«АҚ ЖОЛДЫ» ЫДЫРАТҚАН «БАС КЕЙІПКЕР»

Ә.Байменовтың ФБ желісінде жүрген сұхбатынан кейін осыны жазуға отырдым. Ол сол кезде айналасында бірге жұмыс жасаған азаматтарды қаралауға көшіпті. А.Сәрсенбаевтың көзі жоқ екен деп, бұлай бөсуге бола ма?

2001 жылы наурызда «Ақ жол» демократиялық партиясы дүниеге келді. Партияның бағдарламасы бірден халықтың қолдауына ие болды. Барлық жерде қарапайым халықтан бастап, зиялы қауым, тіптен билік өкілдеріне дейін партияға жаппай мүшелікке өте бастады. Билік «Ақ жолдың» барлық деңгейде бұқаралық сипат алып бара жатқанынан қатты шошынды.

Тарихқа үңілсек, қай кезде де ішкі күштердің ара салмағын есепке алу жағын ойластыра білмегендіктен, саяси ағымдардың ішкі істерінде қараулық жиі туындап отырған. Бұған себепкер болушылар да – әдетте билікпен сыбайласқан топ. Ондайлар дағдарысты қолдан туындатып, өз ішіндегі ахуалды іштен ірітіп отырған. Бір кездегі «Ақ жол» демпартиясының ыдырауы да ішкі екі ағымның (оңшылдар мен солшылдар) текетіресінен басталды. Биліктің күткені де осы еді. Партия ішіндегі екіге жарылған идеялық түсінбестікті одан сайын ушықтыруға пайдаланды.

Өткенге аздап шегініс жасап, «Ақ жол» партиясының ыдырауы неден және кімнен басталғанына және оның «бас кейіпкерінің» кім болғанына қысқаша шолу жасап көрейік.

2003 жылы А.Сәрсенбаев президентке өз арызын жазып, Ресей Федерациясындағы ҚР-сының елшілігі қызметін тастап, қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатынын мәлімдеді. Сол жылы қараша айында партияның ІІІ съезінде А.Сәрсенбаев «Ақ жол» демпартиясының төрағалығына бірауыздан сайланды. Алтынбектің төрағалыққа келуін Ә.Байменов және оның жақтастары қабылдамады.

Барлығы «Ақ жолдың» 2005 жыл 29 қаңтарда өткен ІV съезінен басталды. Съездің негізгі мақсаты алдағы президент сайлауына ортақ кандидатура шығару болатын. Бүкіл облыстардан «Ақ жол» демпартиясының делегаттары жиналды. Кенет съезд басталған бойда кейбір облыс төрағаларынан құрылған «ынталы топ» (5 адам) жарғы талаптарын бұзып, аяқ астынан съезді жүргізуді өз қолдарына алып, жиынды жүргізе бастады. Әдетте съезд теңтөрағалардың бастауымен ашылатын. Облыстардан келген делегаттардың басым бөлігі съездің бұлай басталуына таңқалысты. Сөйтсек, Әлихан Байменов пен Людмила Жуланова бастаған 20 шақты партия белсендісі саяси бюрода партияның теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік жариялау туралы шешімге келген екен. Олардың көздегені қалай да Ә.Бәйменовты жеке-дара төраға етіп сайлау болды.

Ақтөбеден делегат болып барған, қашан да сергек Ж.Қуанышалин мұның бүлік, жарғы талаптарына қайшы екенін айтып, съездің бұлай ашылуына бірден қарсылығын білдірді. Съезд делегаттарының басым бөлігі Жасаралды қолдап шықты. Бүлікшілдердің жалғыз төраға сайлап алудағы арамза астарын тез түсінген басқа делегаттар сол бойда олардың ТЖМК жоспарын тас-талқан етіп, әлгілерді (облыс төрағаларынан құрылған «ынталы топты») шумен президиумнан кетірді. Бес теңтөраға президиумға қайтарылып, съезді жүргізуді бастады.

Күндізгі 13:00-де басталған съезд ұзақ та ауыр тартыстан соң, заңды бес төрағалардың басшылығымен кешкі сағат 18:30-да аяқталды. Нәтижесінде ортақ бір келісімге келіп, «теңтөрағалар» институты бұрынғысынша сақталынып қалды. Сол күнгі президенттікке үміткер шығару съезін бес теңтөраға жүрігізіп отырды. Съезд А.Сәрсенбаев, Б.Әбілов, О.Жандосов ұсынған құжаттарды бірауыздан мақұлдап шықты.

Қорытындысында съездің ортақ ҚАРАРЫ қабылданып, алдағы президент сайлауында бірге қимылдай отырып, ортақ бір үміткер шығаруға келісті. Съезд президенттікке үміткер ретінде «Ақ жол» демпартиясы төрағасының бірі Ә.Байменовты шығаратын болып шешті. Құжатқа «бес теңтөраға» қолдарын қойды, ішінде Ә.Байменов пен Л.Жуланова да бар.

«Жақсы керісіп отырып келіседі» деген, «біріктік, түсіністікке келдік» деп, облыстардан келген делегаттар аймақтарға жақсы көңіл-күймен тарқасты. Үмітіміз орындалмады. Өкінішке қарай, Байменовшілердің «қап, бәлем» деп тіс қайраған өкпесі іштерінде кетіпті. ІV съезден соң араға апта салмай жатып, Алматыда Ә.Байменовты жақтаушылар жағы өздері қолдарын қойған партияның ІV съезінің шешімдерін мойындамай, ақпанның 13-і күні Орталық кеңес мүшелерінің отырысын қайтадан шақырды.

Аймақтағы Орталық кеңес мүшелері олардың бұл шақырған жиналысын қолдаған жоқ. Мәселен, Ақтөбеден Орталық кеңеске төрт адам мүше болатын, олар: І.Көбенов, Е.Жумин, Н.Сисенбай және Н.Нұрым еді. Соңғы екі азамат Орталық кеңестің қайтадан кезектен тыс съезд шақырмақ ниеттерінің астарында партияны қалай да екіге бөлу екенін бірден байқайды. Жумин Елемес пен Н.Сисенбай екеуі Орталық кеңес отырысына хат жазып: «Қалыптасқан түсінбестікті талқылаймыз деген үмітпен қайта жиын шақыру, керісінше, дауды ушықтыруға әкелуі мүмкін екенін, кеңес отырысына қатысу арқылы қандай болса да бір шешім қабылдауға себепші болғылары келмейтінін, кеңестің отырысына бармайтынын, дауыс беруден қалыс қалатындарын айтып, Орталық кеңестің мүшелері ретінде партия тұтастығын сақтап қалуды жақтайтындар жағында екенін, екіге бөлінуді қолдамайтындықтарын» жеткізді. Олардың ойлағаны – бұл кеңеске бармасақ, сайын кворум болмай, кеңес отырысы өтпейді деп үміттенген еді.

Кейіннен белгілі болғандай, бұл отырысқа басқа да облыстардан Орталық кеңес мүшелерінің бармағаны, ал келмеген Орталық кеңестің мүшелерінің қолдарын (О.Левикова – Шымкент, М.Барсуковский – Павлодар, т.б.) өзгелер қойғаны, олардың орнына басқа біреулер дауыс бергені анықталды. Орталық кеңестің тағы жеті мүшесі: Жылқайдаров А.Р., Рахымбаева Б.М., Сапарбай И., Тәжин Н.Е., Зотин А. және Ақтөбе облысынан Сисенбай Н.Қ. мен Жумин Е.Ж. пленумға барудан бас тартты. Кейіннен белгілі болғандай, аталмыш жиынға Орталық кеңестің 62 мүшесінің тең жартысына жуығы қатыспады. Партияның Орталық бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы Татьяна Черняк Павлодар, Қарағанды облыстық бөлімшелерінің өткізген конференцияларының да шешімдері заңсыз екенін дәлелдеді. Өйткені облыстық кеңестердің отырыстары конференцияны шақыру туралы шешімді қабылдарда, жарғыға сай қажетті «кворумды» жинай алмаған. Сондай-ақ пленум отырысына үш теңтөраға мен кейбір облыстық ұйымдардың партия жетекшілерінің қатыспағанын ескерсек, кворум жоқ, пленум өтпеуге тиіс еді.

Солай бола тұра, кворум болмаса да, олар партияның «Орталық кеңес отырысын» өткізіп, «демократиялық құндылықтар мен партияның ішкі тұтастығын қолдаймыз, алдағы келе жатқан 2005 жылғы ҚР-сы Президентінің сайлауына оппозициялық-демократиялық ағымдар атынан әрекет етуші билікке бірыңғай балама кандидат ұсынумен келісеміз», – деп, кезінде өздері бірауыздан қолдап, қолдарын қойған (бұл құжатта Байменовтың да қолы бар) «Ақ жол» ҚДП-сы 29.01.2005 жылғы «ІV съезінің Қарарын» мойындамай, жарғы баптарын бұрмалап, онда «Партия жетекшілігіндегі кейбір басшылар тобының әркеттері және олар құрған «Әділетті Қазақстан» блогының ісі радикалданып бара жатыр» деген желеумен Астана қаласында кезектен тыс V съезд шақыру керек деген «заңсыз шешімге» барды. Осылай Ә.Байменов пленумда жалған кворум жасап, партияны екіге бөлушінің «басты кейіпкеріне» айналды.

