1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының ғана емес, ел тағдырына алаңдаған талай зиялының жүрегіне жазылмас жара салды. Қаралы күндері алаңдағы өрендерге араша түсе алмағанына күйініп, өзін дәрменсіз сезінген қайсар тұлғалардың бірі – Қасым Қайсенов еді.
Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, жаумен шайқасқан батыр Желтоқсанның зұлматын ауыр қабылдады. Жастардың аяусыз соққыға жығылғанын көрген ол қазақтың намысы тапталғанына қорланды. Соғыс даласында талай қауіпке қарсы тұрған партизан бейбіт күнде өз халқын қорғай алмағанына аһ ұрды.
Желтоқсан оқиғасынан кейін Қасым Қайсенов ақын Қадыр Мырза Әліге телефон шалып, онымен жолыққысы келетінін айтады. Екеуі Жазушылар одағының оңаша бөлмесінде кездесуге уағдаласады. Қадыр ақын кейін сол жүздесудің аса ауыр жағдайда өткенін еске алған.
«Әңгіме басталар-басталмастан ағамыз еңкілдеп жылап жіберді. Неге, не үшін, не болып қалғанын түсінсем бұйырмасын. «Қасеке, сабыр, не болды?» – деп қайта-қайта сұрай бердім», – деп жазады Қадыр Мырза Әлі.
Сонда Қасым Қайсенов алаңда көрген сұмдықты айтып, өксігін баса алмаған.
– Аямады ғой, шырқыратып сабады ғой жастарды! Өз көзіммен көрдім, бәрін де көрдім, бірақ дәрмен жоқ, түк те істей алмадым, – деді батыр.
Ол майдандағы ерлігінің сол сәтте еш көмегі тимегеніне қатты күйінеді.
– Өйткен партизандығым құрысын! Фашистердің өзі қорлай алмап еді, қорлатпап едік, ал бұлар қорлады! – деп жанайқайын жеткізеді.
Қасым Қайсенов мұндай қорлықтың қазақ басынан бұған дейін де өткенін еске алады. Шаяхметов қызметінен түскен кезде халықты кемсітіп, көшедегі қазақтарды ұрып-соққанын айтады. Батырдың жүрегіндегі сол ескі жара Желтоқсанның қанды көрінісімен қайта ашылған еді.
Бір мезет өксігін тоқтатқан Қасым Қайсенов Қадыр ақынға: «Осыны айтайын деп келдім. Ал қош, бауырым!» – дейді де, бөлмеден шығып кетеді. Сол қысқа кездесу батырдың ғана емес, бүтін бір ұлттың ішке бүккен қасіретін аңғартты.
Желтоқсан талай қазақтың жүрегін жаралап, қаншама жастың тағдырына балта шапты. Алайда қатыгез жүйе халықтың рухын да, азаттыққа деген жігерін де сындыра алмады. Қасым Қайсеновтің көз жасы сол күндері қорланған, бірақ еңсесін түсірмеген қазақтың көз жасы еді.