- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1,6 миллиард еуро қарыз алу туралы заңға қол қойды.
Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады. Қарыз коронавируспен күрес және ел экономикасын қалпына келтіру шараларына алынып отыр.
Қараша айының соңында Қазақстан парламенті мәжілісі Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1 570 396 000 еуро (шамамен 1,9 миллиард доллар) қарыз алу туралы заңды мақұлдаған. Еврибор+0,50% үстемақысымен берілетін бұл қарыздың 908,5 миллион еуросын Азия даму банкі, ал 661,8 миллион еуросын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі ұсынып отыр.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 2020 жылғы 1 шілдеде елдің сыртқы қарызы 159,8 миллиард долларға жеткен. Оның ішінде 11,8 миллиард доллар мемлекеттік басқару органдарының, 825 миллион доллары орталық банктің (Ұлттық банк), 5,2 миллиард доллары екінші деңгейлі банктердің, 101,2 миллиард доллары фирмааралық қарыздың үлесінде. Қалған 40,6 миллиард доллар – мемлекет кепілдігімен алынған басқа да қарыздар.
Azattyq.org