Екінші жақ енді барлық жерде Байменовты қалай да жеке-дара төраға етіп сайлау үшін, кезектен тыс V съезд өткізіп, делегаттар даярлау қамына кірісті. Ә.Бәйменовты қолдаушылар Ақтөбеде де ешқандай бюро және облыстық кеңес шешімдерінсіз аппарат қызметкерлерінің сыртынан конференция өткізуді ұйымдастырды. Облыстық конференция өрескел заң бұзушылықпен өтті, ешқандай кворум болмады. Делегат болып партияға мүше емес адамдар көшеден тартылған жайлар орын алды. Мұның барлығы нақты құжаттар, айғақтармен әшкереленді.

ОК-тің пленумынан кейін 18.02.2005 жылы Ақтөбеде Ә.Бәйменовты жақтаушылар жағы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесуде олар жиналғандарға: «Үш төраға (Болат, Ораз, Алтынбек) жағы қауіпті бағыт алып, істері тым радикалданып барады. Алматыдағы соңғы шақырған пленумға келмегендер партияны ыдыратуға жұмыс жасап жүргендер», – дегенді айтып, Орталық кеңестің 13 ақпан күнгі Алматыдағы төтенше пленумына қатыспаған өз мүшелері жөнінде бір жақты ақпарат таратуға тырысты («Ақтөбе» газеті, 27.02.05). Ал Орталық кеңестің пленумына кейбір азаматтардың неліктен бармағанын жоғарыда айтып кеттік.

Сөйтіп облыстық бөлімше ішіндегі бұл топтың да бір жақты бағыт ұстанғандарын, үш төрағаның (Ораз, Алтынбек, Болат) ұстанымы өзгерген дегенді желеу қылып, оларды партия құрамынан аластатуды, қалай да бөлінуді көздегендері байқалды. Тіптен Ә.Бәйменовтың өзі де бұған дейін: «Партияның ішіндегі әлдекімдердің саяси, идеялық көзқарастарының әртүрлілігі, арамызда алған бағытты басқа бағытқа бұра тартушылықтың бары теңтөрағалар арасындағы алауыздыққа әкелді», – деп, партияны бөлу ниетін әлденеше рет естірткен еді. Оның бұл айтуы үш төрағаны аластатуды көздеген, ешқандай «негізге» сүйенбеген айыптау еді. Сөйтіп партия бірлігін сақтап қаламыз деген үмітіміз орындалмады.

2005 жыл наурыздың 12-сі күні Алматыда Болат, Алтынбек, Оразды қолдаушылар жағы «Ақ жол» демпартиясының жалпыреспубликалық төтенше конференциясына жиналды. Жалпыреспубликалық конференция жарғыға сәйкес барлық шарттардың орындалу аясында өтті. Оған барлық облыстардан және Алматы мен Астана қалаларынан 166 партия мүшесі қатысты. Конференцияға басқа да тәуелсіз қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері шақырылды. Жиналғандар партияның соңғы кездегі ішкі дағдарысына, Ә.Байменов жағының партияның ыдырауына себепкер болып отырғанына алаңдаушылығын білдірді. Конференция барысында Әлихан басқарған топтың астыртын жұмыстар жүргізіп, Астана қаласында партияның V съзін жедел өткізіп жіберудің шараларына кірісіп жатқаны, олардың көздегені екінші қайтара ГКЧП төңкерісін жасау жолымен бұған дейінгі 5 теңтөрағаның орнына бір төраға сайлау және президенттікке тек Ә.Байменовты ұсыну ғана емес, түпкі ойлары қалған 3 теңтөрағаны (Б.Әбілов, О.Жандосов, А.Сәрсенбаев) партияның жетекшілігінен қалай да кетіру екені және жария болды.

Маңғыстау облысында наурыздың 6-сында өткен облыстық конференцияда делегаттар көпшілік дауыспен Ә.Байменов Астанада ұйымдастырып жатқан съезге делегаттар сайламау туралы шешім қабылдады. Жамбыл облысы ешқандай съезд өткізбеу туралы шешім шығарды. Ақтөбеде болған заңсыздықтар мен жарғы баптарының бұрмаланғанын, жергілікті кеңес жиындарының «кворумды толықтай қамтамасыз ете алмағанын» дәлелдейтін құжаттарды Орталықтың тексеру комиссиясы атына жіберді.

Партияның Бас тексеру-бақылау комиссиясының төрайымы Т.Черняк болып жатқан заңсыздықтарды қаншама дәлелдеп бақса да, байменовшілерді сендіре алмады. Сөйтіп Ә.Байменов бастаған топ 29.01.2005 күні «Ақ жол» ҚДП-сының ІV съезінде өздері бірауыздан қолдап қолдарын қойған: «Съезд саяси және қоғам қайраткерлерінің Қазақстанның демократиялық күштерінің Үйлестіру кеңесін құру жөніндегі бастамасын қолдайды. Өзара бәтуаласу негізінде шешімдер қабылдау арқылы «Үйлестіру кеңесі» шеңберіндегі бірлескен жұмыс демократиялық құндылықтарды орнықтыруға негіз болады. Съезд «Үйлестіру кеңесі» президент сайлауы алдындағы бұқаралық қоғамдық-демократиялық қозғалыстардың біріге қимылдауының бастапқы кезеңі болады деп есептейді» деген «Қарарды» мойындамай, айтқандарынан тайқып шығып, жедел түрде (араға 1 ай 15 күн салып) 13 наурыз күні Астанада кезектен тыс V съезд шақырып, «Ақ жол» партиясын екіге жарған қадамға барды.

Кезектен тыс өткен V съезде қарсы жақ Ә.Байменовты төраға сайлап, керісінше, Б.Әбілов, О.Жандосов, А.Сәрсенбайұлы теңтөрағалық құрамынан сырттай шығарылып, оларға: «Партия мүшелігінде қалады және төрағалықтан басқа қалаған басшылық қызметтерін таңдауларына мүмкіндіктері бар» деген жалған шақыру тасталынды. Міне, осының өзі партияны кімнің алып қашып, бөлуге жұмыс жасағанын көрсетті.

Бір нәрсе ақиқат – қандай мақсатты көздесе де, Ә.Байменов шақырған Астанадағы V съезд теңтөрағалықты жойып, партияның түпкілікті бөлінуіне себепші болды. Қарсы топтың бірін пайдалана отырып, іштен іріту – биліктің бұрыннан бар әдеті. Өкіметтің оппозициялық-демократиялық құрылымдарды жою технологиясы осылай іске асты.

Көп ұзамай-ақ, әншейінде мүлт кеткен заңсыздықты желеу етіп, оппозициялық партияларды тіркемеуге тырысатын Әділет министрлігі бұл жолы небір бұрмалаушылықпен өткен олардың съезін заңды деп тауып, жедел түрде «Ақ жол» ҚДП-сын Ә.Байменовтың атына еш кедергісіз тіркеп берді. Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі партия жетекшілерінің арасындағы алауыздыққа теңтөраға Әлихан Байменовты кінәлайтынын ашық айтты. Ол өзінің «Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында: «Басқа кім ұйымдастырады?! Себебі билікпен күресте алдыңғы қатарда тұрған азаматтардың атынан пышақ ұру – ешқандай анализге келмейді, егер ол өзін демократпын деп есептесе. Сондықтан одан сұрау керек: осының бәрін кіммен ұйымдастырып жасады? Қазақстанның демократиялық күштерінің басына қауіп төніп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жабылып, тәуелсіз басылымдар қудаланып жатқанда, неге партияның ішіне осындай іріткі салды?!» – деп, партияны ыдыратқан Ә.Байменов екенін ашық көрсетті (14 ақпан 2005 жыл).

Бір сөзбен айтқанда, халық үміт артқан «Ақ жолдың» түбіне жеткен, оңшылдар мен солшылдар болып екіге жарылуының себепшісі, БАС КЕЙІПКЕРІ – Ә.Байменов. Кейін 1 мандатты иеленіп, ол Мәжіліске депутат болып сайланды. Жасыратыны жоқ, осылай халық үміт артқан партия байменовшілердің кесірінен бұзылып, бұл іру елімізде оппозициялық ағымдардың ұзаққа созылған әлсіреуіне әкелді.

Сөйткен Ә. Байменов араға бірер жыл салып, билікке қайта оралды. 2011 жылы Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы болып шыға келді. Назарбаев алдында ант берді. Оның түбінде билікке оралатынын саясаткерлер болжаған еді. Айтқандары айдай келді. Осылай Байменов басқарған «Ақ жолдың» екі жүзді бет пердесі сыпырылып, олар «билік баррикадасы» жағына өтті.

Жаңа тарихи кезең талап еткен, ерекше күрес тәсілі мен стратегиясы болған, елімізде жаңа эволюциялық реформаларға қозғау салған, бұқараны селт еткізіп соңынан ерте білген, саяси ағымдар арасында жетекші күшке көтерілген «Ақ жол» демпартиясы осылай Байменовтың кесірінен ыдырады. Билік «Ақ жол» демпартиясының бүкілхалықтық қолдауға ие болған алып күшінен қорықты. Осылай Байменов шынайы «Ақ жолды» жерлеп тынды. Мұны Байменов пен биліктің бірлескен саяси арамза сыбайластығы деуге әбден болады.

Нұрлыбай Қошаманұлы,

бұрынғы «Ақ жол» демпартиясының Ақтөбе облыстық бөлімшесінің бас маманы

Республиканский еженедельник онлайн