Астана қаласының 2030 жылға арналған даму жоспары
Астана қаласы – еліміздің ең ірі урбанистік қалаларының бірі ғана емес, мемлекеттің болашаққа қойған амбицияларының айнасы. Соңғы он жыл бойы Астана халқы жылдам қарқынмен өсіп, 1,5 миллионға дейін жетті. Бұл қаламыздың қолайлылығы мен тартымдылығының көрінісі болып табылады. Дегенмен, мұндай демографиялық өсім қаламыздың инженерлік инфрақұрылымына ауыр жүк түсірді. Халықтың жаппай көші-қонысының қарқынына ілесу қиын. Сол себепті еліміз 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекітіп, халық өсімінен туындайтын ауыртпалықтың алдын алмақшы.
Қалалық мәслихат бекіткен № 351 шешім бойынша Астана келесі бес жылдықтағы бағытын нақтылап, көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл құжатты жай ғана стратегия деп түсіну қате. Бұл – нақты қаржылық есеп пен нақты мерзімге негізделген жүйе. Бұл жоспардың ең негізгі мақсаты – сандық өсім мен сапалы даму.
Жалпы, Астана қаласының бекіткен даму жоспарын үш бағытта қарастыруға болады. Олар – инфрақұрылымдық серпіліс пен жайлы орта, адам капиталы және бәсекеге қабілетті орта.
1‑бағыт: Инфрақұрылымдық серпіліс пен жайлы орта
(Қаланың «инженерлік қаңқасын» нығайту)
Өткеннен сабақ: инфрақұрылымдық қарқын
Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы өте жылдам қарқынмен жүріп, жалпы құрылыс ауданы миллиондаған шаршы метрді құрады. Алайда тұрғын үй құрылысымен салыстырғанда қала үшін маңызы кем емес су, жылу және кәріз жүйелері дәл осындай қарқынмен дамымады десек болады. Соның нәтижесінде 2023–2024 жылдар аралығында осы жүйелерде белгілі бір шектеулер мен ресурстық тапшылықтар байқалды. Сол себепті жаңа даму жоспары ең алдымен осы мәселелерді шешуге бағытталған.
2027 жыл қаржыландырудың ең жоғары шегі (2,1 трлн теңге) ретінде белгіленген. Сондықтан осы уақытта аталмыш салалардың маңызды стратегиялық нысандары, нақтырақ айтсақ, НФС‑4 су станциясы мен КОС‑2 кәріз-тазарту кешені іске қосылуы тиіс. Бұл нысандар қаламыздың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етпек.
Жалпы инфрақұрылымға бөлінетін бес жылдық бюджет көлемі 5,3 трлн теңгені құрайды. Оған қоса 26,3 трлн теңге көлемінде жеке инвестиция тарту көзделген. Яғни, қаланың инфрақұрылымына бөлінген осынша қаражат халық өсімімен қатар дамуға мүмкіндік береді.
Су, жылу және кәріз жүйелері
НФС‑4 су станциясы мен КОС‑2 кәріз-тазарту кешендері ресурстық тапшылық пен жүйелі инфрақұрылым мәселелерін шешеді. Одан бөлек, газдандырылған жылу энергетикасы ресурстарды үнемді пайдалануды және қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар газдандырылған жылу энергетикасы тек қуат көзін үнемдеу мен арттыру ғана емес, экологиялық ахуалды жақсарту деген сөз.
Көлік жүйесіндегі реформа
Қаламыздағы көлік жүйесіне кешенді өзгерістер енгізілмек. Басты мақсат – магистральдарды кеңейтіп, балама бағыттар қалыптастыру. Ең алдымен көлік сақиналарын біріктіріп, аяқтау жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, Әл-Фараби даңғылын Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғау, Ш. Айтматов көшесін айналма жолмен қосу, Тәуелсіздік даңғылы арқылы жаңа көпір салу және Есіл өзені арқылы қосымша өткелдер салу көзделген.
LRT жобасын да болашақ көлік жүйесінің негізі ретінде қарастыруға болады. Жоба іске қосылғаннан кейін қаланың көлік жүйесіне түсетін ауыртпалық азаяды. Бұл жоба автобус маршруттарымен бірігіп, әуежайды, «Нұрлы жол» вокзалын және әкімшілік орталықты байланыстырады.
Полицентрлік даму
Жоспардың ерекше жаңалықтарының бірі – қала орталығы мен шет аймақтардағы теңсіздіктің алдын алу.
