«МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ» ЗАҢ еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін ҚОРҒАУ ҚАЖЕТТІГІНЕН ТУДЫ

Бұл аптада Парламент Мәжілісі қоғам тарапынан біраз дау тудырған «Масс-медиа туралы» заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады. Атап айтқанда, заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына қатысқан бірқатар депутаттар мен сарапшылық қауымдастықтың талабы ескеріліп, баспасөз өкілдерін аккредиттеу мәселесінде Ақпарат министрлігі ұсынған медиа-карта жүйесі заң жобасынан алынып тасталды. Осы заңға қатысты ілеспе заңдар аясында Қазақстанның Қылмыстық, Кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы және басқа да тақырыптар төңірегінде жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжан «Дат» газетіне берген сұхбатында айтып берді.

– Жанарбек мырза, «Масс-медиа туралы» заңды қабылдауға не түрткі болды? Бұған дейінгі «БАҚ туралы заң» бұл жобадан қаншалықты олқы еді?

– «Масс-медиаға» қатысты бұрынғы қолданыстағы заң тәуелсіздік алған жылдары қабылданғаны мәлім. Одан бері қаншама уақыт өтті? 2000-жылдардан бері еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайынан бөлек, тәуелсіз басылымдар мен мемлекеттік ақпарат құралдарының саяси ахуалы да өзгерді. Сондықтан мемлекеттік тіл жағынан болсын, ақпараттық саясат жағынан болсын, қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туды. Нәтижесінде тіптен жаңа заң қабылданды.

Тәуелсіздік дәуірінде дәстүрлі БАҚ-тан бөлек, түрлі медиа-ресурстар қолданысқа еніп, халықаралық қоғамдастықтың ақпарат кеңістігінің алдында үлкен жауапкершілік пайда болды. Бүгінгі таңда Мәжілістегі ең үлкен жұмыстың бірі осы заңды қабылдау болды. Жалпы жиыны 100-ден аса адам жұмыс тобының мүшесі ретінде талқылау процесіне қатысты. Парламенттің қоғамдық палатасының Алматы қаласындағы көшпелі отырысында жаңа заңның жобасы барлық тараптардың қатысуымен ашық талқыланды.

– Дегенмен, бұл заңның жобасын талқылауға елдегі журналистер қауымы кеңінен тартылды деген тұжырымға күдігіміз бар…

– Күдік келтіру – әркімнің өз таңдауы. Ал мен нақты деректер келтірейін. Салыстырмалы кесте негізгі заң жобасы бойынша – 200, ілеспе заң жобасы бойынша 43 қабылданған позициядан тұрады. Заң жобалары бойынша Комитет «Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңы жобасының призмасы арқылы медиасфераның даму тенденциялары» тақырыбында дөңгелек үстел (2023 жылғы 19 маусым), «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау» тақырыбында кеңейтілген Тақырыптық отырыс өткізді (2024 жылғы 28 наурыз), сондай-ақ жұмыс топтарының қызу пікірталасқа толы 34 отырысы мен Комитеттің 2 кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды.

Бұның алдындағы заңда олқылықтар болды деп айта алмаймын. Жалпы заман ағымына қарай бейімделу керектігі – уақыт талабы. Парламентте Комитет төрағасының және жұмыс тобының мүшелерінің қатысуымен ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі ресми өкілі Тереза Риберо ханым бастаған делегациямен де заң жобаларына қатысты келелі талқылау болды. Халықаралық қоғамдастық өкілдері аталған заң жобасына өздерінің қолдауларымен қоса, нақты ұсыныстарын да айтты.

Бұдан бөлек, халықаралық ұйымның өкілдерімен, елшілермен, журналистермен, депутаттармен арнайы осы заң жобаларын талқыладық. Ілеспе заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

– Жаңа заң қабылдау жөніндегі уақыт талабы қоғам тарапынан туды деп айта аламыз ба?

– Бірінші кезекте бұл бастама елдегі реформалық талаптар негізінде туды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және қуатты медианы құруға ерекше назар аударуы тиіс», – деп ерекше атап айтқан болатын. «Масс-медиа туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары ел Президентінің сол тапсырмасына сәйкес мемлекет мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа-саланың даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

– Ендеше жаңа заңда не өзгерді? Әсіресе журналистер қауымына бұл заң не жақсылық әкеледі?

– Негізгі заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейту үшін нақты ұсыныстар көзделген.

Заң жобасы бойынша депутаттар енгізген бірқатар түзетулерге тоқталсам:

– «Баспасөз картасы»; «Бұқаралық ақпарат»; «Діни телебағдарлама»; «Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы Ұлттық баяндама»; «Теле-, радио арнаны есепке қою туралы куәлік» ұғымдарын алып тастау;

– «Журналистің ерекше мәртебесі» және «Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдарын енгізу; «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» және «Масс-медиа мониторингі» ұғымдарын нақтылау;

– Желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді БАҚ түрлерінің бірі болып табылатын «интернет-басылым» бірыңғай ұғымына біріктіру. Бұл ретте интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылады;

– Масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылау;

– Үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретін толықтыру;

– Қосымша құзыреттер беру:

