АҚОРДАДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Ел президенті Қ.-Ж. Тоқаев 2023 жылғы 19 сәуір күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде былай деген болатын:

– «2019–2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген;

– Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны;

Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады».

Сол мәселеге қатысты менің «Ауыл әкімінің құзыретін кеңейту туралы» ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы О.Бектеновтың атына «e-OTINISH» арқылы жолдаған ұсыныс-хатыма Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков былай деп жауап берді:

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарының өкілдері кірді. Барлығы жұмыс тобының 9 отырысы өткізілді, онда субсидиялау жүйесін жетілдіру тәсілдері талқыланды.

Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқалары дайындалды, олар жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды. 

Түбегейлі реформалаудың барлық ұсынылған нұсқаларын агробизнес өкілдері қолдамады, фермерлер қауымдастығы қолданыстағы субсидиялау жүйесін сақтауды талап етті».

Әрине, агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы үшін қазіргі қолданыстағы субсидиялау жүйесі «оңай ақша жасау» жолында таптырмас мүмкіндік. 

Егер ауыл әкіміне мен ұсынған құзыреттер берілсе, агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы отыз жыл бойы жеп келген «майшелпегінен» айырылады. 

Ойлаңызшы, аз ғана агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығының мүддесі бірінші орында тұруы керек па, әлде 7,5 миллионнан астам ауыл халқының мүддесі маңызды ма?!

Бұл жерде агробизнес өкілдері мен фермерлерге субсидия берілмесін деген сөз жоқ, тек субсидиялау жолын өзертуді ғана айтып отырмын. Нақтылап айтсам, аталған жеке меншік шаруашылық иелері бір ауылға тіркелсін де, сосын ауыл әкіміне субсидиялау туралы өтініш жасап, ауылдық кеңестің мақұлдауымен ғана субсидия алсын.

Сондағы ауылдық округ әкіміне берілсін деп отырған құзыреттер негізінен үшеу:

– өзі жетекшілік ететін ауылдың жерін өзі басқару; 

– аудандық, облыстық және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты өзі басқару және игеру; 

– ауыл тұрғындарына берілетін субсидиялардың, гранттардың және қайтарымсыз несиелер мен төмен өсімді несиелердің кімдерге берілетінін алдын ала өзі белгілеп, ауылдық кеңестің бектуінен өткізіп, жоғарыға ұсыну. 

Сонымен бірге аудан мен облысты республикалық бюджеттен айырып, тек жергілікті бюджетпен қалдыру мәселесін де осы жолы қарастырған дұрыс деп есептеймін.

Сөйтіп, отыз жылға жалғасқан ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАСЫН талқандауымыз керек!

Мемлекет те құдды адам секілді. Ол да ауырады. Қай жерінен ауру белгісі байқалса, сол жерін сол күні емдеу керек. Біздің мемлекеттің екі бүйіріннен жемқорлық деген дерт қысып, меңдетіп тұр. Соның біреуіне Қ.-Ж. Тоқаев жақында дөп басып диагноз қойды – ол «Субсидиялау жүйесіндегі» ақау.

Міне, енді соны емдеудің орайы келіп тұр. Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның жобасына толықтыру енгізіп, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне мен ұсынған үш құзыретті беріп кеп жіберсек, Қазақстан бір бүйірінен отыз жыл бойы қысып келген осы дерттен құлан таза сауығып кеткелі тұр.

 Көрдіңіз бе, сол субсидиялау жүйесін өзгертейік десек, оған анау екі «паразит» – агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы қос қолдарын төбесіне қойып, қарсы шығуда.

Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі дәрменсіздік танытып отыр. Ал Президент әкімшілігі де неге үнсіз қалды?!

Кесіп айтайын, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің құзыретін біз айтқандай етіп кеңейту Үкіметтің қолынан келмейді. Әлихан Смайылов екі мәрте премьер-министр болып отыр, қолын біреу байлап қойған жоқ қой! Ең құрығанда, Мәжіліске келіп түскен осы жолғы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның жобасына қосар еді ғой?! Жоқ, бұл мәселе тек Президент әкімшілігінің араласуымен, Президент деңгейінде ғана шешіледі деп ойлаймын.

Ал Президент әкімшілігінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннен бастап, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Қанат Сейдғапбаровқа дейін санасақ, он тоғыз кісі жұмыс істеп отыр. 

Негізі, Президентіміз жоғарыда диагнозын қойып берген, мемлекетті меңдетіп тұрған дертті ота жасап, сылып тастайтын Ақорданың хирургтері – осы кісілер болуы керек қой. 

  • «Қанды қаңтар» көтерілісі кезінде Президентке жеткізген ақпараттарды «қысқа күнде қырық мәрте» құбылтқанын айтпағанда, Президентті халықпен, ашық пікірлі қоғам белсенділерімен кездестірудің орнына, қайта-қайта аруақтардың басы мен мешітке жүгіртетіндер де; 
  • Қасым-Жомарт Кемелұлының ауызашарының төріне сықиып барып, өздері отырып алатындар да;
  • Қытай журналисінің қоятын сұрақтарын дұрыс қадағаламай, қажы Президентіміздің халал емес тамақты жақсы көретінін әлемге әшкерелетіп қоятындар да;

сөйтіп мемлекетіміздің басшысын жап-жазық жерден сүріндіріп, сөзге қалдыра беретіндер де – осы тұлғалар.

Мен Президент әкімшілігі ұжымының адамдарын үш топқа бөлемін:

Бірінші тобы, Қасым-Жомарт Тоқаевқа әдейі қарсы жұмыс жасап, оны халыққа жеккөрінішті көрсеткісі келетіндер;

Екінші тобы, Қасым-Жомарт Кемелұлына деген ниеттері түзу, пейілдері ақ болғанымен, істің жүйесін білмейтіндер;

Үшіншісі, істің жүйесін білетін, Президент тапсырмаларын өз деңгейінде орындауға ниетті болғанымен, алдыңғы екі топты аттап өте алмайтындар.

Үшінші топтағылардың «асаулары» өзге мекемелерге ысырылып, ауысып кетті.

Амал не, кесерткі пен жылан сияқты арбасқан осы үш топ Президенттің жақсы бастамаларын орта жолда қалдырумен келеді.

Қайта-қайта хат жазып, ол хаттарды әлеуметтік желілер арқылы осы кісілердің бір бөлімімен бөлісіп, шыр-пыр болып жатырмыз. Бір өтінішім ғана Олжас Бектенов пен оның бірінші орынбасары Темір Сүлейменовтың атына тіркелді. Қалғаны орта жолдан Үкімет пен министрліктерге бағытталып, бір-бірімізге доп лақтыру ойынын ойнаудамыз. 

Президент әкімшілігінің бір міндеті – жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдеріне қатысты және өңірлік саясат саласында Президентке есеп беру деп жазулы тұр. Біздің әңгімеміз де дәл осы тақырыпта болып жатқан жоқ па?!

Сонда Президент әкімшілігі Қасым-Жомарт Кемелұлының 19 сәуір күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте бадырайтып тұрып айтқан жоғарыдағы сындарын түзетудің жолдарын қарастырмай, сол күйі қалдырғаны ма?!

Біздің мемлекеттегі реформаның жобасын Президент әкімшілігі емес, тағы да сол агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы секілді өзге бір топ өкілдері бас болып жасап және солардың талабына сай бекітілетін болғаны ма?!

Тіпті Президент әкімшілігі өз миссиясынан айырылып, оның міндетін агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы сияқты саяси күштер әлі тасада тұрып жүргізетін секілді.

Әрине, бұл – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов басында тұрып жасаған «жемқорлық афера»!

Мен Президент әкімшілігін сынау-мінеуден аулақпын, әрине. Тек «Бауыржан Омаровтан бастап, Руслан Желдібайға дейінгі сол он тоғыз тұлғаның ішінде бірде-бір реформатор кеңесші жоқ па?!» деген сұрақтың өзімді қатты мазалайтынын ғана айтқым келеді.

Осындайда есіңе қазақтың «Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздық!» деген кейісті сөзі түседі екен. «Қырық уәзірі» болғанымен, батыл ұсыныс жасар біреуі болмаса, онда президент Қ.-Ж.Тоқаев Ақордада жалғыз деген сөзсіз! 

Иә, Ақордадағы Президенттің жалғыздығы!

Бұны басқаша айтып түсіндіру мүмкін емес!

Мен Президентке мін тақпаймын, қайта оған көмектескім келеді. Бірақ хаттарым Президентті қойып, Президент әкімшілігінің басшыларына жетпей далмын.

Осы проблемаға қатысты тағы бір айтайын дегенім бұқаралық ақпараттық құралдарына қатысты. Дәл осындай маңызды мәселе көтерілгенде, БАҚ неге үнсіз, олар бірден іліп әкетуі керек қой.

Мысалы, БАҚ осы мәселені газеттер мен телеарналарда дүркін-дүркін көтерсе, ауылдағы халық естір еді ғой.

Берік Уәли өзі жүргізетін «Бетпе-бетке» құзырлы министрлік басшыларын шақырып, осы мәселе төңірегінде сұрақтар қоюына болатын еді;

Депутат журналист немесе журналист депутат Мақсат Толықбай мен Ерқанат Көпжасарұлы «Біздің Мақсат» пен ««Ashyq alań» атты саяси ток-шоуларына министрлерді, депутаттарды және агробизнес пен фермерлер қауымдастығы өкілдерінің басын қосып талқыласа, көп сырдың беті ашылар еді.

Амал не, біздің журналистер қауымы Дайрабаевтың соңынан қалмай, әлі далақтап жүр. 

Құдайға шүкір, қасиетінен айналайын «Жас Алаш» газеті назар аударыпты. Жақында Нұрымжан Мауыт ағамыз хабарласып, ауыл әкімінің құзыретін кеңейту мәселесі туралы сұрады. Соңында газетке сұхбат беруімді өтінді. Өкінішке орай, ол кісі «Жас Алаштан» басқа жаққа ауысып кеткен көрінеді. 

Қалған БАҚ өкілдері Президент әкімшілігі секілді тым-тырыс…

Ауыт МҰҚИБЕК, «ДАТ» газетінің тұрақты оқырманы, «Құрмет» орденінің иегері

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн