Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Елде өнеркәсіп саясаты БАР МА, ЖОҚ ПА?

2021 жылы «ҚР Өнеркәсіптік саясаты туралы» заң қабылданды. Заңның негізгі мақсаты – Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету болатын. Бұл отандық өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беруі тиіс еді. Алайда өндірістегі жоғары технологиялық салаларды дамыту мәселесі тек ішінара жұмыс істеп тұрған көрінеді. Қаржыландыру бағытында да шешілмеген мәселе шаш етектен. ҚР Парламенті Мәжілісінде осы тақырып туралы «Үкіметтік сағат» тыңдауы өтті. Жиында Парламенттің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндама жасаған еді. Қоғамдық маңызы жоғары сол баяндаманы қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Қарастырылып отырған күн тәртібі бойынша келесі өзекті мәселелерге тоқталамын. Біріншісі – «ҚР Өнеркәсіптік саясат туралы» заңын тиімді іске асыру мәселесі. 

2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды. Тауарларды өңдеп жасау деңгейін бағалау әдістемесі және басым тауарлардың тізбесі (тізбеде 3808 тауар) бекітілді. Бұл отандық өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беруі тиіс еді.

Алайда істеп тұрған 13-ке жуық (металлургия өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, резеңке және пластмасса бұйымдарын, өзге де металл емес минералдық өнімдерді, металл бұйымдарын, ағаш және тығын бұйымдарын, сабаннан жасалған бұйымдар мен тоқуға арналған материалдарды, қағаз және қағаз өнімдерін, тамақ өнімдерін, сусындар, жиһаз өндіру, полиграфиялық қызмет және жазылған ақпарат тасығыштарды жаңғырту, тағы басқалар) салалық бағыттардың барына қарамастан, жоғары технологиялық салаларды дамыту, машина жасау, химия және фармацевтика төңірегінде жүргізілуде.

Заңмен мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін оңайлату үшін, «бір терезе» қағидаты енгізілді. Бірақ бұл қағидат толыққанды жүзеге асырылмады. Мәселен, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасау функцияларын негізінен шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін, «Қазақинвест» АҚ ішінара орындап жатыр. Бірақ оның барлық мемлекеттік қызметтерді ұсынуға мүмкіндіктері жоқ. 

Ал енді мемлекеттің қолдауына ие болғысы келетін отандық кәсіпкерлік субъектілері, бұрынғыша түрлі органдардың табалдырықтарын аттап, жеке-жеке жүгініп отыр.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін, заңда «Өнеркәсіптің Ұлттық ақпараттық жүйесін» іске қосу көзделген болатын. Сол жүйеде өнеркәсіптік саясаттың ағымдағы жай-күйі, жұмыс нәтижелері және жобалары (өнеркәсіптік саясатты іске асыру, салаларды дамыту туралы статистикалық деректер, өндірістік қызметке байланысты бағыттарды дамыту нәтижелері, іске асырылып жатқан мемлекеттік ынталандыру шаралары, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру туралы және басқа да ақпарат) туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс еді.

Бұл уәкілетті органның (МПС) заңнамалық нормаларды жүзеге асырудағы үлкен кемшілігі болып отыр. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеуді жеделдетіп, беріліп жатқан қызметтердің, қаржыландырудың, өнеркәсіптік сектордағы жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуі қажет.

Екінші мәселе – бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі. Министрліктің деректеріне сәйкес, елімізде 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 587 млрд теңге сомасына 163 жаңа жоба іске асырылған. Бірақ олар әлі толық шамада жұмыс істемеген. Сонымен қатар Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті өнеркәсіп саласындағы 7 Ұлттық даму институтына («Қазиндастри», Өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстанның даму банкі, «Қазтрейд», «Қазақэкспорт», «Даму», «Қазақстан Инвестмент») жобалардың тиімділігі, саны және бөлінген қаражат, бюджетке төленген салықтар, жобаларды іске асырудың шарттары мен мерзімдері, шығарылған өнімнің көлемі мен тауарлардың түрлері, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны туралы ақпарат беру туралы сауал жолдаған еді. Берілген жауаптар талдау мен тиімділіктің төмен екенін көрсетіп отыр.

Тоқталатын болсам, мысалы, «Даму» қоры шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің банктерден алатын несиелерінің пайыздарын төмендетуге субсидия берумен айналысады. Осы мақсаттарға соңғы 3 жылда 1 трлн 461 млрд теңге, оның ішінде жеңілдетілген несиелеуге – 328,4 млрд, кепілдендіруге – 559,5 млрд, субсидиялауға – 573,6 млрд теңге қарастырылған. 

Ал «QazIndustry» қаржыландырылған жобалардың тиімділігі бойынша ақпаратты бермеген. Тек 305 жобаны қаржыландыруға 1 трлн 713 млрд теңге жұмсалғанын көрсеткен. Салықтар, жобаларды пайдалануға беру мерзімі, шығарылған өнім көлемі, құрылған жұмыс орындарының саны бойынша ақпарат көрсетілмеген. 

Сондай-ақ алынған деректерге сәйкес, 2021, 2022, 2023 жылдары 5 даму институты құны 7 трлн теңгені құрайтын (2021 ж. – 2,9 трлн, 2022 ж. – 1,4 трлн, 2023 ж. – 2,6 трлн), оның ішінде республикалық бюджеттен 1,5 трлн теңгеден асатын (2021 ж. – 520 млрд, 2022 ж. – 720 млрд, 2023 ж. – 506 млрд) 1573 жоба жүзеге асқанын көрсеткен.

Жасалған талдау бюджет қаражатының қомақты бөлігіне көбіне ірі компаниялар («Масло-Дел» ЖШС, «Казцинк» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ, «KamaTyresKZ» ЖШС, «KamlitKZ» ЖШС, «HyundaiTrans Kazakhstan» ЖШС, «Баян Сұлу» АҚ, «Asia Trafo» ЖШС) ие болатын үрдісті айқын көрсетті. Олар бұл миллиардтаған қаражатқа өз өндірістерін кеңейткен, орта есеппен санағанда 10–180 ғана жаңа жұмыс орындарын ашқан.

Оған қоса, бұл компаниялардың басым бөлігі бірнеше жыл ішінде мемлекеттік қолдауды бірден бірнеше даму институттарынан алып жатыр. Мысалы, «KamLitKZ» ЖШС (Камлит – коммерциялық техникаға арналған автокомпоненттер өндірісі) соңғы үш жылда тек «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 141,5 млрд теңге алған. Алайда шығарған өнім көлемі туралы ақпарат жоқ. 

Сол сияқты бұрыннан бері жасап келе жатқан «KamaTyresKZ» ЖШС (Кама Тайрс – шиналар шығару) «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 65,7 млрд алса да, шығарылған өнімнің нақты көлемі туралы ақпараты жоқ.

«Маслодел» ЖШС 2021–2023 жылдары әртүрлі қаржы көздерінен («Өнеркәсіпті дамыту қоры» (2021 ж. – 2,5 млрд, 2022 ж. – 547,7 млн), «Даму банкі» (2021 ж. – 13,3 млрд, 2022 ж. – 3,7 млрд, 2023 ж. – 6,7 млрд), «Қазақэкспорт» (2021 ж. – 4,2 млрд, 2023 ж. – 5,0 млрд) 36 млрд теңге алды. Оның ішінде «Қазақэкспорттан» 2021 жылы алынған 4,2 млрд теңге қазандық жабдығын сатып алуға бағытталды, ол осы уақытқа дейін Қазақстанға да келген жоқ.

Тағы бір мысал, «VALTHERM» ЖШС (Валтерм – инженерлік сантехника және жылыту жабдықтарын өндіру) Алматы индустриялық аймағында 2024 жылға дейінгі мерзімде өндірісті іске қосу үшін Өнеркәсіпті дамыту қорынан 1,5 млрд теңге (оның ішінде 850 млн республикалық қаражат) алған. Сонымен қатар ресми дереккөздерде (Алматы индустриялық аймағының сайты) аталған ұйым паспорт бойынша 2019–2021 жылдар аралығында іске қосылуға тиіс екені көрсетілген.

