ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Еліміздегі жер ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы жерлеріне тиесілі, ал олардың жалпы көлемі 220 млн гектардан асады. Оның ішінде 190 млн гектары жайылым, 25 млн гектары егістік, 5 млн гектары шабындық жерлер.
Алайда осындай орасан зор әлеуетке қарамастан, ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық жағдайы күрделі мәселеге айналып отыр. Бүгінгі таңда 100 млн гектарға жуық жер деградацияға ұшыраған. Оның ішінде жайылымдардың 40 пайызы тозған, егістіктің 30 пайызы эрозияға шалдыққан, ал суармалы жерлерде тұздану процесі күшейген.
Негізгі мәселе – жердің тапшылығында емес, оны тиімді пайдалана алмауымызда. Мәселен, жайылымдардың тек 90 млн гектары ғана нақты пайдаланылып отыр. Қалған жерлер инфрақұрылымның жоқтығы, су көздерінің жетіспеуі және шалғай орналасуы себепті игерілмеген. Соның салдарынан ауыл маңындағы жайылымдарға шамадан тыс жүктеме түсіп, олар тез тозуда.
Мал басының өсуін ескерсек, қазіргі таңда 32,9 млн бас малға кемінде 130 млн гектар жайылым қажет. Демек, қосымша 40 млн гектар жайылымды экономикалық айналымға енгізу міндеті тұр.
Егістік жерлерде де жағдай күрделі. Ауыспалы егіс жүйесі толық сақталмайды: 25 млн гектар егістіктің тек 15 млн гектарында ғана қолданылады. Бұл әсіресе шағын шаруашылықтарға тиесілі. Нәтижесінде топырақ құнарсызданып, өнімділік төмендеуде.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жер деградациясы табиғи факторлармен қатар агротехникалық талаптардың сақталмауы, жайылым жүктемесінің артуы, суармалы жерлерді дұрыс пайдаланбау сияқты антропогендік себептерге де байланысты.
Тағы бір өзекті мәселе – ауыл шаруашылығы жерлерінің әр санаты бойынша нақты экономикалық құнының болмауы. Бүгінде жайылым, егістік, суармалы және шабындық жерлердің гектарына қатысты сапасы мен өнімділік әлеуетіне негізделген әділ бағалау жүйесі жоқ. Бұл жерді тиімді пайдалануға және басқаруға кері әсер етуде. Тиянақты жұмыс істейтін фермерлер үшін де жердің нақты құнын айқындау аса маңызды. Өйткені жер әділ бағаланса, оны кепілге қойып, қолжетімді несие алу жеңілдейді. Бұл шаруашылықты дамытуға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкіметке мынадай нақты шараларды қарастыруды ұсынамыз:
Бірінші. Шалғай жерлерде жайылымдарды игеру үшін 2026–2030 жылдарға арналған нақты инфрақұрылымдық бағдарлама қабылдап, құдықтар мен ұңғымалар қазу, су жеткізу, жол және электр желілерін тарту жұмыстарын қосымша қаржыландыру қажет.
Екінші. Жайылымдарды басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін енгізіп, әр өңір бойынша жайылым жүктемесінің шекті нормаларын бекіту және оның сақталуын қатаң бақылау керек.
Үшінші. Ауыспалы егіс жүйесін енгізуді мемлекеттік қолдаумен байланыстырып, оны сақтамайтын шаруашылықтарға қатысты шектеу шараларын, ал енгізгендерге ынталандыру тетіктерін қарастырған жөн.
Төртінші. Топырақ құнарлылығын, тұзданған жерлерді қалпына келтіру үшін мелиорация, эрозияға қарсы технологияларды енгізу бойынша мақсатты мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп санаймыз.
Бесінші. Ауыл шаруашылығы жерлерінің әр санаты бойынша (жайылым, егістік, суармалы, шабындық) гектарына шаққандағы нақты экономикалық құнын айқындайтын бірыңғай әдістеме әзірлеу және оны жер кадастры жүйесіне енгізу керек.
Қорытындылай келе, жер ресурстарының деградациясы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін стратегиялық мәселе. Бұл бағытта мемлекет бақылаушы ғана емес, нақты үйлестіруші және ынталандырушы рөл атқаруы тиіс. Осыған орай аталған мәселелер бойынша Үкіметтің нақты шаралар қабылдауын сұраймыз.
«Ауыл» партиясы» фракциясы мен
Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары