Шындықтың жүзіне тіке қарасақ, бұл сойқан – Үшінші жаһан соғысы атты сұрапылдың өзі ғой!..
Екінші жаһан соғысының отына май құйылған, тарихта «Ұлы Отан соғысы» деп таңбаланып келген, яки фашистік Германия Советтер Одағына басып кірген 22 маусымнан тура 84 жыл өткенде – дүниені неше заман қанға тұншықтырып келген зұлымдық ошағы – АҚШ Иранға шабуыл жасады!
…«Жер» атты қасиетті Кәрі Шаңырақтың ШЫН ИЕСІ сапарда жүргеніне көп болған. Ал үйде қалған әкесіз өскен көргенсіз балалар білгенін жасап жатқанына да тым ұзақ уақыт өтіпті. Олардың бір-біріне қылған қиянаттарының елді-есебі жоқ. Адамзат бассыздық пен ессіздіктен әбден бизар болды! Бұл «ойын» да – соның бірі. Кешіріңіз, бірі емес, нағыз шыңы!
Міне, он күнге аяқ басқан Иран–Израиль соғысы туралы да әркім өресі жеткенінше өз пайымдарын ортаға салуда. Біздің қазақы қауымның да білермендері мен өлермендері қабаттаса шауып, түкіріктерін жан-жаққа шашыратып бақты. Дені өздері талайдан бері «нәрем айырып» жүрген американдық-израильдық һәм батыстық жаршашуларға ылығып, біраз асығыс байламдар да жасап қойды. Олардың ішінде: «Иран өте қауқарсыз ел екен, әліне қарамай ма?!»; «Израильдің бір соққысынан қалмай күллі қорғаныс жүйесі күйреп қалыпты!»; «Барлық қолбасшылары мен ғалымдары опат тауыпты!»; «Қолбасшылары сатқын екен, әлдеқашан күллі құпияларын дұшпандарына беріп қойыпты!»; «Билікке қарсы ішкі бүлік басталып кетіпті!»; «Хаменей Ауғанстан жаққа қашып кетіп, тығылып жатқан көрінеді»; «Хаменей: «Мен Саддам Хүсейіннің тағдырын қайталағым келмейді, сондықтан келісім үстеліне отыруға дайынмын» депті» деген сияқты кеу-кеу кептерді естідік.
Алайда жалған мифтерді шындық ығыстырып шығара бастады. Иран біз ойлағандай аса бір әлжуәз мемлекет емес екен. Ол да осы болашақ соғысқа қапысыз дайындалыпты. Бәлкім, Ресей, Қытай сынды одақтастары да аз жәрдемдеспеген. Мұның дәлелі оның Израильге жасаған қарымта соққыларының тым тегеурінділігінен байқалуда. Әуелі дрондарын қаптатып, ебірей елі оларды «қағып түсіріп» әуреленіп жатқанда, баллистикалық ракеталарын ыңырантып, соңынан гипердыбысты ракеталарын зыңырантып, одан соң 116 мемлекетте қолдануға тыйым салынған кассеталық бомбаларын (түскен кезде әлденеше бөліктерге бөлініп, аса үлкен ауқымда залал жасайтын қатерлі қару түрі) тастап, Американың «ерке баласын» есеңгіретіп-ақ тастады!
Осы уақытқа шейін адамзат Израиль мен Америка бірігіп жасаған «железный куполды» теңдессіз, бұрын-соңды болмаған, бұдан кейін де болмайтын құрыш сауыт – бұзылмас қамал санап келген. Бірақ, міне, Иранның оқсүңгілері ол аңыздың күлін көкке ұшырғанына күллі адамзат куә болуда. Бұрын Израильдің жоғарғы дәлдіктегі «точечный ударларына» тәнті болып келсек, қазір Иран соққылары да қарсыласының ең үлкен қару-жарақ зауытын, ең басты соғыс-зерттеу орталығын, Бен-Гурион әуежайын, т.б. маңызды нысандарын жойып жібергені туралы мағлұматтар кең тарап жатыр. Өздерінің «мәңгілік ашық аспанының» пердесі дар-дар жыртылғанын көрген соң, ел ішінде дүрбелең басталып, көпшілік жан-жаққа бас сауғалап қашуда. Әуежайлары істен шыққасын, жұртшылық Иордания әуежайлары арқылы сыртқа жөңкілуде. Біз «Иранның әуе шабуылдарынан үш адам өлді, сегіз адам жараланды» деген ақпараттарға сеніп жүрсек, әлдеқашан мыңдаған адам саптан шығып, ауруханалар лықа толып кеткенін енді біліп отырмыз…
Соғыс – адамның соңғы сөзін айтқызатын сұмдық. Мұндай кезде пенде шыңғырып тұрып шынын айтады. Маған Тель-Авивтегі екі ебірей бойжеткенінің жандауыстары қатты әсер етті. Бірі алғашқы бомбалаудан соң: «Иран, есіңді жый! Адамзатқа бұлай өмір сүруге болмайды. Адам өмірге өмір сүру үшін келеді…» – десе, екіншісі соңғы ірен-тозаңдар кезінде: «Иран, тоқта! Менің өмір сүргім келеді!» деп жанұшырды! Әттең, бұлар өз мемлекеті айналасындағы Палестина, Ливан, Ливия, Сирия, Ирак, Йемен, т.б. сынды мұсылман елдерін қаншама жылдар бойына қынадай қырып, шиеттей сәбилерін шыбындай өлтіріп жатқанда ышқынулары керек-ақ еді. Сонда ғана осынау жанайқайлар әділетті де шынайы естілер еді. Тағы бір таңғалғаным – бұлар сонда бұл соғысты да Израиль бастағанын білмей ме?.. Ебірей қыздары сықылды, мұсылмандардың бойжеткендері мен сәбилерінің де бейбіт өмір сүруге хақысы бар екенін де енді дәлелдеп жатуымыз қажет пе өзі?!.
