ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Таяу Шығыста жалғасып жатқан халықаралық дағдарыс еліміздің өз азаматтарын шетелде қорғай білу қабілетіне жасалған ең маңызды сынақтардың біріне айналды. Десе де, Қазақстан Республикасы бұл сынақтан абыроймен өткенін ерекше атап өткен жөн.
«Ақ жол» демпартиясы соғыс аумағынан отандастарымызды ауқымды эвакуациялау кезінде кідіріссіз шешімдер қабылдауды қамтамасыз еткен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше алғыс білдіреді.
Мәселе тек туристер ғана емес, сол жерде жұмыс істеп жүрген мамандар, студенттер, тұрақты тұратын азаматтар және басқа да отандастарымызды мемлекет өз қорғауына алғаны баршамызға мәлім.
Қазақстанның үйлесімді әрі батыл әрекеттері тек отандастар арасында ғана емес, өзге елдердің азаматтары тарапынан да шынайы құрмет пен жоғары бағасын алып, бұл тәжірибені өз елдерінің шенеуніктеріне үлгі ретінде келтірді. Осы сәтте Қазақстанның көк паспорты әрбір азаматтың мақтанышы екенін көрсетті.
Атқарылған ауқымды операцияға қатысқан барлық тараптардың үлесін ерекше атап өткен жөн, оның ішінде:
– коммерциялық мүддемен ғана шектелмей, қысқа мерзім ішінде ұшақтар ұсынып, кейбір рейстерді өз қаражаты есебінен орындаған отандық әуе компаниялары;
– қақтығыс аймағында қалған өз клиенттеріне жедел қаржылай қолдау көрсеткен туристік операторлар мен банк секторы;
– азаматтарды үйлестіру, орналастыру, тамақтандыру және елге қайтаруды қамтамасыз еткен бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар.
Осында Қазақстан тек өз азаматтарын қорғаушы мемлекет ретінде ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде де әрекет етті. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазақстандық әуе кемелері өз азаматтарымен қоса, көрші Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдердің азаматтарын да көп жағдайда ақысыз негізде эвакуациялады.
Операцияға қатысушылардың көпшілігі шынайы ерлік танытып, Президент Қ.Тоқаевтың шешімімен жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Аталған оқиғалардың қызған шағында, 4 наурыз күні «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың өзара іс-қимылы мәселесіне қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Ал Үкіметтің берген жауабы болашаққа жүйелі шешімдер әзірлеу қажеттігін көрсетті.
Атап айтқанда, жауаптағы мәліметтерге сәйкес, эвакуацияланған 10 мыңнан астам азаматтың ішінде ұйымдастырылған туристердің құқықтарын қорғау функциясы жүктелген және әрбір туристік жолдамадан міндетті аударымдар есебінен қаржыландырылатын «Туристік қамқор» қоры тек 3 мың адамға қызмет көрсеткен. Нәтижесінде негізгі жүктеме мемлекетке және әуе тасымалдаушылары мен басқа да бизнес субъектілеріне түсті.
Қазіргі халықаралық жағдайдың тұрақсыздығын ескере отырып және жинақталған тәжірибеге сүйене келе, алдағы уақытта осындай өзара іс-қимылдың тетіктері мен хаттамаларын пысықтау маңызды деп санаймыз.
Сондықтан атқарылған жұмыстардың ауқымын нақтылау мақсатында «Ақ жол» фракциясы төмендегі мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрайды:
1. Қазақстан Республикасы азаматтарын қақтығыс аймағынан эвакуациялау операциясының жалпы құны қандай?
2. Аталған шығындардың қандай бөлігі мемлекет есебінен қаржыландырылды?
3. Қандай көлемдегі шығындарды жеке бизнес өз мойнына алды және бұл шығындар мемлекет тарапынан қаншалықты өтелді?
4. Туристерді қорғау функциясы жүктелген «Туристік қамқор» қоры эвакуация барысында қандай қаржылық және ұйымдастырушылық рөл атқарды?
5. Болашақта осындай жағдайларға әрекет ету үшін Үкімет қандай жүйелі шараларды әзірлеуде (қаржылық резервтер қалыптастыру, сақтандыру тетіктерін енгізу және т.б.)?
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
С. ЕРУБАЕВ
А. ПЕРУАШЕВ
Д. ЕСПАЕВА
Е. БАРЛЫБАЕВ
К. ИСА
О. НУРАЛДИНОВ