Машина жасау саласына да үлкен қаражат бөлініп жатыр. Соңғы үш жылда бұл бағытқа әртүрлі қаражат көздерінен («Даму банкі», Өнеркәсіптік даму қоры, «Қазақэкспорт») республикалық бюджеттің 285 млрд теңгесі бөлінді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ұсақ тораптық тәсілмен (мелкоузловая сборка) тек 13 мың автомобиль шығарылды, бұл 2023 жылғы шығарылымның жалпы көлемінің 9,7%-ы ғана. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 64%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Мұндай мемлекеттік қолдау кезінде тиімділік әлдеқайда жоғары болуы керек деп санаймыз.

Өнеркәсіпті дамыту қорынан қаражат алған көптеген компаниялар тек көлік пен техниканы (780 жоба немесе 49,5%) сатып алған. Бұл өнеркәсіп саласының дамуымен тікелей байланысты емес.

Оның үстіне, Ұлттық банктің салалық шолу деректеріне сәйкес, 2023 жылдың 4-тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттардың орташа өлшемді жүктемесі небәрі 51,1% болды. Осыған байланысты жаңа жобалар мен бастамаларға жыл сайын қаражат бөлудің орындылығы туралы мәселе туындап отыр. 

Алдымен бар жобаларды іске қосып, нақты нәтижелерін, тиімділігін көрейік. Содан кейін ғана жаңа жобаларды қаржыландыруды жалғастыру керек деп санаймын.

Сондай-ақ өнеркәсіптік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының аса тиімді болмай отырғанына назар аударғым келеді. Оның заңға сәйкес өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын реттеуге және жобаларды іске асыру жөніндегі есептерді тыңдауға құқығы бар. Алайда комиссия бұл өкілеттіктерді толық пайдаланбайды. Сондықтан Үкімет даму институттарының әрқайсысы бойынша аудит жүргізіп, олардың қызметінің тиімділігін қарастыру қажет. Сондай-ақ әрбір қаржыландырылған жоба бойынша талдау жүргізіп, тиімділігін анықтау керек. Мемлекеттік бюджетті пайдаланудың тиімсіздігі үшін уәкілетті органдар мен даму институттарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту қажет. Сонымен қатар жыл сайын бюджетті қайта қарау кезінде әрбір даму институты іске асырылған жобаның нәтижесі туралы толық есеп беруі маңызды.

Үшіншіден, Ұлттық банктің кредиттеудің экономикалық шарттарын бағалауына сәйкес, 2023 жылғы 4-тоқсанда банктік кредиттеу шарттары қолайсыз болған кәсіпорындардың үлесі ұлғайды. Олардың ең көп саны – 17,5%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі (құрылыста – 17,3%, тау-кен өнеркәсібінде – 16,7%, ауыл шаруашылығында – 14,9%, саудада – 14,7%, көлікте және қоймаға қоюда – 14,5%).

Банктер 17–18% несие беретіндіктен, бұл өнеркәсіптің дамуын тежейді. Сондықтан біз жылдық 6–9% деңгейіндегі жеңілдетілген кредиттеу жүйесін құрмайынша, бізде өнеркәсіп пен отандық өндірістің дамуы болмайды.

Осыған байланысты Үкімет:

– LIBOR (Лондон банкаралық ұсыныс ставкасы) принципі бойынша жұмыс істейтін өнеркәсіпке жеңілдетілген несие беру жүйесін құруы керек;

– ірі кәсіпорындарға ғана емес, шағын және орта бизнеске де қолдау көрсету арқылы Қазақстанның даму банкін реформалауы керек есептейміз.

Өнеркәсіп пен өз өндірісімізді дамыту арқылы ғана біз экономикаға үлес қосып қана қоймай, халықтың табыс деңгейін нақты арттыра аламыз.

  •  

Республиканский еженедельник онлайн