Қазақстан экономикасын әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті азайту және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайту – еліміздің жаңа өнеркәсіптік саясатының негізгі басымдықтары. Бүгінде өңдеу секторын дамыту, өндірістерді технологиялық жаңғырту және индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ететін маңызды бағыттарға айналды.
Қазақстанның өнеркәсіп саласында соңғы жылдары құрылымдық өзгерістер байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елімізде 62,6 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Оның 30,7 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Нәтижесінде өңдеу секторының жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 49,1 пайызға жетіп, тау-кен өндіру саласының 44,3 пайыздық көрсеткішінен жоғары болды. Өңдеу өнеркәсібіндегі нақты өндіріс көлемі бір жылда 7,1 пайыз артты.
Бұл оң үрдіс 2026 жылы да жалғасын тапты. Ресми статистикаға сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 108,6 пайызды қамтыды. Ал жалпы өнеркәсіп өндірісінің индексі 102,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Яғни өңдеу секторы өнеркәсіптің орташа өсу қарқынынан жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің дамуы жекелеген салалардың көрсеткіштерінен де көрінеді. 2025 жылы машина жасау өндірісі 12,6 пайызға, химия өнеркәсібі 10,5 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 13,2 пайызға өсті. Машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру көлемі 27,5 пайызға, ал тамақ өнімдерін өндіру 8,4 пайызға артты. Бұл көрсеткіштер отандық өндірістің әлеуеті кеңейіп, өнеркәсіптің бірнеше бағыты қатар дамып келе жатқанын аңғартады.
Елімізде қабылданған Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың негізін қамтиды. Құжатта 2029 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құнын 31,5 трлн теңгеге жеткізу, өңделген өнім экспортын 36 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту және еңбек өнімділігін арттыру көзделген. Бұл мақсаттарға жету үшін жаңа өндірістер ашумен қатар, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту, технологиялық жабдықтарды жаңарту және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту маңызды.
Жаңа өнеркәсіптік саясаттың басты ерекшелігі – шикізатты өндірумен шектелмей, оны ел ішінде терең өңдеуге басымдық беру. Мәселен, металды дайын бұйымдарға, мұнай-газ шикізатын химиялық өнімдерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғары сапалы дайын тауарларға айналдыру экономикалық тиімділікті арттырады. Мұндай өндірістер қосымша жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне ықпал етеді.
Индустриялық-инновациялық даму да осы саясаттың ажырамас бөлігі. Қазіргі өндірісте автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, цифрлық басқару жүйелері мен энергия үнемдейтін технологияларды енгізу ерекше маңызға ие. Бұл кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттырып, өндірістік шығындарды қысқартуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық инженерлік және технологиялық шешімдерді дамыту қажет.
Өнеркәсіптік жаңғыру инвестициялық белсенділікпен де тығыз байланысты. Үкіметтің 2026 жылғы ақпанда жариялаған мәліметіне сәйкес, 2029 жылға қарай елдің заманауи индустриялық негізін қалыптастыруға бағытталған инвестициялық стратегияның ауқымы 400 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Бұл – экономиканы әртараптандыруға бағытталған кең ауқымды инвестициялық жоспар. Оның нәтижелілігі іске қосылатын өндірістердің тұрақтылығына, технологиялық деңгейіне және экономикалық қайтарымына байланысты болмақ.
Жаңа өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыруда өңірлердің де маңызы зор. Әр аймақтың табиғи ресурстары, өндірістік инфрақұрылымы және еңбек әлеуеті ескеріле отырып, жаңа кәсіпорындарды дамытуға мүмкіндік бар. Атап айтқанда, Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау, металл өңдеу және құрылыс материалдарын өндіру бағыттарының әлеуеті жоғары. Ал Степногорск сияқты өнеркәсіптік қалаларда қолданыстағы өндірістік базаны жаңғырту, шағын және орта кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейту маңызды.
Сонымен қатар индустриялық дамудың табысты болуы білікті кадрларға, қолжетімді қаржыландыруға, тұрақты энергиямен жабдықтауға және заманауи инфрақұрылымға тікелей байланысты. Техникалық мамандар даярлау, кәсіптік білім беру жүйесін өндіріс қажеттіліктеріне бейімдеу және экологиялық талаптарды сақтау да назардан тыс қалмауға тиіс.
Жалпы, 2025 жылғы қорытындылар мен 2026 жылдың 9 айындағы көрсеткіштер Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің экономикалық рөлі артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен негізгі мақсат тек өндіріс көлемін ұлғайту емес, жоғары қосылған құны бар, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын тұрақты индустриялық жүйе қалыптастыру болуға тиіс.
Ерік ЕЛЕУСІЗ