшін ерлі-зайыптылардың ажырасқанына кемінде үш жыл болуы керек.
ҚР премьер-министр Асқар Маминнің мәлімдеуіне қарағанда, Қазақстанда баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға пәтерлерді бөлу 1 мамырда басталады. «Әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру аясында 5 жыл ішінде шамамен 6 мың мұқтаж отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап біз мұқтаж отбасыларға баспана бөлуді бастаймыз», – деді А.Мамин кеше өткен үкімет отырысында.
Оның айтуынша, екі жыл ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдік займын 22,5 мың отбасы алады.
Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көп балалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үй салуға жеті жылға Т350 млрд бөлу жоспарланып отырғанын, оған жыл сайын шамамен 6 мың пәтермен қамту мүмкін болатынын мәлімдеген еді.
«2019 жылға бюджетті айқындау аясында көп балалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз», – деп мәлім етті үкімет отырысында Р.Скляр.
«D»