Жоспардың маңызды жаңалығы – қала орталығы мен шет аймақтар арасындағы теңсіздікті жою. Қаланың орталық аудандарынан қалып қойған Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарын жаңғыртуға басымдық беріледі. Бұл ескі инфрақұрылымды жаңарту мен редевелопмент жобаларын жандандырады.
2‑бағыт: Адам капиталы
Даму жоспарының басты басымдығы – адамның әл-ауқаты. Бұл шешім елді дамытудағы стратегиялық мәнге ие. Себебі қаланың дамуы тек ғимараттар салумен ғана емес, білімді, дені сау әрі белсенді тұрғындарды қалыптастырумен өлшенеді.
Сапалы білім
Алдағы жылдары жаңа мектептердің салынуы тоқтамайды. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы үш ауысымды оқу мәселесі шешіліп, сапалы білімге мүмкіндік ашылады. Енді елдің назары мектеп санына емес, білімнің сапасына ауысатын болады. Білім беру сапасының негізгі индикаторы PISA көрсеткіштері болмақ. Қала орталығындағы лицейлер мен қала шетіндегі мектептер арасындағы алшақтық қысқартылады. Қаланың барлық мектептеріне STEM бағыттары, робототехника кабинеттері және цифрлық әдістемелер енгізіледі.
Қолжетімді медицина
Жоспар бойынша Астана қаласында көпбейінді балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар мен емханалар салынады. Бұл жерде «дәрігер көрші аулада» деген қағида жұмыс істейтін болады. Яғни, тұрғындар үшін базалық медициналық қызмет алу қолжетімді болуы тиіс. Демек, тұрғындар медициналық көмекке жүгіну үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне бармайды.
Сонымен қатар медицина саласы жоғары технологиялық бағытта дамитын болады. Бұл бағытта елордамыздың басымдығы жоғары. Мысалы, Қазақстандағы JCI халықаралық аккредитациясына ие тоғыз клиниканың жетеуі Астанада орналасқан. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкология орталығы онкологиялық емдеудің инновациялық әдістерін енгізуде жетекші орындардың бірін алады.
Әлеуметтік қолдау
Әлеуметтік саясат атаулы модельге көшеді. Қолдау ең мұқтаж топтарға бағытталып, мүмкіндігі тең қоғам қалыптастыру көзделеді. Бұл – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
3‑бағыт: Бәсекеге қабілетті экономика
Өнеркәсіптік аймақтар
100-ден астам өндірістік жоба № 2 Индустриялық парк аумағында іске асырылады. Бұл қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірістік сектордың үлесін арттырады. Аталған парк «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймағының құрамына кіреді. 2030 жылға қарай қаланың жалпы өңірлік өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 10 %-ды құрайтын болады.
Логистика
233 гектар аумақты құрайтын жаңа логистикалық парк құрылады. Бұл елордамыздың транзиттік әлеуетін нығайтып, тауар айналымын тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Туризм саласы
Қаламыз іскерлік және медициналық туризмге ерекше көңіл бөлмек. Алдағы бес жылда туристік ағынды 2,8 миллион адамға дейін арттыру жоспарланған. Әуежайдың жолаушылар өткізу мүмкіндігі 12 миллион адамға дейін ұлғайтылып, еліміздің туризм саласының жаңа деңгейге көтерілуіне зор мүмкіндік ашады.
Цифрлық экономика
Цифрлық экономиканың негізі ретінде Орталық Азиядағы ең ірі стартаптар технопаркі – Astana Hub қала береді. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы да маңызды рөл атқарады. Мұнда әлемнің 88 елінен шамамен 4,6 мың компания тіркелген.
Болашақтың айнасы
Жалпы түйіндесек, 2030 жылға қарай Астана қаласы инфрақұрылымдық қауіптен арылған, сапалы білімі мен қолжетімді медицинасы бар, өнеркәсіптік және цифрлық орталыққа айналған біртұтас дамыған мегаполистердің біріне айналады.
Алдағы үш жылдағы ауқымды өзгерістер
Алдағы үш жыл «үлкен құрылыс» кезеңі болмақ. Алайда 2028 жылдан кейін қала жаңа сапалық деңгейге көтерілуі ықтимал.
Қорытындылай келе, 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары – Астананың есейгенін көрсететін құжат. Егер жоспарланған жобалар уақытылы іске асса, елорда тек аумағы бойынша ғана емес, өмір сапасы бойынша да өңірдегі ең жарқын әрі дамыған қалалардың біріне айналады.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын