Бұл өзі баяғыда-ақ пісіп жетілген мәселе еді. Үлкен өкінішке қарай, «күн күркіремегенше, мұжық тәубесіне келмейді» демекші, біздің билік бейбіт күнде әскер қатарында қаншама өлім-жітім болып жатса да, оған жеткілікті назар аудара қоймады. Тек Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза болған қайғылы оқиғадан кейін ғана Мемлекет басшысы армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін айтып, әскерді түбегейлі реформалау жөнінде шұғыл тапсырма берді, әрі бұл – кезек күттірмейтін мәселе екенін ерекше ескертті.
Әскери реформа қалай жүргізілгені дұрыс, жалпы қорғаныс саласын қалай нығайта аламыз? Қайткенде жас жігіттер үшін Отан қорғаушы мамандығы мен міндетті әскери қызмет құрметті де мақтанышты кәсіпке айналады деген сұрақтар төңірегінде кәсіби шекарашы, Ауған соғысының ардагері, кәсірдегі (запастағы) полковник Қабдолла ТЕРГЕНБАЕВ мырзамен сұхбаттастық.
– Қабдолла Ермекбайұлы, Каспийде қаза тапқан сарбаздарымыздың рухы риза болсын, ондайды бұдан былай ешкімнің басына да салмасын. Туған-туыстарының көңіліне келмесін, әр жамандықтың бір жақсылығы болатын болса, өз басым бұл қайғылы ауыр қазаның жақсылығы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскерді реформалау жөнінде шұғыл тапсырма бергені дер едім. Әйтпесе Арқанкерген оқиғасы, Арыста, Байзақта жарылыстар орын алды, адамдар қаза тауып, миллиардтаған шығын болды. Әскердегі әлімжеттік, зорлық-зомбылық, жас сарбаздардың өлімі, өкінішке қарай, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Сонда бүгінгі күнге дейін бұл мәселесінің көтерілмегені қалай? Әншейінде «Тәуелсіз ел атану бар да, оны қорғап тұру бар» дейміз. Әскеріміздің жағдайы осы болса, онда сол ең қастерлі де қасиетті құндылығымызды қалай қорғаймыз?
– Ең алдымен, өзіңіз айтқандай, елін қорғау, жерін қорғау жолында жауапсыздық пен салғырттықтың, тіпті қылмыстық қатынастың салдарынан қаза тапқан сарбаздарымызды Жаратқан иеміз алдарынан жарылқасын! Туған-туыстарына сабыр берсін.
Мен мұны қылмыстық қатынас деп бекер айтып отырған жоқпын, оған толық негіз бар. Президенттің өзі мұны қылмысқа теңеді. Сол себепті де үкіметтік комиссия құрып, бұл саладағы бар былықты тексеруге пәрмен берді. Қайғылы оқиғаның орын алуына жауапты әскери қызметшілер шен-шекпеніне қарамастан қатаң жазасын алатынын ескертті. Әдетте бізде көбіне бірінші басшы жазалана бермейтін, мына оқиғадан кейін Қорғаныс министрі қызметінен алынды. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ ол тек салдардың ғана жауабы, салғырттықтың, жауапсыздықтың, өз міндетіне деген қылмыстық қатынастың ғана жазасы болмақ. Ал оның себебі неде, қалай оған жол берілді, неге бейбіт күнде он гүлінен бір гүлі ашылмаған, арманы асқақ, мұраты биік өрімдей жастар қаза тапты?!
Меніңше, үкіметтік комиссия осыған жауап іздеп, келешекте мұндай сорақылықтардың алдын алатын, тіпті болдырмайтын ұсыныстар дайындауы тиіс. Себебі қазір әскери қызмет барлық азаматтар үшін міндетті шарт емес, соған сүйеніп, көптеген жастар әскер қатарында қызмет етуден қашатыны да жасырын емес. Өйткені әскердің өзінде тәртіп жоқ, әлімжеттік күнделікті әдетке айналған. Зорлық-зомбылықтың салдарынан соңғы жылдары қаншама жас мерт болып, қаншасы өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр! Аңырап қалған аналар мұң-зарын айтып, Ақордаға дейін барды. Сонда да әскерді реформалау мәселесі көтерілмеп еді. Каспийдегі қайғылы оқиға бұған бұдан әрі көнуге болмайтынын қатаң ескертті десек, артық болмас.
Жаңа сіз дұрыс айттыңыз, аза тартып отырған ағайын ренжімесін, егер Президент нақты міндеттегендей, әскерде түбегейлі реформа жүргізіліп, белгілі бір жас аралығында мерзімді әскери қызмет атқару барлық ер азаматтар үшін міндетті шартқа айналатын болса, әскердегі әлімжеттік жойылса, ол – нағыз жігіт болып қалыптасу мектебіне айналса, осы міндетін өтеген жас жігіттерге жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігі берілсе, ал оны өтемеген азаматтар мемлекетік қызметке алынбайтын, өкілетті ұйымдарға сайланбайтын болса, онда бұл қайғылы оқиғаның жақсылығы сол болмақ. Атам қазақ ежелден «қазаның жақсылығы жақын болсын» дейді ғой, сол жақсылықтар жақын болса деп тілейік!
– Әумин, айтқаныңыз келсін! Жаңа сіз мерзімді әскери қызмет барлық ер азаматтар үшін міндетті шартқа айналса деп қалдыңыз, ол үшін бірінші кезекте не істелінуі керек?
– Ол үшін ең алдыменекі жарым ай бұрын ғана сайланып, өз жұмысына кіріскен еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органы – Құрылтай «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қайта қарап, тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуі тиіс. Бұл заңда жастарды бала күнінен Отан қорғауға баулып, денсаулығы зор, рухы күшті, ерік-жігері мықты, «жігітке – жеті өнер де аз» дегендей, бірнеше әскери және азаматтық мамандықты меңгеру жөнінде нормалар белгіленуі керек.
Мысалы, 14 жасқа толып, есепке алынатын әр жасөспірімнің денсаулығы аудандық, қалалық Қорғаныс жөніндегі департамент жанындағы әскери комиссия тарапынан бақылауға алынып, кемінде әр тоқсан сайын бір рет тұрақты түрде тексеріліп тұрғаны жөн. Әйтпесе қазір жылдан-жылға жастардың көпшілігінің денсаулығы әскери қызметке жарамсыз болып бара жатыр.
Екінші, бастапқы әскери дайындық пәні 9‑сыныптан, шамамен 14 жастан бастап, екі сағаттан аптасына кемінде екі рет оқытылуы керек. Осы пән аясында әскери тәртіп және өнерге үйретумен қоса, қазақ халқының тарихы мен батыр бабаларымыздың, соның ішінде әр ауылдан шыққан әйгілі адамдардың ел қорғау жолындағы ерлік істері кеңінен насихатталғаны дұрыс. Бұл бір жағынан Президентіміз ұсынған «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында жастарды кішкентайынан заң талаптарын сақтау және тәртіпті болуға тәрбиелесе, екінші жағынан олардың бойында әскери қызметке деген қызығушылық пен отаншылдық, туған халқына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерінің қалыптасуына септігін тигізеді. Осы пән аясында қыз балаларды тігін тігуге, ас-су дайындауға үйретсе де, артықшылық етпейді. Әйтпесе қазір жастарымыз әскери қызметтен қашатыны, қыз балалар ине, оқтау ұстай алмайтыны да жасырын емес.
Үшіншіден, жалпыға бірдей әскери міндеттілік талабын енгізе отырып, біз Мемлекет басшының әділеттілік турасындағы ұстанымдарының нақты да жүйелі жүзеге асуына жағдай жасаймыз. Әскери қызмет кезінде тәртіпке бағынуды, сардарлар тарапынан жарғы негізінде берілген бұйрықты бұлжытпай орындауды, жоғары басшылық алдындағы жауапкершілікті бойына сіңірген кез келген азамат мемлекеттік қызметте де тәртіп сақтап, белгіленген жоба-жоспарларды мерзімінде орындауға тырысатыны сөзсіз. Осылайша біз қоғамда заң мен тәртіпті сақтау қағидаттарының орнығуына жол ашамыз.
– Ойыңыз дұрыс екен. Ал міндетті әскери қызметтің мерзімі жөнінде не айтар едіңіз? Қазіргі бір жылдық қызмет тым аз емес пе? Меніңше, ол кемінде екі жыл болуы керек және жаңағы сіз айтқан бастапқы әскери дайындық пәні кезінде басталған тәртіп пен өнерге баулу, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін, әскери және азаматтық мамандықтарды үйрену әрі қарай жалғасуы керек!
– Дұрыс айтасыз! Бір жыл аздық етеді. Егер екі жыл болса, оның алғашқы жарты жылында әскери жарғылар, талап-тәртіптер, сапқа тұру, саппен жүру, сардарларға баянат жасау, қарауылға тұру, соғыс және байланыс құралдарын қолдану сияқты әскери міндеттерді меңгерумен қатар кірпіш қалаушы, сылақшы, бояушы, дәнекерші, бетоншы, мұнара-көпір краншысы, тігінші, етікші, слесарь, есепші, қоймашы сияқты басқа да жұмысшы мамандықтарын үйреніп шықса, қалған бір жарым жылда сол үйренген мамандықтары бойынша аптасына 40 сағат ақылы жұмыс істеп, тапқан табысының есебінен өзіне жұмсалған шығынды толық өтеп, қолдарына берілмей, арнайы есепшотта сақталатын қалған соманы қызмет мерзімі аяқталған соң алып қайтатын болады. Еңбекақының мөлшері елдегі орташа еңбекақыдан төмен болмауы керек. Сонда жастар міндетті мерзімді әскери қызметін аяқтаған кезде олардың шотында кем дегенде 5–6 млн теңге ақша тұрады. Бұл олардың әскерден кейінгі өмірін жалғастыруға өздері салған инвестиция қызметін атқарады. Үйленемін, үй саламын, кәсіп ашамын десе – белгілі бір мөлшерде алғашқы капитал дайын тұрады. Егер әскерден келген жасқа үй салу үшін кез келген елді мекенде кезексіз 1000 шаршы метр жер телімі, аз пайызбен 10 млн теңгеге дейін жеңілдікті несие беріліп, жоғары және орта оқу орындарында тегін оқитын болса – тіпті тамаша! Онда жастар міндетті әскери қызметтен қашпай, керісінше, барлығы міндетті мерзімді қызметін атқаруға тырысатын еді. Оның үстіне мұндай амал Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сынаған әлеуметтік масылдықтың алдын алуға да ұнамды әсер етпек.
Бөліп айтқым келетін бір жайт – әскерде барлық іс тек мемлекеттік тілде жүргізіліп, жарғы, бұйрық, өзара қарым-қатынас сол тілде жазылуы, айтылуы, орындалуы міндетті болуы керек. Бұл жерде «тең қолданылатын», «қатар жүретін» ешқандай өзге тіл болмағаны жөн! Бұл бір жағынан мемлекеттік тілдің дамуына соны серпін берсе, екінші жағынан елімізде өмір сүретін өзге этнос өкілдерінің оны еркін меңгеруіне жағдай жасайды. Ал қазақ халқының тарихы мен оның әлемдік өркениетке қосқан үлесін, Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы ұлан ғайыр Ұлы даланы қорғап, бүгінгі және келешек ұрпаққа аманат еткен батыр бабаларымыздың ерлік істері мен елдік мұраттарын, өшпес өнегелі өсиеттерін, адамгершілік қасиеттерін тереңірек оқыту мен үйрету –өз ұлдарымыздың бойында туған жер мен елге, оның тыныштығы мен еркіндігі үшін қан төккен қаһармандарға деген мақтаныш сезімін оятып, рухын көтерсе, өзге этнос өкілдерінде қазақ халқына деген құрмет пен тілектестікті күшейтетіні анық. Бұл сайып келгенде ел бірлігіне, халқымыздың біртұтас бірегейлігіне, сол арқылы айдарынан жел есіп, бүгінгі күні орта державаға айналған Қазақстандағы тұрақтылық пен қарқынды экономикалық дамуға, әлеуметтік кемелденуге мызғымас негіз болады.
Осылайша біз Президент жариялаған «Заң мен тәртіп», «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» сияқты бірнеше бастаманың нақты жүзеге асуына үлес қосамыз. Сондай-ақ әскерде жастарға жұмысшы мамандықтарын үйретіп, оларды автожол, теміржол, порт, өндіріс орындары сияқты құрылыс жұмыстарына тартсақ, еңбек мигранттары арқылы шетелдерге кетіп жатқан миллиардтаған теңге ел ішінде қалып, қазынаға түсетін салықтық төлемдер де артар еді. Ең бастысы – біз жұмыс күшінің жетіспеуін және жастардың жұмыссыз жүруін азайтар едік. Екінші жағынан – бұл халықтың табысын молайтуға, күнкөрісін жақсартуға, сол арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұнамды ықпал етеді.
– Президент әскерді түбегейлі реформалау жөнінде тапсырма берді. Егер Каспийдегі қайғылы оқиға болмағанда, қалай болар еді? 2016 жылы да осы аймақта әскери техника суға батып, дайындықтың дұрыс болмауы, ауа райының қолайсыздығын ескермеу, сайып келгенде тәртіптің жоқтығы, жауапсыздық, салғырттықтың салдарынан адам шығыны орын алды. Арыстағы әскери қойманың жарылысынан қаладағы қаншама үй қирап қалды. Оны мемлекет қаншама қаржы жұмсап, қалпына келтірді. Мұның бәрі, былай қарағанда, ең тәртіпшіл ұйым болуы тиіс әскердің өзінде сол тәртіптің жоқтығын білдірмей ме? Осы күнге дейін бұл мәселені ешкім көтермегені қалай? Мен тіпті Арыс пен Байзақтағы жарылыстарды Мемлекет басшысының беделін төмендету мақсатында астыртын көрсетілген қарсылық шығар деп те ойлаймын. Тағы бір ойландыратыны – Қорғаныс министрлігінің қызметін ғана жаңғырту бүкіл саланы өзгерте ала ма? Жаңағы сіз айтқан дүниелерден басқа тағы не істелінуі қажет?
– Бірінші кезекте әскери мамандарды даярлауға, армияны білікті, білімді, жауапты, отаншыл сардарлар құрамымен қамтамасыз етуге көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі кейбір мәліметтерге қарағанда, біздің көптеген офицерлеріміз сауатсыздығынан бетер, өте жауапсыз. Соның салдарынан қаншама қайғылы оқиғалар орын алуда. Бейбіт күнде әскерде адам өліп, жас сарбаздар әлімжеттікке, зорлық-зомбылыққа ұшырап жатыр деген не сұмдық! Ал білімді, білікті, отаншыл сардарларды тәрбиелеу – мен жоғарыда айтқан мектептегі бастапқы әскери дайындықтан басталады. Содан кейін әскери училищелердегі білім беруді жаңғыртып, мұнда да тек мемлекеттік тілде оқыту керек. Оған тек әскери оқытушылар ғана емес, сонымен бірге тарих, жағрафия, этика, эстетика пәндерін оқытуға еліміздің басқа жоғары оқу орындарындағы белгілі ұстаз, ғалымдар тартылса да, артық етпейді.
