АҚОРДАЛЫҚ АҚЫМАҚТЫҚ

Апта аптығы

Жуықта Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Франция азаматы, Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоны (суретте) «Қазақстанның көші-қон заңын бұзды» деп айыптап, 60 мың теңге көлемінде (шамамен 165 АҚШ доллары) айыппұл салған еді.

Бұл екі арада Ақорда өкіметі Қазақстанның туризм әлеуетін көтеру және елдің шетелдегі имиджін көтеру жөнінде бірқатар жиындар өткізіп, қат-қабат құжаттар қабылдап тастады. Бірақ сол әурешіліктің бәрі бір шетелдік журналисті әкімшілік сотқа тартудың нәтижесінде рәсуә болды. Бұл орайда «Фейсбук» қолданушы Аян Қалмұрат былай деп жазады:
Франциядан журналист келеді. «Қазақстанның мұнай саласы туралы елді аралап, фильм түсіремін» деген оған Сыртқы істер министрлігі аккредитация береді. Сосын журналист Ақтауға барып, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы сұxбат алып тұрғанда, полиция келіп, «сізге Алматы мен Астананы ғана түсіруге рұқсат берілген» деп, бөлімшеге алып кетеді. Сот бірнеше сағатта журналисті «елде заңсыз жұмыс істеген» деп танып, айыппұл түріндегі әкімшілік жаза кеседі. Министрлік аккредитация бергенде, «нұрланған Қазақстан, байтақ Астана, берекелі қара алтын» деп басталатын фильм болады деп ойлаған-ау… Айтпақшы, өткенде Оралда да фактчекинг туралы тренингте тегін лекция оқуға келген украиналық журналисті полиция ұстап, айыппұл салып еді ғой. «Сарыарқа төсіндегі» Солтүстік Кореяға қош келдіңіздер, шетелдік әріптестер!».
Осы жазбада «Сарыарқадағы Солтүстік Корея…» деп, Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси ахуалына нақты баға берілген. Бір қызығы – Қазақстан билігі елдің имиген имиджін көтереміз деп, миллиондаған бюджеттік қаржының есебінен «Еуроньюс» арнасына дейін жарнама беріп жатыр. Голливуд пен Болливудтың қатысуымен Қазақстанның шетелдегі кейпін түзететін фильмдер түсіреміз дейді. Ал енді француз журналисі Парижге барып, әлемге әйгілі бір ғана таблоидқа сұхбат беретін болса, әлгі итжегір имиджге арналған миллиардтаған ақша шашылып қалмай ма? Бұны енді ақордалық ақымақтық демегенде, не дейміз?! Бір қолыңмен Қазақстанның тамаша суретін салып отырып, екіншісімен боқ езгеннен не шықты?

Ермурат Бапи

(медиа-проект «DAT» №35 (447) от 4 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн