«Арсыз болмай, атақ жоқ»

Қырт бөлмеде жалғыз өзі. Жұмсақ орындықта шалқайып отыр. Көңілі тоқ адамға ұқсайды. Алдындағы «ақаңнан» жүз грамм құйып тартып жіберді де, темекісін құшырлана сорып, қос танауынан ауылдағы қоржын тамның мұржасынан шыққан түтіндей будақдатты-ай кеп. Сосын қайтадан ой құшағына берілді. Қалаған атақтарымды жолын тауып алдым. Осы жасқа дейін жұмыс істеп оңдырмағаным өзім мен өзімді білетін аз ғана адамдарға аян. Мен тышпаған төбе жоқ. 6-7 ай әжік-күжік жұмыста, 5-6 ай жұмыссыз. Әйтеуір уақытты өткіздік. Тек соңғы жылдары бала күнгі достарымның арқасында ілдалалап келдім. Қара басымның қамын күйттеумен жүрсем де, олар көрмеген болып, білмеген болып, жауырды жаба тоқыды. Бірақ қазір солардан мен оздым. Оларда атақ жоқ, менде атақ көп. Олар үкіметтің жұмысы деп тәтті ұйқысын төрт бөліп, күндіз-түні далақтап жүргенде, мен тыныш ұйықтап, өз шаруамды ыңғайлап, ұпайымды түгендеп жүрдім. Қолында билігі барлармен іздеп барып, таныстым. Адам салып, біреулермен жұғыстым. Өзімді мақтаттым, өтірікті судай сапыртып. Қазір жергілікті биліктің құрметтісімін. Аналар жүр есіктен сығалап… «Астапыралла, астапыралла». Өз ойынан өзі шошып, селк ете қалды. Біреу сезіп қалған жоқ па деп жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Уф! – деп демін бір алды. Аузы көпіріп, талай «концертті» қойып еді-ау көшеде. Тфа-тфа, беті әрмен. Еске алмай-ақ қояйыншы.

Тағы бір жүз грамды тамаққа тастап жіберді де:

– Та-ак, – деп ыңыранып, телефон тұтқасына қол созды. Арақ емес, су ішіп отырғандай.

– Әй-й, Мырқы, қайдасың?

– Ауылдамын, ағасы.

– Жұрт не деп жатыр мен туралы? Біраздан бері хабарласпадың. Айта бер.

– Мына соңғы алған атағы да артықтау. Ол кісінің жәйін білеміз ғой, – деп жатыр.

– Дей берсін. Мен сияқтылардың талайы «Ауданның құрметті азаматы» атанып жүрген жоқ па?!

– Ия десейші, иттің итақайы алып жатыр-ғой…

– Әй, бала не тантып кеттің…

– Кешіріңіз, аузымнан шығып кетті ағасы.

– Аузыңа ие болып жүр демедім бе саған мен.

Мырқы – Қырттың көлеңкесіндей ізіне еріп жүретін інілерінің бірі. Кейде ол осыдан кеңес сұрайды. Өйткені жоғары білімі бар мұның.

– Әй, Мырқы, мен алмаған енді қандай атақ бар?

Ол біраз кідірді. Ойланып жатыр-ау шамасы. Бір кезде ар жақтан:

– Эврика, эврика, – деген дауыс кәндендей шар ете қалды. –Таптым.

– Тапсаң, айта қойшы.

– «Облыстың құрметті ардагері» деген атақ шығыпты. Қызық өзі. Түсініксіздеу…

– Оны уже алып қойғанмын.

– Ойпырмай, аға, не деген бас! Шала оқып бітірген он жылдық біліммен, жұмыс істеп мандытпай-ақ… Соған қалай басыңыз жетті. Біз жүрміз бес жыл оқыған дипломмен. Дым жоқ. Еңбегіміз еш, тұзымыз сор… Аға, маған да бір атақ алып берсеңші!

– Амалын табу керек. Соның арқасында алдық қой бәрін.

– Аға, атақ алатын кезде өмірбаян жазыла ма?

– Жазылады.

– Сізде не диплом, не мамандық жоқ, аттестаттан басқа. Не тұрақтап жұмыс істеген жеріңіз жоқ. Кілең жоқ. Сонда қалай? Менің мүмкіндігім бар екен ғой…

– «Әй, бала, ебін тапқан екі асайды» деген сөз бар қазақта. Болды енді. Былшылдай бермей, айтсаңшы, қандай атақ бар?

– Алып болдыңыз-ғой, аға! Депутат болмасаңыз.

– Ай, жарайсың Мырқымбайым. Давай дайындал. Есіме жақсы салдың. Үгіт-насихат жұмысын жүргізесіңдер. Өзің білетін ауылдық округтан түсемін. Мына жағында қайын жұртым, ана жағында нағашы жұртым. Ортасында өз жұртым… Жігіттерді жина астыртын.

– Аға, ұят емес пе? Әрі-берлі қызмет істеген жоқсыз. Әр жерде майда-шүйдә бірдеңелерді тиіп-қашып, әйтеуір… Бәрі біледі ғой. Білім де жоқ. Жұрт күлмей ме?

– Әй бала, ұят-пұятты қой. Жұрт айтады да қояды. Көріп жүрміз. Ұялған аш қалады. Іске кірісейік. Сосын саған да бір атақ алып беремін. Жолын білемін дедім ғой. Саспа!

– Аға!

– Ау-у-у!

– Мына жанымда тұрған Сиқым айтады. Абай айтыпты дейді…

– Не айтыпты Абайың?

– Абай «Арсыз болмай, атақ жоқ», – депті. Мен атақ алмай-ақ қояйыншы. Ұят екен.

– Өй, Абай айта береді ғой. Ағаң депутат болса, сен де жаман болмайсың. Қапелімде ұятың ұстап қалыпты ғой. Давай, дайындал! Сайлауға түсеміз!

Телефон тұтқасын тарс еткізіп орнына қоя салды.

– Мен бұл ағамды төбеме көтеріп жүрсем, сыры енді белгілі болды, – деп Мырқы Сиқымға аңтарыла қарады.

– «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген осы. Заман солай болып кетті ғой! – деп Сиқым ауыр күрсінді.

Шымкентбай ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ, 

Тараз қаласы

Республиканский еженедельник онлайн