ҚАЖЫГЕЛДИНДІ елге ҚАЙТАРАЙЫҚ!

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи мырзаға

Сіз ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат ретінде сайланған күннен бастап, өзіңізден үлкен үміт күткен едік. Құдайға шүкір, үміт ақталып, осы бір-екі айдың ішінде халықтың көкейінде жүрген бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп отырсыз. Атап айтсақ: Саяси тұтқындар, шетелдегі біздің елден ұрланған халықтың қаржысын қайтару, «Халық» банктің мәселесі, т.б. 

Тағы бір ескертетін мәселе – барлық саладағы дәл бүгінгі күндері ұрланып жатқан, шетелге өзен болып ағып жатқан қаржының шығуын құрықтап, ел бюджетіне бұрсаңыздар, нұр үстіне нұр болар ма еді?!.

Менің сізге хат жолдау себебім – Әкежан Қажыгелдин мәселесі. Сол кісінің ана бір кездегі берген сұхбатында: «Көктем сайын жусан иісін сағынамын», – деп айтқанын естіп, көзіме жас алдым. Бұл адам XXI ғасырдың Бейбарысы емес пе?! Кезінде Сұлтан Бейбарыс та «Көке» деген сөзді естіп, қазақ елін, кең байтақ даласын сағынған болатын.

Мен өз басым және халықтың көпшілігі Әкежан Қажыгелдинді ешқандай кінәсі жоқ, саяси қуғын көрген жазықсыз адам деп есептейміз. Егер кінәсі болса, билік халыққа күні бүгінге дейін неге сот үкімін ашып көрсетпейді? Ұзын құлақтан естігеніміз: «Қазақмыс» компаниясы 2 джипті оның күзетіне пайдалануға беріп, кейін Ким: «Қажыгелдин мені қызмет бабын пайдаланып бопсалады» – деп арыз түсіріп, сол үшін 10 жыл мерзімге сотталған-мыс. Егер рас болса, бұл не масқара, не деген сұмдық! Ол азаматты не сылтаумен соттаса да, негізгі себебі – Әкежанның білімі мен қазақ деп соққан жүрегі, ел алдындағы беделінен билік қорқып, сол үшін елден жазықсыз қудаланған деп білемін.

Ол азаматты елге қайтаратын уақыт келді, тіпті асып кетті. Өзінің білімі мен тәжірибесі арқасында ел экономикасына тигізер пайдасын былай қойғанда, адам ретінде, қазақ ретінде туған жеріне келіп, әке-шешесіне Құран оқып, ел арасында ақыл-кеңесін беріп, өз халқының арасында шалқып жүрсін! Ол Азаматтың сондай еңбегі мен құқығы бар. Қазақстан жерінде нағыз қазақ халқының жаулары күні бүгінге дейін тайраңдап жүр ғой, көріп-біліп отырмыз. Ал елім деген, жерім деген Азаматымыз сыртта жүр. Әлдеқашанғы салтымызбен қазақ халқы өз азаматының қадірін тек өлгенде ғана біліп, ертең көзі кеткен соң, тағы да өтірік жылап-сықтап, «ой бауырымдап» отырамыз ба бұрынғыша? 

Үкімет пен Президент Тоқаевқа айтыңыз осылай. Бұл мәселені шешпей, созбалаңға салып жүргенде, ол Азамат олай-бұлай болып кетсе, обалы онсыз да елге қарар беттері қалмай бара жатқан бұрынғы билік өкілдерінің мойнында қалады. 

Сізден ел сайлаған, халықтың сөзін сөйлейтін, «әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстанымға берік адам ретінде осы мәселені Үкімет алдында көтеріп, көп жылдар жазықсыздан-жазықсыз сыртта қудаланып жүрген асыл Азаматымыздың елге қайтуына ықпал етуіңізді өтінемін!

Құрметпен, Мақсат Ағиеков,

Күршім ауданы, Боран ауылы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн