Соңғы бір жылда Қазақстанның бизнес кеңістігінде бұрын-соңды болмаған үрдіс байқалуда. 35 жастағы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп қысқа уақыт ішінде ел экономикасындағы бірқатар стратегиялық активтерді сатып алып, ірі мәмілелердің басты фигурасына айналды.
Оның соңғы әрі ең көп талқыланған қадамы – ERG-дегі үлесті сатып алу жөніндегі келісім. Бұған дейін ол «Алтыналмас» компаниясын иеленіп үлгерді. Қазір нарықта «Қазцинкке» қатысты келіссөздер жүріп жатқаны туралы ақпарат тарауда. Осы мәмілелерден кейін Шахмұрат Мүтәліп Қазақстанның ең бай адамдарының қатарына еніп, Forbes рейтингісінде 22-орынға шықты.
Бірнеше жылдың ішінде емес, бірнеше айдың ішінде мұндай қаржылық серпіліс қалай мүмкін болды? Қазақстан экономикасының маңызды секторлары бір адамның немесе бір топтың қолына шоғырлануы нені білдіреді? Бұл еркін нарықтың нәтижесі ме, әлде билік пен капитал арасындағы жаңа келісімдердің көрінісі ме?
Тәуелсіз Қазақстан тарихында біз бірнеше буын олигархтардың пайда болып, кейін ықпалынан айырылғанын көрдік. Бірақ олигархтардың жиі ауысуы экономикаға қалай әсер етеді? Инвесторлар үшін бұл қандай сигнал? Меншік құқығының тұрақтылығы сақтала ма? Әлде бұл елдегі экономикалық ресурстардың кезекті қайта бөлінуінің белгісі ме?
Бұл процестердің артында қандай саяси және қаржылық күштер тұруы мүмкін? Қазақстанда жаңа экономикалық элита қалыптасып жатыр ма? Оның мемлекетпен қарым-қатынасы қандай болады?
Осы және өзге де күрделі сұрақтарға жауап іздеу үшін, «Ұлысмедианың» бас редакторы Самал Ибраева талқылау өткізді. Оған қатысқан журналист әрі сарапшы Мөлдір Бақыт пен қаржы нарығының маманы Бауыржан Мұқанов тәуелсіз ойларын айтып, соңғы жылдардағы саяси-экономикалық өзгерістерге шолу жасады. Әріптесіміздің сұрақтарына жауап бере отырып, қос сарапшы – тек жеке кәсіпкер емес, Қазақстан экономикасының болашағы, стратегиялық активтердің тағдыры және елдегі капиталдың жаңа архитектурасы туралы өз ойларын білдірді.
Сарапшы Мөлдір Бақыттың айтуынша, еліміздің олигополиясында үлкен тектоникалық өзгерістер болып жатыр. Өкінішке қарай, біздің қоғам түкке тұрмайтын шулы оқиғалардың аясында маңызды оқиғаларды жіберіп алады. Қазіргі кезде бұрынғы олигархтардың орнын жаңа адамдар басып жатыр. Бұл үдерістің өте жай, сонымен бірге ың-шыңсыз өтіп жатқаны жұртшылықты таңқалдырады. Мысалы, Тұрсын Алагөзовтың «Цесна Астықты» алуы. Оған 40 жыл бойы иелік етіп, оны баласындай мәпелеген Әділбек Жақсыбеков үлкен компанияны қалай ғана бір күнде және қаншаға бере салды?!
Сол сияқты тау-кен саласындағы үлкен өзгеріс – Шахмұрат Мүтәліптің ERG-дің ең ірі акционерінің бірі атануы, мұны 1,4 млрд долларға сатып алады деген сыбыс тарады, бірақ ресми айтылған жоқ. Ол бұдан бұрын «Алтыналмасты» 100 пайыз алды. Сондай-ақ «Қазцинкке» байланысты келіссөздер жүргізіп жатқаны айтылуда.
Жалпы, Шахмұрат Мүтәліп кім? Ол 2020 жылы «Интегра» компаниясына директор болып келеді де, 2023 жылы құрылтайшы атанады.
