- Билік елді ғана бүлдіріп қойған жоқ, өздері де бүлініп бітті. Әйтпесе сенатор Әли Бектаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтардың кешелі бері айтып жатқан сөздерін қалай бағалаймыз?
Сенатор қоғамның әлжуаз топтарына мемлекет бөліп отырған мардымсыз ақшаны көп көріп, елді «масыл» деп айыптаса, президент чиновниктердің жемқорлығына көз жұма қарауымыз керек дейді. Астанадағы депутаттар қалашығында тұрған үйлердің 2 млн доллардан кемі жоқ дейді, сонда барып, көріп, есептеп шыққан Бекболат Қаржан (блогер – Ред.). Бюджеттен алып отырған миллион теңге жалақыларын ішпей-жемей жинағанның өзінде жарты ғұмыры кететін сома.
Ішіп-жемі мен жатыс-тұрысына дейінгі шығындары елдің қалтасынан түскен салықтан шығып жатқанын біле ме екен Әли Бектаев? (Суретте). Оның аузына бұл ақымақ сөзді кім салды екен? Әлде өзінің жағымпаз басының жеткені ме? Қалай десек те, арсыздардың ішіндегі ақымағы екенін көрсетті. Жай сенатор емес, саяси партияның басшысы.
Айтпақшы, бұл пысықтың «Ауыл» партиясына төраға болып тағайындалғанын сол партияны әу бастан-ақ басқарып келген Ғани Қалиев өзіне істің мән-жайын білмекші болып, телефон соққан журналистен естігенін білеміз. Қуыршақ партияның – қуыршақ төрағасы. Лайықты жандардың орнын басқан жалғаннан жасалған жандайшап.
Ал Тоқаевтікі тіпті сорақы! Сонда коррупциямен күресемін деген уәдесі қайда қалды?! Мұндай сөзден кейін елдегі бүкіл жемқорлық істерге өзі дем беріп отыр десек, қателесе қоймаспыз. Үш жыл бойы түк бітірмегені былай тұрсын, елдегі жағдайды әбден қиындатып жіберді. Мұның бәрі оны саяси еркінің жоқтығынан, боркеміктігінен туындап жатыр. Назарбаев оны таңдағанда, дөп басқан екен – басты қасиеті ынжықтығы болған ғой.
Енді, міне, коррупциямен күресемін деген көбік сөзінің түйінін кеше естідік. Әлде сол коррупцияның түп-тамыры қайда жатқанын жақсы білген соң, оған жасар қайраны жоқ екенін мойындағаны ма? Не елдегі қазақтың, не шетелдегі қазақтың құқын қорғауға қауқары жоқ. Шекараның арғы жағында геноцидке ұшырап жатқан қандастарымызға қол үшін бермек түгілі, сөз де айта алмай отыр. Аға-бауырын іздеген қаймана жұрттан Қытай консулдығын қорғап, қандастарымызды қорлап отыр. 15 күнге қамалған Байболат Күнболатұлының жазығы не? Бауырының тірі, өлісін білгісі келгені ме?
Кезінде сол Қытайға біршама жер берілгенде, сыртқы істер министрі болып тұрған Тоқаев ол жерлерде біздің ата-бабамыздың бейіті де жоқ деп мәлімдеме жасаған еді. Солтүстіктегі «Огнеупорный» деген ауылды, маңындағы жүздеген гектар жерімен Ресейге беріп жібергенде де, онда мекен еткендердің сексен пайызы ресейлік паспорт иелері екен деп те ақталған болатын.
Міне, біздің елдің тізгінін ұстап отыр-мыс деген кісіміз осы. Бұл тағайындалғанда, бір өзгеріс болып қалар деп үміт артқандар ол үміттеріңе су құйып, сөндіре берсеңдер болады.
Асхат АСАН
Жаңа пандемияға ДАЙЫНДАЛЫҢЫЗ!
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адан Гебрейесус жаңа пандемияға дайындалуға шақырды, деп хабарлайды ТАСС.
«Біз бәріміз пандемия үйрететін сабақтарды үйренуіміз керек. Жаңа эпидемиялар мен пандемияларға дайындық, олардың алдын алу, анықтау және оларға жедел әрекет ету үшін денсаулық сақтау қызметтерімен және күшті алғашқы медициналық көмекпен жаппай қамту негізінде қолдан келгеннің бәрін жасауы қажет», – деді Гебрейесус.
Ол сондай-ақ «вакциналық теңсіздік пен вакциналық ұлтшылдыққа» назар аударды, бұл «табысы жоғары және төмен елдер арасындағы алшақтықты» арттырады.
ДДҰ басшысының айтуынша, коронавирусқа қарсы барлық егулердің 77%-ы қазір әлемнің тек 10 мемлекетіне тиесілі. Табысы аз елдердің көпшілігінде вакцинацияны ең осал және қауіпті халықты қамту үшін әлі де жеткілікті вакцина жоқ.