Уәкілетті органға – масс-медиа мониторингін жүзеге асыру жөніндегі;

­– облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдарының;

– Үлгілік қағидаларға сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұрғын үй кешендерінде жеке спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын, кабельдік коммуникацияларды орналастыру жөніндегі талаптарды белгілеу жөніндегі;

– облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының қоғамдық көлікте мемлекеттік теле-радио өнімдерінің трансляциясын қамтамасыз етуі және бақылауы жөніндегі;

– Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу;

– Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радио бағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту;                                            

– Құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша ескіру мерзімін үш жылдан бір жылға дейін қысқарту;

– БАҚ қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде журналистердің Әдеп кодексін әзірлеуді айқындау;

– Балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарды қаржылай қолдау (грант тағайындау);

– Отандық теле-радио арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-радио арналардың теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту;

– «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттелетін онлайн платформаларда ақпаратты орналастыру, тарату жөніндегі қатынастарды реттеу ерекшеліктері туралы норманы енгізу қарастырылған.

Осы орайда жұмыс тобының барлық мүшелеріне, қоғам өкілдеріне, журналистер қауымына заң жобаларын талқылауға және жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Өйткені бұл заң жобасы бірінші кезекте кәсіби журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен ықпалдығын, тиімділігін арттыруға, ақпарат таратуда бәсекелестіктің дұрыс бағытта дамуына, жалпы қоғамдық-саяси өміріміздің тұрақтылығы мен мемлекеттік саясаттың ілгері жылжуына әсер ететіні даусыз.

– Жаңа заң бойынша, дәстүрлі БАҚ немесе интернет-ресурс қандай жағдайда жабылуы мүмкін?

– Бұл жерде нақты «мынандай жағдайда жабылсын» деген норма жоқ. Әрине, тиісті деңгейде мемлекеттің конституциялық құрылымы мен елдің мемлекеттік тәуелсіздігіне тікелей әсер ететін немесе шабуыл жасайтын, Конституцияға нұқсан келтіретін жағдайда ақпарат құралдарына құқықтық баға берілуі керек.Ал нақты осындай жағдайларда жабылады деген сөз жоқ. Қазақстанның тәуелсіздігі мен конституциялық құрылымына қауіп төндіретін ақпарат құралдарына қатысты норма да қоғамда резонанс тудырды.

Бұл «Азаттық» радиосына қатысты жасақталған норма емес. «Азаттық» радиосы – қоғамдағы түйткілдерді жеткізіп, елде өзінің біркелкі жұмысын жасап жүрген ақпарат құралдарының бірі. Қоғамдағы келеңсіздіктерді асыра сілтеп, жалған ақпарат таратып, Қазақстанның жер тұтастығы мен ел тұтастығына кесірін тигізіп жатқан жағдайларды айтамын. Оларға қазіргі таңда ешқандай шектеу жоқ. Өзіңізге мәлім, ақпарат кеңістігімізге әртүрлі деңгейде ықпал етіп отырған түрлі бөтен ниетті дүниелер аз емес. Бұл соларға бағытталған.

– Заң жобасын талқылау барысында қоғамдық ұйымдар тарапынан жиі айтылған қарсылықтың негізгі тақырыбы қандай болды?

– Жұмыс қоғамдық ұйымдардың қатысуымен және олардың пікірін тыңдап, жан-жақты ашық талқылаулар жасау түрінде жүзеге асты. Бірнеше пысықтаудан кейін басым дауыспен мақұлданды. Заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылды.

Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды.

Одан бөлек, үлкен резонанс тудырған мемлекеттік тілге байланысты бөлімі. 2003-жылдарда бізде жалпы ақпарат кеңістігінде ақпарат таратуда мемлекеттік тіл 50/50 деген норма енгізілген. Осыған байланысты 60/40 деген ұсыныс бердік. Бірақ бұл ұсыныс та біздің депутаттардың көңілінен шыққан жоқ. 70/30 болу керек деген оған қарама-қарсы норма ұсынылды. Бұл норма 100 пайыз дауыспен қабылданған болатын. Бірақ Үкімет қорытындысы бойынша, 2025 жылдан бастап теле-радиобағдарламалардың жалпы көлемінің 55%-ы, 2027 жылдан бастап 60%-ы мемлекеттік тілде және отандық өндірісте болуы қажет деп бекітілді. Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов екеуіміз әзірлеген «ЛГБТ-ны насихаттау» туралы түзету де алынып тастады. 

– Бюджеттен қаражат алуы үшін БАҚ-тарға қойылатын талаптар қандай? Ақша желге ұшып, жемқорлық болған жағдайда кім жауап береді?

– Оны қадағалап, әрбір тиын-тебеніне дейін бақылайтын тиісті мемлекеттік органдар бар. Бұл басқа заңдар аясында шешілетін мәселе. Жемқорлықтың болмауына, бөлінген қаражат өз орнымен жұмсалуына және сапалы контент үшін мен де журналист ретінде мүдделімін. Бұл алаңдаушылығыңыз орынды.

– Cұхбатыңызға көп рахмет!

Дина ӘДІЛ,

«DАТ»-тың парламенттік тілшісі

Республиканский еженедельник онлайн