«Интегра» – ҚТЖ-ның тендерлері негізінде үлкен инфрақұрылымдар, теміржолдар салып, мемлекеттен қаржы алып отырған компания. Қалай дегенде де, ол тау-кен саласында ірі олигархқа айналып келе жатқаны анық байқалады. Бірақ кейбір сарапшылар Шахмұрат Мүтәліп өткінші адам деген пікір айтады. Мысалы, «Алтыналмас» бұрын Тимур Құлыбаевтың иелігінде болған. 2017 жылы ол оны басқа біреуге сатты немесе басқаруға берді десек те, бәрібір бұл кен орнының бұрынғы қожайыны жай және осал адам емес. ERG де солай. Ол қанша жыл мемлекеттен қаржы алғанмен, өндірісті дамытуға инвестиция салмаған, қирап жатқан, қарызға батқан компания.
Екінші жағынан, Шухрат Ибрагимов басқарған бұл компания өткен жылы мемлекетке рекордтық деңгейде дивиденд төлеген. Соған қарағанда, жағдай аса мүшкіл де емес, бірақ қоғамға солай түсіндіріліп отыр. Кейбір сарапшылар оны тірілту, аман сақтап қалу үшін, билік Шахмұрат Мүтәліптің «банкрот алдында тұрған» компанияны сатып алуына амалсыз барып отыр деген болжам айтады. Ол келешекте басқа, айталық, қытайлық инвестордың келуіне жағдай жасап жатқан тұлға болуы мүмкін. Оны қанша жерден стратегиялық нысан десек те, «Қазцинктің» де 70 пайызы швейцариялық Glencore үлесінде емес пе!.. Оның үстіне ERG де Люксембургте тіркелген… Бұл екі компания да өздері өндіретін шикізатты Ресейге сатады, кейбір өнімдерді сатып алады. Ал бұл ел – санкцияда. Сондықтан осы құрсауынан шығарып алу үшін, оларды Қазақстанға қайтарып алу қажет дейді. Акционер сол себепті де ауысуы мүмкін.
Сарапшы Бауыржан Мұқанов капиталдың біреуден-біреуге ауысуы – қалыпты жағдай, бірақ ол ашық болуы қажет дейді. Мысалы, Қырықбаевтың бүгінге дейінгі байлығы «Қазақмыстың» жартысын алуға де жетпейді. Әлде ол несие алды ма? Оны да алу оңай емес, кепілзат керек! Оның айтуынша, жаңа бай адамдардың пайда болуы 2022 жылдан басталды. Сол кезде «Форбстағы» ең ықпалды 50 кәсіпкердің 17-сінің орнына жаңа тұлғалар келді. Бұл – нарықтық жол емес, қолмен басқарылатын капиталды қолмен үлестіру. Жаңа Қазақстанда жаңа кәсіпкерлердің бұлай келуі дұрыс емес! Бұл жерде меншікті бөлісудің белгілері бар.
Президент ауысқан сайын олигархтар ауыса берсе – біз бір орында таптап тұра береміз. Қазір түсінікті ойын ережесі жоқ, біреуден-біреуге өткен актив тағы үшінші біреуге өтуі мүмкін. Сондықтан қаржысын өндіріске салмай, қолдан келсе қоныштан басқысы келіп тұрады. Ал егер түсінікті, ұзақмерзімді заң болса, кез келген кәсіпкер қолында бар қаржысын реинвестиция жасауға ұмтылатыны анық.
«Интегра» бұрын кімнің иелігінде еді? Ол – Адилжан Шодиевтің меншігінде болды. 2022 жылы Шодиевке қылмыстық іс қозғалып, 10 жылға сотталып кете жаздады. Сол кезде ол шартты түрде жазаланып, бір жылдан кейін компанияны Шахмұрат Мүтәліпке бере салды. Оның қаншаға, қалай сатылғаны анықталмағанша, нақты дерек көрсетілмегенше, біз осылай «бере салды» деп айтуымызға болады. Осылай ол «Алтыналмастың» да, «Қазцинктің» де иесі болып шыға келді.
