Өзі – сот, өзі – үкімет

Өтегеннің өктемдігіне

тоқтау бола ма?

Бұрынғы Телікөл, қазіргі Ә. Тәжібаев ауылы сырттан қараған адамға тыныш жатқан мамыражай ауыл сияқты көрінгенімен, ішіне барлай қарасаң – әртүрлі дәккі көріп, еңсесін көтере алмай жатқан ауыл. Тұрғындары момын болған соң ба, қиюы қашқан тірліктің басы қосылмағандықтан ба, ауылдың жағдайы көтерілмей келеді. Мұнда жаңалық болуы өте қиын. Оның үстіне 5-6 жыл көлемі болды, Өтеген Әбдіраманов деген жазушы Алматыдан келіп: «Менің әкем Жексенбай Әбдіраманов осы ауылдың іргесін қалап, ауылдың көтерілуіне атсалысқан адам, сол кісіге ауылдан көше беруге тиістісіңдер!» – деп, қоқан-лоққы көрсетіп келеді.

2015 жылы ауыл әкімі Әшір Сайлау деген азамат болатын. Сол кезде Өтеген Әбдіраман келіп: «Мен Алматыдан келіп тұрмын, жазушымын, осы ауылдың тумасымын, көптеген кітаптарым шықты, менің 70 жасқа толған туған күнімді атап өткізіп беріңдер», – деген соң, әкім Сайлау бастап, қалған ел қоштап, ақша жинап, № 214 орта мектепте туған күніне байланысты іс-шара өткіздік. Одан шыққан соң Оқшы Ата мазаратына барып, бір мал сойып Құран оқыттық. Өтеген Әбдіраманов бізге рақмет айтудың орнына: «Мектепке неге осы уақытқа дейін ешкімнің аты берілмеген, осы мектептің атын Досмахан Сұлтановтың атына бересіңдер», – деп жиналыс жасап, шулатып кетті. Жұрт қарсы болды.

2017 жылы ауыл тұрғындарының момын екенін біліп алған Өтеген: «Ә.Тәжібаев ауылының көшесі неге Т.Жұматовқа беріледі? Мен тірі тұрғанда, мұндай бассыздыққа жол бермеймін. Бос көше болатын болса, ол Жексенбай Әбдірамановқа берілуі тиіс!» деп тағы келді. Ауыл тұрғындары тағы да қарсы болып, тасаттықтың үстіне келіп сөйлеген Өтегенді ит қосып қуды. Оған дәлел ретінде сол кезде телефонға түсірілген таспа бар. Сонымен кеткен екен деп, біз жүре бердік.

Сөйтсек, Қызылорда қаласына барып, Т. Жұматовтың баласын тауып алып, оның жағдайы жақсы екенін, кәсіпкер екенін білген Өтеген Әбдіраман Жұматов Талғатқа қоқан-лоққы көрсеткен. «Мен тірі тұрсам, Ә. Тәжібаев ауылындағы Тасболат Жұматовқа берілген көшені алдырып, Жексенбай әкемнің атына бергіземін. Болмаса Астанадан маған екі бөлмелі үй әпересің, әйтпесе қоймаймын» деген. Кәсіпкер Т. Жұматов Қызылорда қаласында тұрады.

Сол екі ортада ауданымызда Оқшы Ата мазаратында имам болып істеп жатқан Қалкөз Өтемұратовтың соңына түсіп, мазаратқа түскен ақшаны жеп қойды деп газетке мақала жазып, Қалкөз Өтемұратовты Оқшы Ата имамдығынан түсірді. Қазір Қалкөз Өтемұратов – Ортақшыл ауылының имамы.

2022 жылы Ә.Тәжібаев ауылына қайтадан келген Өтеген Әбдіраманов Мәдениет үйінде ауыл азаматтарымен жиналыс өткізді. Сол жиналысқа аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Смайылов бастап, Нәйла Палымбетова да еріп келді. Бұл кісілердің мақсаты – Тәжібаев ауылынан Өтегеннің әкесі Жексенбайға көше беру жөнінде үгіт-насихат жүргізу еді. Олардың сөзінің төркінін түсінген ауыл тұрғындары Әділхан Жаханов бастап ауылда бос көше жоқ екенін айтып, қарсы шықты. Сол жиналыстан кейін Әділхан Жахановтың үстінен бастығына арыз түсірген. Әділханды ауыл болып жақтап, араша түсуге тура келді.

2023 жылы қайта келген Өтеген Әбдіраманов пен оның інісі Мақсат аудандық Ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары Ғани деген кісіні ертіп келіп, ауылдық Мәдениет үйінде тағы да жиналыс өткізді. Осы жиналыста: «Өтеген, осы сен біздің ауылға маза бересің бе, жоқ па?!» – деп қарсы шығып, сөз сөйлеген ауыл ардагерлерінің төрағасы Халықберген Тұрсынбетов бастап, ауыл тұрғындары тағы да қарсы шықты. Оған ауыл әкімі Ә. Сәрсенбаевтың шақыруымен келіп, таспаға түсірген жігіттердің кассетасы дәлел.

Осы жиналыс бітісімен 10 күннің көлемінде Халықберген Тұрсынбетовтың үйіне пошта арқылы Өтеген Әбдіраманның қолмен жазған қоқан-лоққы көрсеткен хаты келген. Дәлел ретінде бұл хаттың көшірмесі беріліп отыр (көшірме 15 бет).

Бұл бір ғана Шиелі ауданында болған жағдай. Әйтпесе телеарналардың бірінен Өтеген Әбдіраманның Астана қаласынан 25 шақырым жердегі Қосшы елді мекенінен Нияз Төлеуұлы деген қыпшақтың атынан көше сұрап барып, сол жиналыста таяқ жей жаздап, әрең қашып құтылғаны көрсетілген еді.

Өтеген Әбдіраман деген кісі – өзі сот, өзі үкімет. Себебі жүрген жерін руға бөліп, айқай шығарып, сол арқылы пайда тауып жүрген жағдайлары да кездеседі. Мұны Халықбергенге жазған хатында: «Алғабас ауылынан әкесі Жексенбайға көше сұрап барған Өтегенді ауыл тұрғындары қарсы шығып, қуып шықты» деген сөзі үшін Халықбергенге «абыройыма нұқсан келтірдің, сол үшін 1,5 миллион теңге айыппұл төлейсің» деген сөзінен көруге болады. Сөйте тұрып, Халықбергенге «ойнастан туғансың» деп тіл тигізеді. Осы журналистердің жазатын сөзі ме, журналистер де азғындап кеткен бе?!

Ауыл азаматтары арасына осындай іріткі салып жүрген Өтеген Әбдірамановқа бір тоқтау бола ма? Қашанғы ауылды жік-жікке бөліп, рушылдыққа әкеліп, ағайынды азғыра береді? Ә.Тәжібаев ауылының тұрғындары сіздерден әділдік іздеп, көмек сұрайды.

Убайдулла ОРЫНБАЕВ,

Ә.Тәжібаев ауылдық округінің

Ардагерлер кеңесінің төрағасы

 Айсара ӘБІЛДАЕВА,

 Гауһар БЕГМАН,

 Есенгелді СҰЛТАНМҰРАТОВ,

Қызылорда облысы

Фото: https://osken-onir.kz/

Республиканский еженедельник онлайн