- «Қазақстанның Халық Банкі» 2021 жылдың қортындысы бойынша дивидендтер төлеуін аяқтады. Банк бұл туралы ресми хабарламаны Қазақстан қор биржасына (KASE) жіберді.
2021 жылдың табысы есебінен «Халық банкі» өз акционерлеріне 138,6 миллиард теңге төледі. Қазір банктің 69,52% үлесі «Алмэкс» холдингі арқылы Тимур мен Динара Құлыбаеваға тиесілі. Ал 28,51 пайызын Лондон қор биржасындағы инвесторлардың атынан The Bank of New York ұстап отыр.
Әр жай акцияға 12,71 теңгеден дивиденд берілді. (Осы есептің негізінде банк Назарбаевтың қыз-күйеуіне 96 миллиард теңге дивиденд төледі – Ред.). Жалпы, «Халық банк» 2021 жылы 460 миллиард теңге таза табыс алған болатын.
- Түпнұсқа: https://t.me/dalainside
ПУТИНШІЛ ӘБІЛДАЕВ субсидия жеумен айналысады
- «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің орынбасары /бұрынғы, ресейлік және путиндік агрессиялық көзқарасы үшін партиядан шығарылып, мәжіліс депутатының мандатынан айырылған – Ред./ Азамат Әбілдаев жөнінде мынандай дерек бар.
Азамат Әбілдаев Алматы облысының тумасы, руы – шапырашты. Кезінде Болат Назарбаевпен тығыз жұмыс істеген адам.
Әбілдаев – ірі жер иеленуші. Оның Алматы облысы мен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жалпы көлемі 600 мың гектардай жері, гранит тас өндіретін кеніші бар.
Кәсіпкер-депутат көбіне ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Өңірдегі «мал шаруашылығын дамытамын» деп, өкіметтен ең көп субсидия алатындардың бірі. Мал сатып алады да, оны семіртіп, етке өткізіп жібереді. Бұлайша мал шаруашылығын қалай дамытамыз, мал тұқымын қалай асылдандырамыз?! Түсініксіз…
Қазіргі есеп бойынша, оның мыңғырған ұсақ малы,14 мың бастай ірі қарасы бар. Осыдан біраз бұрын Әбілдаев 4 мың жылқысын Алматы облысының экс-әкіміне сатып жіберді. Бұл саяси сауда болды ма, әлде шынайы коммерциялық /депутаттық орынды сатып алу үшін – Ред./ келісім бе – ол жағы күмәнді.
Советқазы НҰРСИЛА
Дүр-Мұхтар
БІР АЖАЛДАН
аман қалды…
- Экс-президент Назарбаевтың ата жауы, қазірде қиыр жайлап, шет қонып жүрген саясаткер Мұхтар Әбілязов бір ажалдан аман қалғанын айтты деп хабарлайды Dalainside.
Талай жыл бойы іздеуде жүрген банкир тамақтан уланып, төсек тартып қалған. Әп-сәтте ыстығы көтеріліп, көзі қарауытып, аяқ-қолынан жан кете бастапты.
«Келесі күні жағдайым тіптен мүшкілденіп, есімнен танып қалдым. Ажал алқымдаған сәтте адамның ойына не келіп, не кетпейді? Өлерімді білгенде, өзегімді өкініш кернеді. Алдыма қойған мақсатқа жете алмай, арманда кетерімді ойлағанда, тіптен түңілдім. Жаңарған, демократияланған Қазақстанды көре алмай, дәл осылай кете барам ба? Ойым сан-саққа сапырылысып, сандырақтай бастадым», – дейді Әбілязов.
Назарбаевтан кейін /наразы/ назарын Тоқаевқа бұрған саясаткер бір ажалдан аман қалыпты. Бұзылған астың уыты тарқап, беті бері қараған екен. Есін жиған сәтте көз алдына Алматының таулары елестеген… «Әйткенмен, әлі де су ішерлігім бар екен, өмір мен өлімнің күресінде алдыңғысы жеңіп шықты», – дейді ол.
Оппозиционер қазіргі жүйемен күресуге қажетті қаражаты таусылғанын айтады. «Маған қарсы бұрын-соңды болмаған қысым жасалып жатыр. Ресурсым сарқылды. Тіпті заңгерлермен есеп айырысатын ақша таппай, тыпыршып отырған жайым бар. Түрлі тараптан төнген қауіп-қатер күшейіп келеді. Бірақ біз беріспейміз…» – депті өзін қолдайтын аудиторияға үн қатқан Әбілязов.
Бұған дейін Бас прокуратура «Әбілязовты елге қайтаруға бар күшімізді саламыз» деген еді. Dalainside дереккөзі мәлім еткендей, «Жаңа Қазақстан» Әбілязовты елге экстрадициялау мәселесінде табандылық танытуда. Бұл мәселе жыл аяғына таман біржақты болуы тиіс.
- Түпнұсқа: https://t.me/dalainside
ҚАҢТАРДА ОҚҚА ҰШҚАН
жігіттің өліміне қатысты
ІС ҚАЙТАДАН ТЕРГЕЛЕДІ
- Ақтөбе қаласының Мамандандырылған тергеу соты (МТС) Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаровтың отбасы осы кезге дейін жәбірленуші деп танылмауын заңсыздық деп отыр. Тергеу сотының тиісті қаулысы 24 қаңтар күні шықты.
Русланбек Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы тергеу сотына шағымданбас бұрын, Ақтөбе облыстық прокуратурасына хат жолдап, әкесі Бүркіт Жұбаназаров екеуін жәбірленуші деп тануды, қылмыстық іс материалдарымен таныстыруды сұраған. Алайда прокуратура Жұбаназаровтардың шағымын қанағаттандырмаған. Тергеу соты «прокуратура заңсыздықтарға жол берген» деп танып, Ақтөбе облысы прокурорын «заңсыздықтарды жоюға» міндеттеді.
«Тергеу соты Жұбаназаровтардың шағымын ішінара қанағаттандырды. Сот облыс прокуроры мен оның бірінші орынбасарының әрекетін заңсыз деп таныды», – деп «Азаттыққа» Ақтөбе облыстық соты хабарлады.
Жұбаназаровтардың адвокаты Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, отбасы Русланбек Жұбаназаровтың өлімінен кейін қозғалған істің тоқтатылғанына наразы болып, 13 қаңтарда Ақтөбе МТС-ына шағымданған. Сейсенбі күні тергеу сотында алғашқы мәжіліс өтіп, сот Жұбаназаров отбасының шағымын ішінара қанағаттандырған.
«Сотқа келген прокуратура өкілі марқұм Жұбаназаровтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істі жабу туралы 2022 жылы 28 сәуірде шыққан қаулының күшін жойғанын хабарлады. Қаулы өткен аптада, яғни 19 қаңтар күні бұзылған. Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық іс қайтадан тергеуге жіберіледі. Осы себепті тергеу соты біздің шағымды ішінара қанағаттандырды», – дейді адвокат Шорманбаев.
Адвокаттың айтуынша, прокуратура істің қайта тергелетінін айтып, тергеу сотынан Жұбаназаров отбасының шағымын қанағаттандырмауды сұраған. «Русланбек Жұбаназаровтың өлімінен соң қозғалған іс былтыр 28 сәуір күні «қылмыс құрамы жоқ» деп тоқтатылған. Жап-жас жігіт оққа ұшты. Бұл – қылмыс. Оның өмірінің соңғы сәттері көшедегі камераға жазылып қалған. Видеода оның қолында қаруы жоқ екені, Жұбаназаровтан ешкімге қауіп төндірмегені, жаралы жігіттің жан сауғалап, қашып бара жатқаны анық көрініп тұр. Сондықтан біз соттан істің қайта тергелуімен қатар жақындарының жәбірленуші деп танылуын да талап еттік», – дейді адвокат Шорманбаев.
«Тергеу бір жылдан бері не әке-шешемді, не мені жәбірленуші деп танымай келеді. Жәбірленуші статусы болмағандықтан, қылмыстық іс материалдарымен де таныса алмаймыз. Шағым айтып бармаған жеріміз жоқ. Құзырлы органдардан жарытып жауап ала алмай қойдық», – дейді Русланбек Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны 30 жастағы Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан… 7 қаңтарда туыстары оның сүйегін мәйітханадан тапқан. Алғашында билік «террорист» деп айыптап, траншеяға көмбек болған Жұбаназаровтың сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 2022 жылғы 8 ақпанда берілген. Туыстары оны 9 ақпан күні туған жері Мөңке би ауылына жерледі.
ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН ҚАРАЖАТ
халықтық жобаларға жұмсалады
- Елге қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану жоспарлануда, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметінен.
«ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Президент әкімшілігі, Ұлттық банк және Бас прокуратура басшыларының қатысуымен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Қатысушылар президент алға қойған міндеттерге сәйкес әзірленген елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын қарады. Онда активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюға, оларды ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге және т. б. бағытталған нормалар қарастырылған», – делінген сәрсенбідегі хабарда.
Сонымен, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін талдау нәтижелері бойынша активтер туралы арнайы декларацияны тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізімін құру жоспарлануда.
«Активтердің иесі олардың шығу тегін растай алмаған жағдайда негізсіз сатып алынған деп танылады және мемлекет кірісіне айналады. Келіп түсетін активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану көзделген. Премьер-министр Әділет министрлігіне айтылған пікірлер мен ескертулерді ескере отырып, заң жобасын мұқият пысықтауды жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар отырыста ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды», – деді Минкабинетінен.
ҚазТАГ