ҚР Премьер-министрінің орынбасары
Ермек Көшербаевқа!
Бүгінгі депутаттық сауалым мемлекеттік органның бұйрығының салдарынан шақшадай басы шарадай болған бұқара мен жабылған білім ордасының орнында опық жеп отырған қарапайым адамдардың арызы хақында.
Тәуелсіздік алғалы бері құжат үстіне құжат қабылдаған мемлекеттік органдарда жалқының мысалын жалпыға жабу бар. Яки әлеуметтік нысандар ашса да, білім ордаларын салса да, «пәленше адам болса ғана түгенше шаршы метр ғимарат салынады» деген сансыз стандарт қабылдады. Қағаз бәрін көтереді, бірақ қағазға түскен қаріптер халықтың жағдайын қиындатпауы тиіс.
Соның бір айғағы – Батыс Қазақстан облысында орын алды. Мәселе мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы санының шегіне қатысты. Батыс Қазақстан облысының 8 ауданы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетінін мен айтпай-ақ білесіздер. Бірақ бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектептің жабылғаны, ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің таратылғаны (Жәнібек ауданы – 1, Теректі ауданы – 1, Сырым ауданы – 1, Қаратөбе ауданы – 1) расында төбемізге жай түскендей әсер етті.
Мемлекет басшысының ауыл мектептері туралы: «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» дегені бекер айтылмаған. «Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады» дегені есімізде. Ендеше қағазға хатталған нормативтің кесірінен бастауыш мектептері жабылған 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімге? Мектеп жабылды деген сөз – бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта балалардың қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына, қала берді жасына сай алуы тиіс мейіріміне кім кепілдік береді? Ешкім.
Қазір бір қауіпті тенденция бар, ауылындағы мектеп жабылғандықтан, басқа елді мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын: соңғы 5 жылда БҚО 413 ауыл, ШҚО 350 елді мекен, СҚО 635 ауыл, Павлодар облысында 352 ауыл, Ақтөбе облысында 315 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек, бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартты бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7‑інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесек, тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмаймыз.
Мысал ретінде облыс орталығынан шалғайда орналасқан, жабылудың аз-ақ алдында тұрған Бөкей Ордасы ауданына қарасты Жиекқұм елді мекеніндегі Темір Масин мектебін немесе Үштерек елді мекеніндегі білім ордаларын алуға болады. Мектеп жабылса – бәрі бітті, себебі білім ордасы бар көрші елді мекендер қашықта орналасқан. Сонда мектеп жасындағы балалар қайда барады? Кімнің босағасын сағалайды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды», – деп шегелеп айтты.
Осыған орай нақты ұсыныс: Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 6 мамырдағы № 185 «Халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» бұйрығында көрсетілген 2.2., 2.3., 2.4.-тармақтарын «ерекше жағдайда деген тіркеспен толықтыру немесе шекара маңында орналасқан мектептер үшін аталмыш тармақтарда белгіленген нормативтердің шегін азайтуды ұсынамын. Әйтпесе шекаралық ауылдар мектепсіз қалады, салдарынан ел көшеді, жер иесіз қалады. Ал «бос жатқан жер жау шақырады» – бұл қазақтың сөзі.
Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты