Бұдан 15 жылдай бұрын «DAT» газетінде қызмет қылған, сондағы болашағынан үлкен жорналшы болуға деген үміт аңқыған, кейіннен 10 жылдам астам уақыт Abai.kz порталын жүргізіп, жалпақ елге танылған Нұргелді бауырым Әбдіғани хабарласты.
«Аға, парламентті тарқатып тастап, енді неғып жүрсіз?».
«Жатқан… Қол бос… Қос қолда бір күрек жоқ…».
«Бос жатсаңыз, бізге қосылуға қолқа салам, аға! Құрылтай сайлауына орай біз тәуелсіз байқаушылар тобын құрып жатырмыз. Келіңіз! Шама-шарыққа қарай сайлауға бақылау жасау кампаниясын ұйымдастырып көрейік…».
«Тә-ә-әк, жөн екен! Топта сенен басқа кім бар?».
«Дос аға Көшім, Бақытжан Бұқарбай…».
Нұргелді тағы бір үш-төрт жігітті атады. Кейінгі толқын жастар болуы керек, жыға танымадым.
Не керек, «ежелгі гвардиядан» Дос ағам мен өзім ерек сыйлайтын Бақытжан бауыр болған соң, бірер күн ойланып, келісім бердім. Оның үстіне парламенттегі өкілетті билік өкілі деген қызмет аяқталған соң, өзімнің қоғамдық ортама қарай интеграцияланудың икемі келе қалды. Бұдан артық қандай мүмкіндік болуы мүмкін?!
Айтпақшы, бұрынғыдай дон-кихотшылап, жел диірменмен алысып, даңғаза дабырамен жүретін кезден астық, бүгінде ондай қоғамдық орта да тоз-тоз болған. Сондықтан Нұргелдінің ұсынысы «оң жамбасқа» дөп келе қалған сияқты…
Сонымен, кеше «Халық үні» бақылаушылар тобының жұмысын бастап, алғашқы баспасөз мәслихатын өткіздік (фото). Нұргелдінің жастары бұған дейін АЭС және Конституциялық реформа референдумына бақылау жасаған екен. Ал Дос аға бұл азаматтық науқанды сона-а-ау 1998 жылғы сайлаудан бастаған тісқаққан бақылаушы!
Ал мен 2005 жылғы президенттік сайлауда оппозицияның бірегей кандидаты Жармахан Тұяқбай үшін бақылаушылық жасаған «Әділетті Қазақстан» қозғалысы тобында болдым. Ол кез протестік қозғалысқа «ДВК» мен Болат Әбілов бастаған буржуазия өкілдері сайлауға «қалың» қаржы төккен заман еді. Біз сол жылы Қазақстанның 80 пайызға жуық сайлау учаскелерін қамтыдық. Қытайдан тіркемесі бар бір фура видеокамера алдырып (500 мың АҚШ доллары шамасында), бүкіл байқаушы топтарды видео-бақылаумен жарақтандырдық.
Бұның бәрін жіпке тізгендей айтып отырған себебім – қазіргі бақылау топтары тап-таза «жалаңаш» энтузиазммен, ары кетсе, халықаралық ұйымдардың тақыл-тұқыл грантымен жұмыс істейді. Бүкіл сайлау түгілі, бірер қаланы бақылаумен жауып тастаудың өзі қиямет-қайым.
Бірақ қалай болғанда да, қоғам сайлауды бақылау процесіне мейілінше етене араласуы керек. Еркін, ашық, таза сайлау талабын қалыптастыру заңмен ғана емес, азаматтардың саналық жауапкершілігі мен белсенділігі арқасында жүзеге асатын болса, елді демократияландыру үрдісі де соншалықты жедел жүрер еді. Бүгінгі бақылаушы – ертең қоғамға жанашыр белсенді азамат болып қалыптасады.
Өкінішке қарай, 2019 жылғы сайлауда өртең жердегі өскіндей дүркіреп шыққан «Тәуелсіз бақылаушылар» қозғалысы кейіннен салғыртсып кетті. Тіпті ұйысып, тұтасып келе жатқан ұйым кейінгі кезде саяси мүдде пәтерлеріне бөлшектеніп кетті.
Ал «Халық үні» бақылаушылар тобы әлдебір партияның немесе саяси күштердің мүддесін емес, жалпы сайлау үдерісінің тазалығы мен ашықтығын бақылайды. Біздің бақылаушылар үшін Құрылтай сайлауына түсетін жеті партияның бәрі бірдей, ешбіріне бүйрегіміз бұрылмайды. Біздің мүддеміз – тек сайлаудың және дауыс берудің тазалығын бақылау!
Жақын арада өткізілетін бірнеше подкаст барысында біз қоғамдық жұмысымыздың жай-жапсары жөнінде ақпарат беретін боламыз. Егер бақылаушылық тұрғысында ұсыныс-тілектеріңіз болса, осы посттың астына коммент жазып, «Халық үні» тобының республикалық штабына хабарласуға болады.
Сонымен, «Халық үні» байқаушылар тобының қоғамдық-азаматтық жұмысы жалғасуда. Құрылтай сайлауының таза және ашық өтуі үшін, тобымыздың өте белсенді және елге етене танымал мүшесі Дос аға Көшім аумақтардан келген тренерлерді байқаушылыққа оқытуда. Өз кезегінде, байқаушылық дәріс алған тренерлер өңірлердегі оқыту ісін жалғастыруда.
Әрине, шағын ғана және қоғамдық негізде құрылған «Халық үні» бүкіл елдегі сайлау учаскелерін байқаушылармен толық жауып тастай алмайды. Бірақ әділ сайлауға, сайлау арқылы халықтың өзін-өзі басқару үрдісін қалыптастыруға деген ықыласына құлшыныс құяды деп ойлаймын. Билік иерархиясын қалыптастыруға мұрындық болатын мұндай электоралдық науқанға салғырт қарауға болмайды!
Демократиялық әлемде қалыптасқан классикалық тәжірибенің нәтижесінде қоғам мүшелері сайлауды бақылау үрдісі арқылы жергілікті жердегі жаңа саяси лидерлер когортасын жасақтауға ықпал етуі тиіс. Қалай болғанда да, біз халықтық негіздегі билік эшелондарын жасақтауға мүдделі болсақ, сайлауға деген қоғамдық ықыласты ынталандыра білуіміз керек.
Жуықта мен Атырау облысында болып, сайлауға байқаушылық жасауға деген жергілікті азаматтық ерік-жігерді бағамдап көрдім. Әрине, ондағы жұртшылық бәрі бір кісідей сайлауға құлшынып отыр десем, қоғамды «қоралауға» манипуляция жасады деген сөзге қалуым мүмкін. Бірақ елде енді ғана есігін ашатын Құрылтайға деген қызығушылық басым екенін аңдау қиын емес. Осының өзі көңілге үлкен медеу болмақ.
Біздің «Халық үні» тобы үшін бұл электоралдық кампанияда кімнің жеңетіні емес, сайлаудың әділ өтуі әлдеқайда маңызды болмақ.
Ермұрат БАПИ