Тағы бір маңызды жайт – біз әскери мамандарды Ресейде оқытуды азайтып, есесіне Еуропада, Түркияда, АҚШ-та оқытуға, әскердегі жаңа техника мен технологияны меңгеруге баса мән беруіміз керек. Қазір баяғыдай уралап, жаяу әскерді ешкім соғыс алаңына шығармайды. Небір ұшқышсыз ұшу аппараттары, дрондар, алысқа атқылайтын қондырғылар пайда болды. Біздің сарбаздар, сардарлар соның бәрін дұрыс және нәтижелі қолдануды үйренуі керек. Сондай-ақ еліміз өзінің қорғаныс құралдарын шығаратын әскери-өндірістік кешен қалыптастырғаны жөн. Үнемі шетелден сатып алу қай кезде де, әсіресе стратегиялық тұрғыдан дұрыс емес.
Ал 18–27 жас аралығындағы жастардың толық міндетті әскери қызметтен өтуі армиядағы адам санын қазіргіге қарағанда анағұрлым арттырады. Үкімет оны асырай алмаймыз деп қорықпауы керек, сарбаздар екі жыл қызмет етіп, оның бір жарым жылында ақылы еңбек ететін болғандықтан, өзін-өзі асырап қана қоймай, табыс салығының есебінен бюджетке де түсім түсіреді.
Ең маңызды мәселе – еліміздің қорғаныс қабілеті тек әскермен өлшенбейді. Бұл – бір-біріне байланысты көп нәрсені қамтитын кешенді сала. Ал елді қорғау – шекараны күзетуден басталады. Шекара – мемлекеттер арасындағы «қызыл сызық», оның үстіндегі атмосфера, стратосфера, ғарыш. Үкімет ел аумағын, оның халық меншігіндегі жері мен қойнауындағы кенін халықтың атынан қорғап, күзетіп, иелік етеді. Қазақстан шекарасының ұзындығы Ресеймен – 7500, Өзбекстанмен – 2351,43, Қытаймен – 1782,75, Каспий теңізінде – 1723, Қырғызстанмен – 1241,58, Түрікменстанмен – 425, өзен арқылы – 72, барлығы – 15094,19 шақырымды құрайды. Мұны Әзірбайжан мен Иранды қоса алғанда, шекаралас мемлекеттердің барлығы мойындап, ратификациялаған.
1992 жылдың 18 тамызына дейін ел іргесін шекара әскерлері қорғап, күзетті. Осы күні «Шекара әскерлері туралы» жарлық жаңартылып, «ҚР ҰҚК Шекара қызметі» деген жаңа атау пайда болды да, Қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне тікелей қол салды.
– Сонда бұл еліміздің қорғаныс саласына, атап айтқанда, шекара күзеті қызметіне кері әсер етті демекшісіз бе?
– Кері әсер еткенде қандай! Комитет шекара әскерінің иелігіндегі училище, академия, аурухана, емхана, авиабаза, жабдықтау қоймалары, қару-жарақ жөндеу зауыты, өңірлік басқармалардағы эскадрилья, темір және ағаш бұйымдарын жасайтын екі шеберхана, сантехникалық шеберхана, 5 вагон сыятын теміржол тұйығы, мұнаралы кран, құрылыс материалдарын сақтайтын 7 қойма, 10 мың метр жері бар № 219 стандартты емес жабдықтар жасайтын әскери құрылыс бөлімшесін тартып алды.
Сондай-ақ шекара әскери бөлімдерінен Жауынгерлік тулары алынып, жергілікті қауіпсіздік ұйымдарының департаменттері мен басқармалары болып қалды. Бұл бейшара жағдайда олардың басшылары Комитетке жазбаша мағлұмдама бермесе, шекара бекеті (застава), шекара қоруы (комендатура), шекара жасағы (отряд) шекараны қорғау-күзетуге қолда бар автотехниканы, жеке құрамды шығара алмайтын болды. Шекара әскерлерінің құрылыс батальонын, роталарын, шекара қорулары мен бекеттерінің қосалқы шаруашылықтарын ыдыратып, жауып, жоқ қылды. Шекарашылардың 4‑сыныпқа дейінгі мектеп-интернаты мен қонақ үйін тартып алды, әскери-құрылыс бөлімінің таудай ғимараты да қоса кетті. Әскери байланыс полкі таратылып, ғимараты, қару-жарағы, техникасы кім көрінгеннің қолына өтті.
Шекарашыларды құқығынан, мүлкінен айыру, шекара күзетін әлсірету Тоқпақбаев, Әбіқаев, Шабдарбаев, Сатыбалды, Әбіштен басталды да, одан әрі оны Мәсімов жалғастырды. Ақырында алдыңғы айран ішкендер құтылды да, шелек жалаған Мәсімов тұтылды!..
– Елімізге, жерімізге ашық қол салып, шабуылдаған жауға бірінші болып тойтарыс беретін – шекарашылар. Сонда олардың Туын алып, жауынгерлік жігерінен айырып, Комитеттің рұқсатынсыз орнынан қозғалмайтындай етіп құқығынан айырып жатса да, ешкім қарсы тұрмағаны ма? Жоғарыда аталған лауазымды жандар тіпті ел қауіпсіздігіне бейжай қараған болды ғой?!
– Құқығынан айыру, ар-намысын таптау, ел қауіпсіздігін ойлау былай тұрсын, қарсы келгендерін, ұлттық қауіпсіздікке қайшы бұйрықтарға бағынбағандарын көз-көрекі қырып тастаған жоқ па?! Мысалы, Арқанкергенде 11-ін өртеп жіберді. Шекара қызметінің Оңтүстік өңірлік басшылығынан 27 адамды ұшақ апатына ұшыратты, Жаңаөзенде 17 адам бейбіт күнде оққа ұшты…
– Ал біз бұрынғы биліктің тек азаматтық саладағы былықтарын, шетелдерге жылыстатқан заңсыз активтерін, белгілі тұлғаларға жасаған қастандықтарын ғана айтып жүрміз. Сіз олардың шекара қызметі, ұлттық қауіпсіздікке қатысты заңбұзушылықтарын, тіпті қылмыстық істері жайлы айтып отырсыз. Бұл – елге, халыққа, Отанға деген опасыздық емес пе?!
– Солайы – солай ғой, бірақ қазақтың қайсар да қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, шындық 50 жыл кешігіп жүретін сияқты. Уақыты келгенде бәрі ашылар, көздері тірісінде жауапқа тартылып, тиісті жазасын алмағанымен, Жаратқан оларды жазасыз қалдырмайтын шығар!
Сіз жаңа осы күнге дейін әскердегі жағдайды ешкім көтермегені ме деп қалдыңыз. Басқаны білмеймін, өз басым Комитет қызмет дәрежесін асыра пайдаланып, шекарашылардың ісіне киліге берген соң, шекара қауіпсіздігін мансұқ-мақұрым еткеніне қатты күйзеліп, Қазақстанның қорғанысына қауіп төніп келе жатқаны анық көрініп тұрған жағдайда үнсіз қала алмадым. Өзім қатарлы, Отан алдындағы жауапкершілікті сезінетін, ауыздары берік, өмірден, әскери қызметтен алған тәжірибелері мол азаматтарға осы ойымды аңғарта жүріп, қорғаныс саласының бір құрылымы ретінде жергілікті өзін-өзі қорғайтын әскер құру керек, оны кәсірдегі офицерлерге басқартып, қолбасшылықты Қорғаныс министрлігінде құрылған Бас басқармаға, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне тапсыру керек деген ойға келдім.
Осы ойымды 2018 жылы 3 тамызда сол кездегі ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов мырзаға жеткізіп, жазбаша түрде бердім. Ол өзі Ауғанстанда рота басқарып, соғыс отына шарпылғандықтан, бұрынғы ауызша ұсыныстарыма құлақ асып, Отарда өткен далалық әскери жаттығуға Жоғарғы Бас қолбасшы – Президентті шақырып, облыстық және республикалық маңызы бар қала әкімдерін Жергілікті өзін-өзі қорғайтын әскерлердің қолбасшылары етіп тағайындап, Жауынгерлік туларын әскерлер сапы алдында салтанатты түрде тапсырды. Олар сол міндеттерін лайықты түрде атқарып жүр ме, одан қазір хабарым жоқ. Бірақ Мемлекет басшысының әскерді түбегейлі реформалау жөніндегі тапсырмасы бұл іске де қозғау салуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, тағы да қайталап айтайын, еліміздің қорғаныс қабілеті тек әскермен өлшенбейді. Жергілікті жерлерде де өзін-өзі қорғау күштері болуы керек.
Құдай бетін аулақ қылсын, ол тек соғыс жағдайында емес, бейбіт күнде де қажет. Мысалы, табиғи және техногенді апаттар кезінде оның маңызы зор. Бұл күштерді жедел топтастырып, құтқару, тазалау және апатқа ұшыраған нысандарды қалпына келтіруге, құрылыс жұмыстарына жұмылдыруға болады.
– Әлгі жазбаша ұсынысыңызға министрліктен жауап болды ма?
– ҚР ҚК Бас штабы бастығының бірінші орынбасары 15.08.18 жылы қол қойған: «Жергілікті өзін-өзі қорғау әскерлерін құру туралы ұсынысыңызды алып қарастырып, азаматтық ұстанымыңызға тәнті болдық. Ұсыныстарыңыз ел қорғанысы құжаттарына нормативтік-құқықтық өзгерістер енгізілгенде ескерілетін болады» деген №8/14-ЖТ-Т-693 жауап хат алдым.
– Сонда шекара мен елді қорғау жөніндегі нақты ұсыныстарыңыз қандай?
– Бірінші, шекара әскерлеріне бұрынғы атақ-дәрежесін қайтарып беру керек. Оның басшысы – шекара әскерлерінің қолбасшысы аталып, генерал-полковник шенінде ҰҚК, ҚМ, Ұлан, ТЖМ, ІІМ басшыларымен тең қызметтік қарым-қатынаста болғаны жөн. Шекара бұзушыларды прокурордың қадағалауымен сот алдындағы тексеріс, тергеу өткенде ҰҚК департаментіне берген, ал шекара жиегінде тәртіп-талаптарды бұзғандар толықтай шекарашылардың құзырында болғаны дұрыс.
Екінші, Жауынгерлік ту – көшпенді жауынгерлердің ары, намысы, жігері, ұяты, күш-қайраты, қасық қаным қалғанша, иектен жаным шыққанша Отанымды қорғаймын деп, еліне берген антының нышан-рәмізі. Тулар хан ордасы, батырлар шатыры қасында биік сырықтарда шашақтары желбіреп, күзетіліп тұрған. Соғыстарда, жорықтарда Туды арнайы топ көздің қарашығындай сақтап, күні-түні алып жүруге міндетті болған. Өйткені Жауынгерлік ту сарбаздарды әлсіздіктен, осалдықтан, опасыздықтан қорғайды, отансүйгіштікке жетелейді. Сондықтан шекара әскери бөлімдеріне Жауынгерлік туды қайтарып беру ауадай қажет!
Үшінші, жоғарыда айтылған, ҰҚК тартып алған барлық ғимарат, техника, зауыт, шеберхана, т.б. нысандар арнайы мемлекеттік комиссия арқылы ҰҚК-ден Шекара әскерлері қолбасшылығына қайтарып берілуі тиіс. Жалпы ҰҚК бұдан былай шекарашылардың ішкі қызметтік, шаруашылық істеріне қол сұғып, басынбайтын болсын.
Шекарашы өз жерін күзетіп, қорғап, баптап, өңдеп, қадір-қасиетін біле жүрмесе, жаттың жеріне жалданып қызмет етіп жүргендей болып суынып кетеді. Сондықтан ҮҰК-нің «жемқорлықты жою» ұранымен жабылып қалған шекара бекеттері мен қоруларындағы бұрынғы бау-бақша, жеміс-жидек өсіріп, ұсақ және ірі қара мал, жылқы ұстайтын қосалқы шаруашылықтарды қайта ашу қажет.
Төртінші, міндетті әскери қызмет мерзімі, сарбаздарға мамандық үйрету, бір жарым жыл ақылы жұмыс істеу жөнінде жоғарыда айттым.
Бесінші, көпке сөзбай, Алматы училищесін әскери құрылыс мамандарын даярлайтын Әскери құрылыс басқармасына беру керек. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарын күрекпен шапқан, 2022 жылы Қаңтар дүрбелеңінде бейбіт шерушілерді оққа байлаған бұл әскери оқу орнын осы жаман аттан осылай құтқармаса – басқа жол жоқ!
Алтыншы, шекарашы офицерлер 25 жылдық қызмет мерзімі кезінде бір орында тұрақты қалуды ойына да алмау үшін Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік өңірлік басқармаларды қайта қалпына келтіріп, Алматыдағы училищенің оқу үдерісіне арналған материалдық-техникалық базасын төртке бөліп, өңірлік басқармаларға бекітіп беріп, 1‑курс курсанттарын – Оңтүстік өңірдің Абай ауданы орталығында, 2‑курс курсанттарын – Батыстағы «Сарайшық» ашық аспан мұражайының жанында, 3‑курс курсанттарын – Шығыстағы Жалғызтөбе теміржол бекетінің төңірегінде, 4‑курс курсанттарын –Солтүстіктегі Арқалық қаласында орналастыру керек.
Жетінші, Қарулы Күштердің бәріне әскери қызметке келісімшартпен жігіттерді, қыздарды қабылдағанда, 25 жылдық қызметтің 10–15 жылын солтүстік өңірлерде өтеймін деген уәде болуы және қызмет өтілі 20–25 жылдан асқандарға Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Арқалықта салынған көпқабатты үйлердің 20 пайызы беріліп тұруы қажет.
Сегізінші, шекарашыларды Отан қорғаушылардың алдыңғы қатарында жүретін қалқан ретінде пайдаланған жақсы, олар – оған лайықты. Ол үшін болашақ шекара қызметкерлеріне бала күнінен бастап қамқорлық жасау керек. Осы жағы бізде өте ақсап тұр. Олар ҰҚК-нің шекарашыларды жерге қаратып тұқыртуынан мүлде елеп-ескерусіз қалған. Олай дейтінім – Қорғаныс министрлігінде 6 мектеп-интернат, Ішкі әскерлердің Ұлан сержанттар мектебі бар, ал шекарашылар қысы-жазы, күндіз-түні ел іргесін күзетіп тұрғанына қарамастан, оларда бірде-бір мектеп-интернат жоқ!
Жалпы, ойымды қорыта айтқанда, еліміздің әрбір азаматы бірнеше әскери және қарапайым жұмысшы мамандықтарын жақсы меңгеріп, кез келген сәтте Отанын қорғауға, өзін, отбасын асырап, елін көркейту үшін, еңбек майданына шығуға дайын жүруі керек. Сонда ғана біз ең қасиетті де қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық экономикамызды дамыта аламыз!
– Өзекті ұсыныстарыңыз үшін рахмет! Манағы жауап хатта айтылғандай, ол ұсыныстар әскерді реформалау аясында билік тарапынан міндетті түрде ескеріледі деп сенеміз.
Сұхбаттасқан Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