Әрбір ел мен ұлттың елтаңба мен туынан бөлек мақтан тұтатын асыл мұралар бар.Ұлттың рухани келбетін анықтайтын да,оны қуатты ететін де өнер.Және әр ел өзінің өзгешелігімен ерекшеленеді.Ғасырлар өтеді,дәуірлер өзгереді,бірақ халықтың жаны оның мәдениетінде өмір сүреді.Сондықтан өнер әсемдікпен қатар,ұлттың тарихи жадын, дүниетанымын және рухани құндылықтарын сақтайтын мәңгілік тіл болып саналады.Өнері өркендеген елдің рухы да асқақ, мәдениеті дамыған қоғамның болашағы да баянды болады деп атап кеткен бабаларымыз.
Неліктен Қазақ ұлттық өнері ел буынынның жүрегінен орын алып,тарихи тереңдігімен және көпқырлығымен ерекшеленеді?
Бұл сұраққа жауап іздегенде,ең алдымен, өнер мен мәдениетпен танысып,халықтық табиғатқа тоқталу қажет.
Өнер адамның эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймайды,оның ой-өрісін кеңейтеді,жүрегіне ізгілік ұялатады және өмірге деген көзқарасын байытады.Бір ғана күй ғасырлар бойғы тарихты сөзсіз жеткізе алады,бір ғана өлең тұтас дәуірдің тынысын сезіндіреді,ал бір ғана сурет адамның жан дүниесінде терең толғаныс тудыруы мүмкін.Сондықтан өнер сезім мен сананы ұштастыратын ерекше құбылыс деп білуіміз керек.
Қазақ халқының рухани әлемінде өнердің орны айрықша.Домбыраның күмбірі, жыраулардың даналығы, айтыстың шешендігі, халық әндерінің сыршылдығы мен қолөнердің нәзік өрнектері халқымыздың өмір салты мен дүниетанымының көрінісі.
Ұлт рухының үніне айналған аспаппен танысайық. Домбыра – қазақ халқының рухани болмысының ажырамас бөлігі.Шілденің алғашқы жексенбісінде “Ұлттық домбыра күні” аталып өтеді.Халық арасында «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөздің кең таралуы да бекер емес. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір күй ұлттың азаттығы мен арманын үнсіз сөйлеткен рухани шежіре іспетті.Қазақ күй өнерінің биік шыңына көтерілген Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа», «Адай», Дәулеткерей Шығайұлының терең философиялық күйлері,Тәттімбет Қазанғапұлы қалыптастырған шертпе күй дәстүрі, Дина Нұрпейісованың орындаушылық мектебі халқымыздың музыкалық мәдениетінің алтын қазынасы.Күй өнерінің төкпе және шертпе мектептерінің қалыптасуы қазақ музыкасының орындаушылық дәстүрінің байлығын айқын көрсетеді.Бүгінде қазақтың күй өнері ұлттық мәдени мұрамен қатар,әлем жұртшылығы мойындаған рухани құндылықтардың біріне айналып отыр.
Бұл мұра ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде жетіп, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.Сондықтан ұлттық өнерді сақтау – өткенді дәріптеу,болашақтың рухани іргесін нығайту маңызды.
Әдебиет өнерді қалыптастырушы элемент.Көркем шығарма арқылы адам өз дәуірінің тынысын сезінеді.Ұлы ойшылдардың еңбектері оқырманды тек білімге жетелемейді,сонымен бірге ар-ождан,әділдік, мейірім және жауапкершілік туралы терең ойға жетелейді.Сондықтан кітап оқу адамның рухани кемелденуіне бастайтын маңызды жол.Қазақ әдебиеті де ұлт руханиятының сарқылмас қайнар көзі болып саналады.Абай Құнанбайұлының қара сөздері адам болмысы мен білімнің қадірін терең түсіндірсе, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары ар-ождан мен әділет ұғымдарын жаңа қырынан танытты.Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап, ұлт санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты. Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеріп,халқымыздың тарихы мен мәдениетін дүние жүзіне танытқан бірегей туындыға айналды.Осындай мұралар арқылы әдебиет өткенді танытып қана қоймай,әр ұрпақтың рухани дүниесін байытып келеді.
Мәдениет қоғамның өркениеттік деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі.Театрлар, мұражайлар, кітапханалар, концерт залдары мен шығармашылық орталықтар ұлттық сананы қалыптастыратын рухани кеңістіктер.Осындай орындарда өскелең ұрпақ өнердің құдіретін танып,шығармашылық ойлау қабілетін дамытады. Ал шығармашылық ғылыми жаңалықтардың және қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші.Қазақстандағы кәсіби театр өнерінің қалыптасу тарихы да ұлттық мәдениеттің жарқын беттерінің бірі. 1925 жылы Қызылорда қаласында алғашқы қазақ ұлттық кәсіби театрының іргесі қаланып, 1926 жылы оның шымылдығы ресми түрде түрілді. Кейін ел астанасының Алматыға көшірілуіне байланысты театр да жаңа шаһарға қоныс аударып, бүгінгі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының негізіне айналды. Ал 1934 жылы Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры ашылып, ұлттық сахна өнерінің жаңа дәуірі басталды.Бұл мәдени ошақтар тек өнер ордалары емес, халқымыздың рухани дүниесін байытып,ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қасиетті орындар саналады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 37-бабына сәйкес,әрбір азамат тарихи және мәдени мұраны сақтауға, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті.Бұл талап мәдениетті қорғаудың тек мемлекетке ғана емес,бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін көрсетеді.Өйткені мәдени мұра сақталған жерде халықтың тарихи жады мен ұлттық болмысы да сақталады.
Бүгінгі цифрлық дәуір өнерге жаңа мүмкіндіктер ашты.Жас суретшілер, музыканттар, жазушылар мен режиссерлер өз шығармаларын әлемге еркін таныстыра алады. Алайда технология қаншалықты дамыса да, нағыз өнердің басты мақсаты өзгермейді.Мақсаты адамды ойландыру, жүрегіне жол табу және қоғамды ізгілікке бастаудың жанында өрбейді.
Қорытындылай келе, өнер, әдебиет, мәдениет және шығармашылық – ұлттың рухани дамуының төрт алтын тірегі.Экономикалық жетістік мемлекетті байытады, ал мәдениет халықты байытады.Сондықтан өнерді қолдау – талантты ғана емес, тұтас ұлттың рухани болашағын қолдау деген сөз. Өнерге құрмет көрсетілген қоғамда адам рухы биіктейді, ал рухы биік халықтың болашағы әрқашан жарқын болады.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын