Сейсенбі, 26 наурызда Жаңаөзен қалалық тергеу соты қаладағы жұмыссыз жастардың мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ержан Елшібаевты екі ай қамауға алу туралы шешім шығарды.
Ержан Елшібаев «бұзақылық» (Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-тармағы) бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікке ілініп отыр. Оны тергеу органдары «2017 жылы қалада болған төбелес кезінде бір адамның көзін жаралаған» деп айыптаған.
Оның адвокаты Кенже Мұңайтпасұлының айтуынша, сейсенбі күнгі сотқа уақытша тергеу изоляторында отырған Ержан Елшібаев онлайн арқылы қатысқан. Сотта «дәлел» ретінде көрсетілген видеода Елшібаевқа ұқсас біреудің төбелесіп жатқаны байқалған. Бірақ Елшібаев тағылған айыппен келіспеген.
Адвокат Кенже Мұңайтпасұлы бұл жайтты Ержан Елшібаевтың соңғы кездегі белсенділігімен байланыстырады. Ол бір айдан бері әкімдік алдына жиналып жүрген жастардың мәселесін көтеріп, биліктен жұмыс беруді талап етіп келген.
«2017 жылдан бері және қазір де ешкім бұл жағдайға байланысты шағымданбаған. Шамасы, Ержанның белсенділігіне байланысты болуы мүмкін деп ойлаймын. Бұл айыппен Елшібаев та, мен де келіспеймін. Апелляциялық шағым түсіреміз, үш күн уақыт бар», – деді Кенже Мұңайтпасұлы «Азаттық» тілшісіне.
31 жастағы Ержан Елшібаевты полиция 24 наурыз күні үйінен ұстап алып кеткен. Белсенді бұған дейін де полиция қысымына шағымданған.
Еске сала кетейік, ақпан мен наурыз айларында Жаңаөзен жастары қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы «Неке сарайы») алдына жиналып, бірнеше апта бойы биліктен мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұраған. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарған еді.
Azattyq.orgБ