ҚазТАГ
«АНТИКОР» Нұр-Сұлтанды тексеруді БАСТАДЫ
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-Сұлтан әкімдігін тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің, оның аудандық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды. Талдау жүргізу барысында елорда әкімдігінің құқықтық базасы мен ұйымдастыру-басқару қызметін егжей-тегжейлі зерделеу жоспарлануда», – делінген жұма күнгі хабарламада.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдардың жоғары сыбайлас жемқорлық осалдығы байқалады. «Ағымдағы жылдың бес айында ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктердің қызметшілері жасаған 92 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді, 76 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде әртүрлі деңгейдегі жеті әкім мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ облыстық басқармалардың 14 басшысы бар», – деді Бектенов.
ҚазТАГ
Назарбаевтың «құрметіне» ҚАМАУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
- Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты сейсенбіде азаматтық белсенділер Нұрлан Алтынбаев пен Айдар Cыздықовты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен абақтыға жапты, деп хабарлады «Азаттық».
Нұрлан Алтынбаевты Нұр-Сұлтан әкімшілік сотының судьясы Эльвира Есжанова 14 маусымдағы АҚШ елшілігінің алдындағы наразылық акциясына қатысқаны үшін айыпты деп таныды. Белсенді сот шешімімен 10 тәулікке абақтыға қамалды. Бірақ Алтынбаевтың өзі кінәсіз екендігін, митинг ұйымдастырмағанын, әрі Қазақстан азаматы ретінде қалаған уақытта және қалаған жерде жүруге құқығы барын айтқан.
Сол сияқты судья Эльвира Есжанова 36 жастағы Айдар Сыздықовты Facebook желісіндегі посты үшін айыпты деп таныған. Сот қаулысында Айдар Сыздықовтың 2021 жылғы 11 маусымда өзінің Facebook’тегі парақшасында 12-13 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласында митингіге қатысуға шақырған жазбаны репост жасағаны айтылған.
«Ол сотта кінәсін мойындамай, Facebook парақшасын 2021 жылдың 3 маусымнан бері қолданбайтынын айтқанымен, оның парақшасы Instagram желісіне тіркелген. Ал митинг өткізуге алдын ала өтініш берілмегендіктен, Сыздықовтың әрекеті заңсыз, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 7-тармағына сәйкес «бейбіт шеру өткізу тәртібін бұзған» деп жазылған сот қаулысында.
Еске салсақ, маусым айында сот «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын қолдағаны үшін» Айдар Сыздықовтың бас бостандығын үш жылға шектеген. Оған бес жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға, митингілерге, жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерде жазба жариялауға тыйым салынған.
Қазақстан билігі 6 шілде – Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне арналған ҚДТ митингілерін заңсыз деп санайды. Осыған байланысты 28-29 маусымда белсенділер Қайыргелді Нұрғалиев – 15 тәулікке, Марат Мұсабаев – 20 тәулікке, Айжан Әбенова – 15 тәулікке абақтыға қамалды. Сот оларды Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы бойынша («бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін») кінәлі деп тапты.
ДАТ-ақпарат
ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ
· шымкенттік наразы әйелдер тағы әкіммен кездесуді талап етті
30 маусым күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына жиналған әйелдер жергілікті биліктен бағаны тұрақтандыруды, баспана, жәрдемақы сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуді және балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға қарсы екенін айтып, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Бұл туралы оқиға орнынан «Азаттық» тілшісі хабарлады.
Көп балалы ана Гүлзира Садықова әкімдік берген уақытша тегін баспанада бес баласымен тұрады. Үлкен ұлы – мүгедек. Ол ай сайын берілетін 55 теңге жәрдемақы дәрі-дәрмегінен артылмайтынын айтады. Бес баласына берілетін 58 мың теңгемен күн көріп жүр. Азық-түлік бағасы қымбаттаған соң, бұл жәрдемақы күнделікті тамағына да жетпей жатыр.
«Бұрын айына 2 қап ұн сатып алсақ, қазір 1 қап ұн алып, нанның өзін үнемдеп жатырмыз. Бір қап ұнның өзі 10 мың теңгеге жетті. Кей таныстарымның үйінде сол нанның өзі де жоқ. Коммуналдық төлемдер де қымбат, газдың өзіне бір айда 6 мың теңге төледік. Екі келі картопты 500 теңгеге сатып алдым. Өткен жылы осы уақытта 1 келі картоп 120–150 теңге болатын. Етті ұмыттық. Күнделікті арыз-түлік қымбаттаған соң, қарызға баттық. Бір айдан екінші айға жетпей, дүкенге қарызға кіріп жатырмыз», – дейді көп балалы әйел.
Шымкентте соңғы жарты жылда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттады Мысалы, 1 литр сұйық майдың бағасы 600 теңгеден 800 теңгеге өсті. Әлеуметтік дүкендерде сұйық маймен бірге қанттың өзін бір адамға белгілі бір мөлшермен шектеп сатып жатыр. Орташа есеппен ұнның бағасы 8 мың теңгеден 10 мың теңгеге қымбаттады. Соңғы бір айда картоп пен сәбіздің бағасы өскені байқалды.
Azattyq.org
Көңіл айту
«ДАТ» баспагерлік-медиа жобасының редакциялық ұжымы газеттің жанашыр авторы, биология ғылымдарының докторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, профессор
Мағжан ИСАНЫҢ
қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.