ЛАТВИЯДА орыс мектептері ЖАБЫЛАДЫ

Латвия конституциялық соты елдегі аз ұлт өкілдерінің мектептерін түгел латыш тіліне көшіру туралы заңды Конституцияға қайшы емес деп тапты. Сот төрағасының орынбасары Санита Осипова «бұл – соңғы әрі даулауға келмейтін шешім» деді.

Былтыр Латвия президенті Раймондс Вейонис елдегі барлық мектептерді 2021 жылға қарай мемлекеттік тіл – латыш тіліне көшіру туралы заң өзгерісін бекіткен. Қазір Латвияда мектептің екі түрі – латыш тілінде білім беретін және ұлттық азшылық мектептері бар, соңғысында орыстілді балалар да оқиды. Ұлттық мектептерде сабақтың 60 пайызы латыш тілінде, қалған 40 пайызы – ұлттық азшылық тілінде оқытылады.

Еуропа кеңесінің мәліметінше, Латвияда СССР-дан келген 223 мыңға жуық азамат тұрады. Оларға «Латвия азаматы емес» деген арнаулы статус берілген. Басқа елдің азаматы саналатын 56 мыңнан аса адамның төрттен бірі – Ресей азаматтары.

Латыш тілінде азаматтардың – 62 пайызы, орыс тілінде 37 пайызы сөйлейді. Есеп бойынша, орысша сөйлейтіндердің 90 пайызы латыш тілін біледі.

Azattyq.org

Республиканский еженедельник онлайн