ERG-де бұрын Машкевич, Ибрагимов, Шодиев және мемлекеттің үлесі болды. Негізінде ол осы құрылтайшылардың біреуіне, атап айтқанда, Ибрагимовке сатылуы керек еді. Бірақ ең басты мәселе мұнда емес, мәміленің ашықтығында! Шахмұрат Мүтәліп ақшаны қайдан алды және активтерді қаншаға сатып алды?
Бауыржан Мұқановтың айтуынша, мемлекеттің қатысуы бар жерде құпия деген болмауы керек, мемлекет деген – халық. Ал бізде коммерциялық құпия дейді де, бәрін жаба салады. Бұл – бір. Екіншіден, миноритарлық акционерлері бар компанияларда коммерциялық құпия деген болмайды, олай болса, сол шағын акцияға ие акционерлердің құқы бұзылады. Коммерциялық құпия деген тек өзге ешкімнің – мемлекеттің де немесе басқа компаниялардың да қатысы жоқ жеке кәсіпкер немесе тұлғаның арасында ғана болатын дүние. Бізде бәрін соған әкеп байлап қояды, біз соған алданамыз.
Бұл жерде мемлекеттің қатысы болуы мүмкін. Өйткені егер Ибрагимов Шодиевке тиесілі үлесті сатып алса, оның жиынтық үлесі 60 пайыз болатын еді. Сондықтан бір адамды күшейтіп жібермеу үшін де, мемлекет осындай қадамға барған шығар?!
Талқылауға қатысқан сарапшылар неге біздің қоғам осы Шахмұрат Мүтәліпті қолдарына «шам алып» талқылап жатыр, неге Тимур Турлов, Артықбаев немесе басқа біреудің байлығын, кәсібін, табысын әңгіме етпейді деген ойды айтып, мүмкін, ендігі кезекте Артықбаев тұрған шығар десті.
Ең бастысы – сарапшылар «Қазақстандағы жаңа олигархтар: олар кімдер?» деген сұрақ пен олигарх деген сөздің мағынасын, оның қоғамдағы рөлін біраз айқындап берді. Бауыржан Мұқановтың түсіндіруінше, олигарх дегеніміз – мемлекеттік билікке ықпал ететін шағын топтың өкілі. Мемлекет басшылығы тіпті өз билігін олармен ымыраласа отырып жүргізуі мүмкін!
Иә, 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасына дейін біздің елде осылай болды. Бай-бағландар билікпен әбден араласып, оны өз айтқандарына көндіретін жағдайға жетті. Қоғамда олигархия, олигополия үстемдік етті. Бірақ ол қарапайым тұрғындардың, жалпы қоғамның жағдайының жақсаруына қызмет етпеді. Бүкіл ел байлығының 55 пайызын 162-ақ адам немесе ел тұрғындарының 0,001 пайызы иемденіп алды. Халық әбден кедейленді!
Бүгінгі жағдай да аса мәз емес, қызанақтың келісі – 500, еттің бағасы – 5000 теңгеге жетті. Барлық нәрсе қымбат. Қарапайым тұрғындар күнделікті азық-түліктің өзін қатты үнемдей бастады. Осындай жағдайда пайда болып жатқан жаңа олигархтардан елге пайда бар ма? Әйгілі Әйтеке бидің: «Бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін!» – дегеніндей, олар ел экономикасын дамытып, өндірісін өркендетуге, әлеуметтің ахуалын жақсартуға үлестерін қоса ма, жоқ па – міне, басты сұрақ осы!
Сарапшылардың ортақ ойы – қандай кәсіпкер, қандай айлық иесі болса да, олар ең алдымен ел қазынасына тиісті салығын түсіріп, бизнесін ашық жүргізуі тиіс! Кез келген келісімді «коммерциялық құпия» деп жабық жүргізіп, табысты халықтан жасыру – заңнамаға, демократиялық талаптарға, мемлекеттің бүгінгі ұстанымына қайшы!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