ҚЫТАЙДА ҚАМАЛҒАН туыстарын іздегендер АСТАНАДА ҚАМАЛДЫ

  • 15 жылдан бері түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабек ауруханаға түсті. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Құқық қорғаушы Елена Семенованың «Азаттық» тілшісіне айтуынша, Арон Атабектің ауруханаға түскеніне бір апта болған. «Ол бұған дейін емделуге үзілді-кесілді қарсы болып келген. Оған «ауруханаға жатпасаңыз, сал боласыз, өмір бойы арбаға таңыласыз» деп қатаңырақ ескерткенмін. Тексеруден өтіп, анализдерін тапсырғаннан кейін, қандай да бір ем көрсететін шығар», – дейді Елена Семенова.

Оның айтуынша, Арон Атабек ауруханада тексеруден кейін мекемеге қайтадан оралады. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті әзірге түсініктеме бермеді. Арон Атабек отырған Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінің басшысы «Азаттық» тілшісіне телефон арқылы жауап бере алмайтынын, «ресми сауал жіберу қажеттігін» айтқан.

Azattyq.org

  • Өткен аптаның соңында астанадағы Қытай елшілігі алдына жиналып, Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген он шақты адамды полиция ұстап әкеткен еді. Бұл туралы белсенді, Шыңжаңда бауыры қалған Байболат Күнболатұлы Facebook парақшасында хабарлады.

Қытай Шыңжаңдағы туыстарымызды Қазақстанға жібермей отыр деген он шақты адам Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігіне келіп, елші Чжан Сяоның шығуын талап еткен, деп жазады «Азаттық». Олар 23 қыркүйекте БҰҰ өкілдігіне барып, ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриштің атына хат тапсырған.

Еске салсақ, Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер наразылық акцияларын Алматы қаласында бастаған. Олар 200 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар кейбір күндері консулдық алдында түнеген еді.

«Астанада Қытай елшілігі алдына Қытайда нақақтан қамалып, сотталған, із-түзсіз жоғалған туыстарын босатуды, дерегін тауып, паспортын беріп, Қазақстанға қайтаруды талап етіп, бейбіт митинг өткізген аналарды, апаларды Қазақстан полициясы ұстап әкеткені – сұмдық болды, – деп жазады Байболат Күнболатұлы ФБ-парақшасында. – Оларды босатуын қатаң талап етеміз! Қытай геноциді, қытай қорлығында, тапталуында жазықсыз қырылып, тірідей азабында қалған 3 миллион қазақ тұтас әлем қазақтарының бөлінбес бөлшегі және қандас бауырларымыз! Шыңжаңдағы қазақтарға көрсеткен қорлық, қыспақ – дүние жүзі қазақтарына көрсеткен қысым, қорлық деп білемін! Қара шаңырақ Қазақстан дүние жүзі қазақтарының амандығына, Отанына оралуына кепіл болуға тиіс! 

Қорған болуға тиіс Қазақстан елі зар еңіреп, жыл бойы үй бетін көрмей, Алматыда Қытай консулдығы алдында тікесінен тік тұрған аналарды қорлап, күшпен, зорлықпен ұстап әкету – шектен шығып басынғандық! Зұлымдық! Жауыздық! Тас бауырлық! Сатқындық! Иттік!». 

ДАТ-ақпарат

ТҮРКІСТАН Ұлттық қорға ҚОЛ САЛДЫ

  • Қазақстан үкіметі 2021 жылы Түркістанға апаратын 10 әуе бағытын субсидиялауға Ұлттық қордан 2,3 миллиард теңге бөлді.

«Түркістан қаласына 10 әуе бағытын ашу үшін, биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт арқылы 2,3 миллиард теңге бөлінді» деп хабарлады бұл орайда ҚазТАГ. Ақпарат агенттігінің сауалына жолдаған жауабында үкімет Түркістан бағытындағы әуе рейстерінің Ұлттық қор есебінен биыл ғана субсидияланып отырғанын айтқан.

Қазақстанның 2021 жылғы бюджетінде тұрақты әуе тасымалына 5,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 2,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 3 миллиард теңге Ұлттық қордан бөлінеді. Конкурс нәтижесінде субсидияланатын әуе рейстерін QAZAQ AIR және SCAT акционерлік қоғамдары орындайтын болған.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн