НАҒЫЗ МАЙОР «Шал, кет!» деген талабынан ТАЙСАЛМАДЫ

8 қазанда Талдықорғанның қылмыстық істер жөніндегі сотында 68 жастағы оставкадағы ІІМ майоры Болатхан Жүнісовтің соты одан ары жалғасты. Полицияның зейнеткер офицері биыл екінші рет істі болып жатыр. Оған Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылып, сот шешімімен қызметіне тыйым салынған ҚДТ (ДВК) қозғалысының жұмысына араласты деген айып тағылған.

Айыпталушы Жүнісов сотта адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің, прокурор және судья Бейбіт Тұрысовтың сұрақтарына жауап берді. Жүнісов өз сөзінде Қазақстанда билік жүйесінің бейбіт жолмен президенттіктен парламенттікке өзгергенін қалайтынын айтты. Бұған қоса, айыпталушы Мұхтар Әбілязовты танымаймын, одан ақша алмадым, ҚДТ қозғалысына мүше емеспін деді.

Жүнісов сотта 6 шілдеде ешкімді митингіге шақырмағанын айтты. Отырыс кезінде судья Бейбіт Тұрысов «Facebook» парақшасында «Шал, кет!» деген лозунг жариялайтынын, «шал» деп кімді меңзейтінін сұрады. Айыпталушы «шал» деп Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атайтынын айтып, өз сөзінен тайсалмайтын ерік-жігерін көрсетті. Нағыз майордың бұл азаматтық мінезі бүгінгі бұралқы полицияның жасық қызметкерлеріне үлгі-өнеге болардай-ақ.

«DAT-ақпарат»

Республиканский еженедельник онлайн