Қазақстанда ауыз сумен қамту мәселесі ұзақ жылдар бойы ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасының айырмашылығын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып келді. Бір елді мекенде тұрғындар суды үйіндегі краннан пайдаланса, екінші ауылда оны құдықтан тасуға немесе арнайы көлікпен жеткізілуін күтуге тура келді. Инженерлік инфрақұрылымның осындай теңсіздігі халықтың күнделікті тіршілігіне ғана емес, өңірлердің экономикалық дамуына да әсер етті. Сондықтан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін тек коммуналдық қызмет аясында қарастыру жеткіліксіз. Бұл – халықтың денсаулығына, ауылдардың болашағына және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне тікелей қатысты мәселе.
2026 жылдың қаңтарында Үкімет елдегі барлық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманың орындалғанын мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында 90 қала мен 6 087 ауыл сумен жабдықтау қызметтеріне толық қол жеткізген. Бұл нәтижеге жету үшін шамамен 835 миллиард теңге бөлініп, 1 600-ден аса инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған. Оның 132 миллиард теңгесі Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан бағытталды.
Мұндай көлемдегі қаржы мен атқарылған жұмыс елдің коммуналдық инфрақұрылымындағы маңызды өзгерісті көрсетеді. Алайда ресми есептегі толық қамту көрсеткіші әрбір үйге үздіксіз, бірдей қысыммен және бірдей сапада су жеткізіліп отыр дегенді білдіре ме? Негізгі мәселе осы сұрақтан басталады.
Үкімет жариялаған деректерге назар аударсақ, ауылдарды сумен жабдықтаудың бірнеше тәсілі қолданылған. Атап айтқанда, 4 747 ауыл орталықтандырылған жүйеге қосылған, 1 102 елді мекенде суды тазартатын блок-модульдер пайдаланылған. Тағы 219 шағын ауылда тұрғындар жеке ұңғымалар арқылы сумен қамтылса, шалғай орналасқан 19 елді мекенге ауыз су тасымалданып жеткізіледі.
Бұған дейінгі статистика сумен жабдықтау саласындағы ілгерілеудің қаншалықты ауқымды болғанын көрсетеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің 2025 жылғы ақпанда жариялаған мәліметіне сәйкес, 2020 жылы ел халқының 93,8 пайызы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 97,8 пайызға, ал 2024 жылдың қорытындысында 98,9 пайызға жеткен. Сол кезеңде қалалардағы қамту деңгейі 99,4 пайызды, ауылдарда 97,8 пайызды қамтыды.
Дегенмен ауыз су мәселесінің екінші жағы бар. Ол – ондаған жыл бойы пайдаланылып келе жатқан инженерлік желілердің тозуы. 2026 жылғы қаңтарда жарияланған Үкімет дерегі бойынша, елде 9,5 мың шақырымнан аса сумен жабдықтау желісі қайта жаңартылып, кеңейтілген. Соның 1,8 мың шақырымы қалаларға, 7,7 мың шақырымы ауылдық жерлерге тиесілі. Нәтижесінде су құбыры желілерінің тозу деңгейі 38 пайызға дейін төмендеген.
Ауыз судың қолжетімділігі мен сапасының арасындағы айырмашылықты тұрғындардың өтініштерінен де байқауға болады. 2026 жылғы 13 қаңтардағы Үкімет отырысында мемлекеттік органдарға бір жыл ішінде сумен жабдықтау мәселелері бойынша шамамен 70 мың өтініш түскені айтылды. Осыған байланысты әкімдіктерге азаматтардың шағымдары негізінде тексеру жүргізіп, қызметін тиісті деңгейде атқармайтын ұйымдарға қатысты шара қабылдау тапсырылды.
Ауыз сумен қамту саласындағы тағы бір маңызды бағыт – қаржыландырудың тиімділігі. 2026 жылға арналған жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне 128 миллиард теңге қарастырылған. Оның 78 миллиард теңгесі сумен жабдықтауға, 50 миллиард теңгесі су бұру жүйелеріне бағытталуға тиіс.
Қазақстанда су ресурстарының өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеуі де бұл саланың күрделілігін арттырады. Мәселен, Маңғыстау облысында ауыз сумен қамтамасыз ету үшін теңіз суын тұщыландыру технологиялары қолданылады. Үкіметтің 2025 жылғы шілдедегі ақпараты бойынша, Каспий су тұщыту зауытының тәуліктік қуаты 40 мың текше метрге дейін ұлғайтылған, ал Ақтауда тәулігіне 12 мың текше метр су өндіруге арналған тұщыту нысаны салынған.
Жалпы, Қазақстанның барлық елді мекенін ауыз сумен қамту туралы ресми мәлімдеме – инфрақұрылымдық саясаттағы маңызды кезең. Бірақ осы жетістіктің шынайы бағасы алдағы жылдары белгілі болады. Егер жаңа жүйелер тұрақты жұмыс істеп, тозған желілер уақытында ауыстырылып, су сапасы ашық бақыланса, жұмсалған миллиардтаған теңгенің нәтижесін тұрғындар күнделікті өмірінен сезінеді. Ал егер негізгі назар тек есептік көрсеткіштерге аударылса, сумен жабдықтау мәселесі басқа сипатта қайта көтерілуі мүмкін.
Ерік ЕЛЕУСІЗ