АРОНҒА РАҚЫМШЫЛЫҚ жасауды бір топ депутат қолдады

  • 2006 жылғы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, соның 15 жылын түрмеде өткізген ақын, әрі диссидент Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсынысты Қазақстан парламенті мәжілісінің сегіз депутаты қолдады. Бұл туралы Orda.kz басылымы хабарлады.

3 қыркүйек күні журналист Махамбет Әбжан Арон Атабектің бұрынғы және қазіргі суретін ұстап, парламент депутаттарына көрсеткенін, тоғыз депутаттың алтауы ақынды танымағанын айтқан. Журналист жариялаған видеода депутаттардың бірі Берік Дүйсембинов мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне «Рақымшылық жасау» туралы заң жобасы түскенін, соны талқылау кезінде Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсыныс білдіргенін айтқан, деп хабарлайды «Азаттық» Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жаңа ғана бізде комитет отырысы болды, комитетке қазір «Рақымшылық жасау туралы» заң кірді. Осы заңды талқылау кезінде [ішкі істер] министрінің орынбасары Арыстанғани [Заппаровқа] «Арон Атабек 15 жылын түрмеге берді. Адам өлсе, жазасын өтеген шығар. «Рақымшылық» деген сөздің өзі осы ғой. Осыны пайдаланып, Арон Атабекті неге босатпайсыздар?» дедім. Ол «саяси көзқарасы үшін отырған адам жоқ» деді. Ресми жауап екенін білесіз ғой. Бірақ мен ескертіп айттым. «Халықтың өкілі болғаннан кейін халықтың сұрағын қойып отырмыз. Сіздер «жоқ» десеңіздер де, халық айтып жатыр. Елді араладық, көңіл-күйін көрдік. Сол кезде саяси сұрақтардың ішінде осы мәселе көтерілді. Министрдің орынбасары осы заңның жұмыс тобында сіздерден ұсыныс түссе, «қарастыруға дайынбыз» деп жауап берді» деді Берік Дүйсембинов журналист Махамбет Әбжанға.

Журналистің Orda.kz сайтында жарық көрген хабарына қарағанда, Дүйсембиновтің ұсынысын жеті депутат қолдаған, тоғызы нақты жауап бермеген, үшеуі қарсы шыққан, қалғаны тілші сауалына жауап бермеген. Дүйсембиновтің ұсынысын қолдаушылар арасында партияластары да болған. Қолдау білдірген жеті депутаттың екеуі осы партиядан. Олар: партия төрағасы Азат Перуашев пен мүшесі Андрей Линник.

Қазақстанның халық партиясынан (бұрынғы коммунистер) сайланған депутаттар Ирина Смирнова мен Ғазиз Құлахметов те ұсынысты қуаттаған. «Нұр Отан» депутаттары арасында Ерлан Саиров пен Берік Әбдіғали Атабекті босату керек деген. Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутат, Әзербайжандар ассоциациясының төрағасы Әбілфиз Хамедов те Атабекке рақымшылық жасау қажет деген.

«Нұр Отанның» өзге мүшелері Айгүл Нұркина, Снежанна Имашева және Нәзила Раззақ рақымшылық жасау бастамасына қарсы шыққан.

ДАТ-ақпарат

ЖЕТІБАЙ ЕРЕУІЛІН сот заңсыз деп таныды

Маңғыстау облысының Қарақия аудандық соты West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп таныды. Бұл туралы 7 қыркүйекте облыстық сот хабарлады. Тамыз айының аяғында аталған компания жұмысшылары жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шыққан еді.

Сотқа ереуілді заңсыз деп тану туралы өтінішті жұмыс беруші тарап түсірген. «Ереуілдің ҚР Еңбек кодексінің талаптарын сақтамай өткізілуіне байланысты және дауды қараудың сотқа дейінгі тәртібі сақталмағандықтан, жұмыс берушінің талабы қанағаттандырылды» делінген облыстық сот хабарламасында. Сот шешімі әлі күшіне енбеген.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн