Бүгінде қоғамда жиі айтылып жүрген «Заң мен тәртіп» пен «Адал азамат — Адал еңбек» қағидаттарының мәні туралы Павлодар облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Еркеғали Жанғазы Datnews-қа берген сұхбатында ой бөлісті.
Тәртіп — сыртқы қатаңдық емес, ішкі ар-ұжданның өлшемі
- Еркеғали Жұмабайұлы, қоғамда жиі айтылатын «Заң мен тәртіп» ұғымын сіз қалай түсіндірер едіңіз? Бұл тек құқықтық нормалар жиынтығы ма, әлде рухани-моральдық категория ма?
- «Заң мен тәртіп» дегеніміз — қағазға жазылған құрғақ ереже немесе тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл — әрбір саналы азаматтың ішкі дүниесінің тазалығынан, адами ар-ұжданынан басталатын үлкен мәдениет. Шын мәнінде, кез келген заң сырттан таңылған шектеу емес, ол — қоғамның өзін-өзі қорғайтын қауіпсіздік қалқаны.
Біз өңірлердегі еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен жиі жүздесеміз. Сонда көз жеткізетініміз: қоғамдық тұрақтылық пен әділдік әркімнің өз жұмысына, өз ортасына деген адалдығынан көрініс табады. Егер азамат өз міндетіне салғырт қарап, «маған бәрібір» десе, ол жерде тәртіп те, береке де болмайды. Сондықтан заң мен тәртіптің үстемдік құруы — әрқайсымыздың күнделікті ұстанымымызға тікелей байланысты.
«Адал еңбек» — сыбайлас жемқорлыққа қарсы рухани қалқан
- Қоғамды іштен мүжіген дерттің бірі — жемқорлық пен парасатсыздық. Осы кеселдің тамырына балта шабу үшін сананы қай бағытта өзгертуіміз керек?
- Жемқорлықты тек қатаң жаза қолдану немесе тексеріс арқылы түбегейлі жеңу мүмкін емес. Бұл — тек салдарымен алысу. Ал түпкі себебін жою үшін адамның дүниетанымын, құндылықтар жүйесін өзгертуіміз шарт.
Бұл тұрғыда бізге ата-бабамыздан мирас болған «Адал еңбек» ұғымынан артық рухани қалқан жоқ. Маңдай терімен, адал еңбекпен нан табудың қадірін білетін жан ешқашан өзге түгіл, бүкіл қоғамның ырыздығына қол салып, оңай жолмен байығысы келмейді. «Адал азамат» тұжырымдамасының терең философиясы да осында жатыр. Қоғамда еңбек адамның мәртебесі биіктеп, әрбір табыс пен мансап тек қабілет пен таза еңбек арқылы бағаланғанда ғана кез келген теріс пиғылға тосқауыл қойылады.
«Нөлдік төзімділік»: Ұрпақ тәрбиесі және «ауыл мектебінің» өнегесі
-Қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылықтарға, тұрмыстық бейжайлық пен мәдениетсіздікке деген «нөлдік төзімділік» мәселесі бүгінде өткір тұр. Мұны өскелең ұрпақтың санасына қалай сіңіре аламыз?
- Біз кейде тәрбиенің бастауларын тым алыстан іздейміз. Негізі, бәрі ұлттық тамырымызда, ата-баба салтында жатыр. Кешегі күнге көз жүгіртсек, ауылда үлкеннің алдында әдепсіздік жасау, біреудің хақысына қиянат жасау немесе ортақ мүлікті бүлдіру — үлкен арсыздық саналып, елдің талқысына түсетін. Себебі ол кезде «ауыл болып тәрбиелеу» деген бірегей институт болды. Үлкеннің сөзі пәрменді, атаның көзқарасы тәртіп болатын.
Бүгінгі «нөлдік төзімділік» — сол бағзы қазақы тәрбиенің заманауи көрінісі. Көшедегі вандализм, қоғамдық орындарды ластау, ұсақ бұзақылық немесе жұмыстағы жауапсыздық «маған қатысы жоқ» деген немқұрайдылықтан туындайды. Егер біз ұсақ заңбұзушылықтарға көз жұма қарасақ, ертең елдікке сызат түсетін үлкен қылмыстарға жол ашамыз. Жастардың бойында «бұрыс әрекетке төзбеу» рухы мен азаматтық ұстаным қалыптасуы тиіс.
Қоғамдық сананы жаңғырту және ортақ жауапкершілік
- Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде өңірдегі түйткілдер мен азаматтық белсенділікке көз жүгіртсеңіз, ортақ мақсатқа жету үшін барлық буын бірдей атсалысуы үшін не қажет?
- Елдің болашағы биліктің немесе тек бір ғана құрылымның жұмысына ғана байланысты емес. Бұл — тұтас ұлттың, әрбір отбасының, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қоғамдық кеңес — халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір. Біздің басты мақсатымыз — халықтың көкейіндегі түйінді мәселелерді дөп басып, әділдіктің салтанат құруына ықпал ету.
Руханияты бай, дәстүрін қадірлейтін, заңды мұлтіксіз сақтайтын ортада ғана келешекке сеніммен қарауға болады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидасы ұран күйінде қалмай, әрқайсымыздың жүрегімізден орын тауып, өмірлік ұстанымымызға айналуы тиіс. Ортақ үйімізде тәртіп пен тыныштық болса, елдің дамуы да, ертеңгі бағыты да баянды болады.
- Мазмұнды да терең сұхбатыңыз үшін рахмет!
Айгүл Қалкенқызы, Datnews