Қош, сонымен, бүгін (сонау 41-дің қанды жексенбісіне ұқсап кетіп тұрғанын қарашы!) АҚШ Иранның ядролық нысандары саналатын үш нүкте – Фордо, Натанз, Исфаһанға ауыр бомбалар тастады. Олары жер астына 65 метр сүңгіп барып жарылады-мыс. Бомбалаудан соң, алдында ғана осы операцияны екі аптадан кейін ойланып барып бастайтынын айтқан, бірақ жаушы-жалам бүгін бастап кеткен тәкаппар Трамп күллі ғаламды бір өзі бар да қылып, жоқ та қылып жіберетіндей, тым асқақ кейіппен сайтанмүйіз кепкісінің астында тұрып, жайбарақтана сөйледі: «Біз мақсатымызға жеттік. Иранның барлық ядролық нысандарын майқандап тастадық. Енді олардың толық капитуляциядан басқа жолы жоқ!» – деді.
Десе де, оған «майқандала» қойған Иран көрінбейді. Іле оның да ресми билігі: «Бұл шабуылдың боларын біліп, алдын ала қапысыз дайындалғандарын, аталмыш нысандарды әлдеқашан эвакуациялап тастағандарын, демек дұшпан қымбат бомбаларын (шабуылдаған В‑2 бомбалаушы ұшақтарының әрбірінің өзі 2 млрд доллар тұрады!) құр далаға төккендерін, енді Иран Американың әскери-теңіз флоттарына және соғыс базаларына ымырасыз соққылар жасайтындарын, уран байыту бағдарламасын одан әрі дамытатындарын, соғысты өздері аяқтайтынын» айтып, ызбарлы мәлімдеме жасады. Сөйтіп құмырадан шығып кеткен жындай әлемдік соғыс ылаңы ушыққан үстіне ұшқындап барады. «Отқа түсесің, кейін қайт!» дегенді тыңдайтын «жынды балалар» көрінбейді. Алдында «Израильдің өзі-ақ Иранның күлін көкке ұшырар» деп есекдәме болған АҚШ 78 жыл дайындаған «палуаны» қарсыласына шарғасы жетпей, мұрнынан қан саулап жылап қалғанын көрген соң, бұл майданға өзі араласпасына амалы қалмады. Бүгінгі тосын шабуылдың сыры осында.
Бұл шабуылының да нәтижесіз болғанына һәм қарсыластың қарсы соққыларына долданған «үлкен жынды бала» АҚШ енді суық қару – атом бомбасына қол салуы әбден мүмкін! Ал Пәкістан кеше ғана: «Америка Иранға атом бомбасын тастаса, өзінің Израильге атом қаруын жұмсайтынын» мәлімдеді! Осы алас-күлесте Қытай Тайваньды тапап тастаса да, менен көрмеңіз…
«Екіталай болғанда, аздың көті қылпылдар» шаққа жетіппіз. Мынау ғаламдық қаншомды шайқастан қалай аман шығамыз деп қайғы етпей отырған ел де, жан да жоқ. Соғыс бізден таяқ тастам жерде – теңіздің арғы бетінде өтуде. Әзір залал салмаса да, әлден Маңғыстау өлкесіне дрондар түсуде. Ал Ирандағы 10 000-ға жуық қазақтың тағдыры не болады деген үрей де бойды кеулеп барады. Өйткені олар мекендейтін Гүлстан аймағына да бомбалар түсе бастағаны туралы суық хабарлар жетуде. Сондықтан Қазақстан билігі шұғыл шешім қабылдап, қандастарымызды Отанға кіргізіп алудың қамына кірісуі керек. Бұл – көптің тілеуі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», АҚШ жаман қаруды қолдана қалса, бағымыз да, тағымыз да шайқалып кетуі әбден мүмкін екенін бір сәтке де естен шығармауға тиіспіз…
Ғаламдағы соңғы саяси ахуалдар қасиетті кітаптарда жазылған 1‑ақырзаман, яки Кіші Қияметтің орнағанын анық байқатуда. Бұл – адамзаттың бұрынғы таптаурын жолмен, жаттаурын қағидалармен жүре алмайтынының айқын нышаны. Не де болса, иә бар, иә жоқ – бір жағына шығуға бағыт алдық. Осындай тағдыршешті кезеңде ылаңды пиғылдардан арылып, Ақиқатқа нанып, Хаққа жалбарынып – біржүректілікке жетейік! Басқа жол жоқ – өле қалам десең де! Өйткені ұзамай «Жер» атты қасиетті Кәрі Шаңырақтың шын иесі келеді. Ол өзі жоқта үйін әлімсақтағы уәде бойынша Бейіштің бақшасына айналдырудың орнына, тозақтың төріне айналдырып жіберген «жынды балаларды» Тәңірдің қаһар сипатымен жазалай ма, әлде мейірім сипатымен тазалай ма – ол оның өз шаруасы. Ал біз мейірімнен үміт етеміз. Демек, соған лайық болуға ұмтылайық та!.. Айт-Ман НҰРЖАН