Президентке хат
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мен Сіздің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламаңыздан бастап, Сіз жолға қойған жалпы саясат пен барлық реформаларды бар ынта-пейіліммен қолдап келе жатқан адаммын. Әсіресе «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формулаңыз бен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамаңызға имандай сенген азаматпын. Сеніп, қолдап қана қоймастан, Сізге көмектесуді де өзімнің басты парызым деп білдім және осы бағытта шамам келгенше әрекет етудемін.
Соған байланысты «ДАТ» газеті (№ 951, 11 маусым, 2021 жыл) арқылы Сіздің атыңызға «Ашық хат» жазып, Президент әкімшілігінің (ПӘ) араласуымен әдейі қабылданған заңның кесірінен 1982 қандас отбасының тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталғанын және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 13-бабының 18-тармағы ҚР Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы екенін, қатысты заңнамадағы бұл қателіктерді ПӘ біле тұрып, әдейі өткізіп жібергенін баяндағанмын.
Міне, содан бері екі апта өтті, Президент әкімшілігінен еш жауап ала алмай отырмын. Әлеуметтік желі арқылы ПӘ басшыларының атына да жеке-жеке хат жазып, сұрау салып көрдім. Ешкім үн қатқан жоқ!
Негізі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы 2020 жылы Мәжілісте талқыланып жатқан кезде, бұл қателікті түзету туралы ұсыныс беріп, заңдастыруға ықпал ете алмадым.
Бір таңқаларлығы – сол кезде де осы мәселе туралы Сіздің атыңызға жазған «Ашық хатым» жауапсыз қалған болатын. Шамасы, бұл жолғы «Ашық хатым» да Сізге жетпегенге ұқсайды.
Аса мәртебелі Президент мырза!
Сіз кезекті Жолдауыңызда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» деген болатынсыз.
Өзім имандай сенген сол «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Президент әкімшілігі қандастарымыздың мәселесіне келгенде үнемі үнсіз қалатыны, естімеске сала беретіні мені қайран қалдырады! Бұл жағдай мені ғана емес, алыстан оралған қандастарыңызды да, тіпті жалпы қауымды да қатты таңырқатуда әрі алаңдатуда.
ПӘ-нің осындай «кереңдігінің» кесірінен қандастарымыздың осыған дейін көрген бейнеті, тартқан азабы аз болған жоқ. Көз жастары көл болып еңіреген, құжаттана алмай, сергелдеңге түсіп жүр. Және ол қателіктердің мұралдық, саяси жауапкершілігін ешкім мойнына алып, заңдық бағасы берілген емес.
Егер «ДАТ» газеті арқылы (оның мазмұны Сізге жетті деп ойлаймын) мен көтерген екі мәселе Сіздің тарапыңыздан ескерілусіз қалса, онда Сіздің «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» – деп, ҚР Президенті ретінде қазақ көші туралы тұңғыш рет айтқан керемет сөзіңіздің не қадірі қалмақ?!
Себебі елге келген қазақтың мәселесі дұрыс шешім таппай жатып, шетелдегі қандастарымызды елге қайтару туралы әңгіме айту тіптен орынсыз екені белгілі.
«Ұлттың тағдыры – мемлекеттің болашағы» демей-ақ қояйын, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабына: «Егер қандас санатымен баспана кезегіне тұрған азамат ҚР азаматтығын алған жағдайда, оның кезегі сақталады» деген ескертпе кіргізу туралы менің берген ұсынысымды құшырлана сызған кезде, Сіздің жоғарыдағы тарихы сөзіңіздің қадірін ойлады ма екен?!
Ал мен ойлағам!
Міне, сол үшін жанымды шүберекке түйіп алып, тағы шырылдап жүрмін! Мен он мыңға жуық қандасымызды баспана кезегінен лақтыртып тастап, менің Президентімді олардың қарғыс- сілесіне қалдыруды, кім көрінгенге ащы сөз айттырып қойып, қарап отыруды ешқашан, ешқашан қаламаймын!
Мен жақсы білемін, Сіз өте әділетті, мейірімді және таза адамсыз. Алдымен өзіңіз секілді білімді элита қалыптастырып, әділетті мемлекет құруға бар күшіңізді салудасыз. Сондықтан мен үшін Сіздің әр сөзіңіз – Заң, аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы, ол мүлтіксіз атқарылуы керек деп есептеймін!!!
Өзіңізге деген зор құрмет, шынайы достық жүрекпен, Ауыт МҰҚИБЕК,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүше