БАҚЫТГҮЛ апай «ДАТтың» гүлі – АНАСЫ! 

Әлеуметтік желіден Бақытгүл апай Макимбайдың өмірден қайтқанын оқыдым. Оқығанда бірден…

Ертең, ертең, ертең деп,

Уақытты артқа шегеріп,

Өлместей көріп адамды –

Жүре беретініміз не осы?! дедім абдырап. Бұлай деуіме себеп «Даттағы» «әкеміз бен анамыздай» болған Ермұрат ағай мен Бақытгүл апайымызға амандасып қайту – талайдан бері ойда жүрген. Бұл жөнінде Ермұрат ағаға айтқанда «Бақыт апайларыңа да айтып қойыңдар, етін асып күтіп алады» деді мейірленіп. Әне-міне деп жүріп уақыт өтті. Енді, міне, қазан айында болатын апайдың «Туған күнін» тағы көздедік. Бірақ, амал не, Бақытгүл апаймен амандасуға да, құттықтауға да емес – қоштасуға барып қайттық.

Әмбеге аян. «Дат» газеті  еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең өткір деген мәселелерді ұлттық деңгейде көтерді. Талай ащы шындықтың мемлекеттік деңгейде шешім табуына бірден-бір үлес қосты. Ал, халық пен билік арасындағы өткел болып, сөз бостандығының қалыптасуына айырықша қызмет ететін «Дат» газеті бізге – «ыстық ұя». Әсілінде, «Дат» газеті сөз болса Ермұрат Бапи мен Бақытгүл Макимбайдың есімі қатар аталатыны рас. Өйткені «Даттың» негізін қалап, 23 жыл иық тіресе бірге қызмет атқарған әріптестер ілуде біреу шығар. Біреу болса «осы кісілер» дер едім. Оқтын-оқтын журналистер келетін жұмыс сұрап. Ермұрат Бапи журналистердің толық екенін айтқанда: «Маған жалақы керек емес – «Ермұраттың школасы керек». «Аға, жұмысқа алыңызшы» деп қиылып тұратын. Әлбетте, Ермұрат Бапи кез келген журналистті қабылдай бермейді және кез келген журналист «Датқа» келуге батылы жетпейтін. Сондай кездерде жүректі мақтаныш кернемеді дейсіз бе?!

Иә, газетте жүріп «елім» деген қазақтың тау-тау тұлғаларының көзін көрдік. Сұхбаттастық. Аудиториямыз кеңейді. Өреміз өсті. Журналистік салада тәжірибе жинадық. Әрине, қазақ қоғамы пайым-парасатымен айналасына шуақ шашып, көпке шарапатын тигізген тұлғалы азаматтарға кенде емес қой. Осы орайда, ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен Ермұрат ағай мен Бақытгүл апайдың ығында жүріп қайралдық. Жазу-сызуда түзелдік. Өзіндік манера қалыптастырдық. Мақалаларымыз арқылы ел мен билік ортасында «көпір» болдық. Талай танымал ел тұлғаларының дастарханынан дәм таттық. Дос таптық. Өстік. Шүкір. Әрине, атынан ат  үркетін «Датты» сатып алудан қорқатындар да, тығылып оқитындар да көп. Сәйкесінше, сұхбаттасуға келісіп алып, жеме-жемге келгенде қашып кетететін талай зиялы кісілер де бар. Өз сөзінен өзі қорқып «артық нәрсе айтып қоймадым ба» деп «дірілдейтін» әншілер де мол. Сонда аты дардай кісілер «қорқатын» «Дат» бізге қалайша «ыстық ұя» дерсіз, бәлкім?! Оны билікпен теке-тірестікте елдік мүддені Ту еткен Ермұрат Бапи мен Бақытгүл Макимбайды жақыннан танысаңыз түсінер едіңіз. Қандай аты дүркіреген басшы болса да, адамдық парқын биік ұстап тұратын жандар болады. Олар «төртінші биліктігін» сылтау етіп кез келген жерде көкірек кермейді. Бір мәселені шешу үшін, екіншіні жаншып басу – жат. Біреуге зиян тигізу деген нәрседен – ада. Міне, біз танитын Ермұрат аға мен Бақытгүл апайдың осы бір қасиеттері болмыстарынан менмұндалап тұратын. Олардың рухани сыйластығына алыстан емес «Даттың» ішкі кухнясында жүріп куә болдық.  Сырттан кіргенде «Баха! Бахалек!» деп жарқырай кіретін Ермұрат ағасы мен «Ау, ау, Ереке!» деп орнынан апыл-ғұпыл тұра сап, алдынан шығатын қарындастың сүйікімді көрінісі, бүгінде өткен шақтың еншісінде.

Әлқисса! Расында, уақыт деген керуен көші алға қарай жылжыған сайын жақсы адамның аты да, істеген ісі де ел жадында ұмытылмайды. Керісінше, асқар таудай биіктей беретіні рас. Олар уақыт озған сайын дараланады. Тұлғаланады. Осы орайда былайғы жұрт Бақытгүл Макимбайдың кәсібіне адал, батыл принципті журналист екенін біледі. Заты нәзік болса да Ер-ағаның жанында ерлерше қасқайып еңбек еткен қайсарлығы өз алдына.  Айтылды. Айтып та жатыр. Ал, мен Бақытгүл апайдың дара журналистігінен бөлек, оның әйелдік жан-дүниесіне, адамдық болмысына үңілгім келеді.

 «Дат» редакциясына келгенде Бақытгүл апай қарсы алды. Сырт қарағанда адамды ықтырып тұратын мысы бар кісі екен. Қатал. Өзін салқынқанды ұстайды. Көп сөзге жоқ. Терең ойлы. Сәл қысыңқылау жанары – өткір. Тіке қарап көп тұра алмайсың.

–  Сәлеметсіз бе, «Дат» газеті ме, жаңа телефонмен хабарласқан едім…

– Ааа, жақсы, жақсы, сұлу қыз, мында отыра ғой, қазір бастықты шақырайын.  Қатал көрінген жанның бір ауыз сөзінен жылулық есіп шыға келгені қалай?! Қатал емес сияқты.

Жұмысқа қабылдандым. Әлбетте, Бақытгүл апайды жақыннан тани бастадым. Өзім де кішкене ашық қызбын ғой, адамдармен тіл табысуда жатырқап тұрмаймын. «Бақыт апайлап» жүріп, алғашында сырты суық көрінген апайымның көңіл сарайы жаздай жарқыраған, тұңғиық сырлы жан екенін көрдім. Ерлерше атқа қонған, қаталдығы бар қайсар журналисттің жүрегі нәп-нәзік. Ол, ата-анасына деген перзенттік махаббаты қанбаған кішкентай қыз. Ол, ағаларына деген сағынышын мәпелеген аяулы қарындас.  Ол, Макимбай әуетінің кішкентай ұрпақтарына қамқоршы Әпке.    

Бақытгүл апай редакцияда барлығымызды «маңқа» дейтін. Басында бір түрлі ерсі көрінді. Қабылдай алмай, ұялып та жүрдім. Сөйтсем, «маңқаның» астарында «кішілерсіңдер, баласыңдар» деген синонимдер жатады екен. Мәнін түсінген соң «маңқа» дегені майдай жағып, еркелеп те алатынбыз.

Жаңадан келгенде редакцияның ішкі тәртібін бірден біле қоймайсың. Бірде түскі асқа сыртқа қамданып жатқаным сол еді, Бақытгүл апай: «Ардашка, біз обедьті осында, стол басында ішеміз. Ерекеңнен ұят болады. Сыртқа шықпа. Тамақ пісіп тұр» деді нықтап. Бақытгүл апайдың сөзі – заң. Сол күннен бастап редакцияда бір дастархан басында бір нанды бөліп жедік. Ер-ағаның парасатты әңгімесін, ақыл-кеңесін тыңдап, Бақытгүл апайдың балбыратып пісірген «бесбармағын» жейтінбіз. Сонда басшы бола тұрып, бәрімізге шәйін құйып, түскі асты мерекелендіріп отыратын. Жұмысы бастан асатын Ермұрат ағай «міне, міне, қазір, қазір» деп кабинетінен келгенше дастархан басында күтіп отырамыз. «Даттағы – әкеміз» келгенше асқа қол созбаймыз.  Сырт қарағанда бір отбасы сияқтымыз. «Датқа» келіп, дәл осындай берекелі ортаның келбетіне таң қалатынмын. Қуанатынмын.

Айтпақшы, бірде, жұмысқа ертелеу келдім. Келсем, кіргеннен еттің исі мұрынды жарады. Ешкім жоқ. Жұмыстың ас бөлмесінде ет балбырап пісіп жатыр. «Бақыт апай?!» деймін. Апай жоқ. Жиналыста жүр. Кездесуде жүр. Тамақты кім пісіріп жатыр? Сөйтсем, ылғи таңертең ерте келіп ет салып кетеді екен. Түске дайын болып тұруы үшін. Не деген қамқоршы едіңіз!!!


Ермұрат ағайдың ашуы найзағай сияқты. Жұмыс бабында әлдебір мәселеге көңілі толмаса – бұрқ-сарқ қайнап кететін. Әсіресе – материал кешіктірсек. Сондай кездерде Бақытгүл апай да бізбен бірге тып-тыныш қана үндемей отыратын. Компьютерде жұмысын істеп. Ашуланып, ескертпелерін айтып жатқан Ермұрат ағаның сөзіне май құймайтын. «Хотя», құйса да болады. Ол да басшы. Керісінше Аға-бастығымыз айтарын айтып кабинетіне кеткенше -үндемейтін. Сосын Бақытгүл апай: «Ерекең қазір басылады, қанша көтерілсе сонша күндей жарқырай салатыны бар!» дейтін. Дейтін де «Әй, маңқалар, тезіңдер, өткізіңдер версткаға, қайда әлі таңға дейін жүреміз. Газетті баспаға өткізу керек. Әне, Кенже ағаларың күтіп отыр верстканы, ол ашуланады қазір» деп аналық жұмсақтықпен жуып-шайып отыратын.          

Бақытгүл апай екі тілді журналист. Сонда, қазақ және орыс тілінде сауатты да өткір мақалаларына қарап қызығатынмын. Сауаттылығына. Биіктігіне. Сонда да кеудемсоқтық жоқ. Басшы болып мақалаларыма қатысты бір «замечание» айтпапты. Тек бағыттап отыратын. «Сұхбатыңа керек» деп, «Жұлдыздар отбасы», «Сырласу» журналдарын әкеп алдыма қойып қоятын. Білесіз бе, редакцияға өнер майталмандары, әншілер келетін. Келісілген сұхбатқа. Келетін де, Ермұрат ағайдың қаламсабын өзінен сұрап алатын. Кейбірі «ұрлап» алатын. «Балам Сіздей Ел ағасы болсын» деп. «Сіздей саясаткер болсын» деп. «Білімді болсын» деп. Жақсы ниетке бөгет болуға бола ма?! Сол «ұрланған» қаламсаптар мен қарындаштарға Бақытгүл апай екеуміз куә болдық. Сонда Бақытгүл апай конц.товар әкеліп жатып: «Мына қаламсаптар қалай, Ерекең үшін арнайы алдым. Келген-кеткен сенің қонақтарың бәрібір алып кетеді екен» деп күлетін.

Бірде үйіне шақырды. Бардық. Антиквариат. Әлемнің әр жерінен келген сувенирлер. «Датқа» келгелі «ұрып кеткен», «соғып кеткен» кездердегі суреттер.  Бәрін көрсетті. Әйелдік әдемі сырлар шертісіп, таңға әңгімелестік. Жеке өміріндегі түрлі жағдайларын айтты. Расында, адам баласы жан сырын кез келген адамға ақтара бермейді. Үйіне де кез келген жанды апармас. Сонда кіші болсам да өрелі әңгімелеріне ортақ еткен Апайдың жаны қарапайым, жүрегі жап-жас ару екеніне бойлап қайттым. Ал, бауырларына деген сағынышты Ермұрат ағайға құрмет көрсету арқылы, сол кісінің бабын жасау арқылы толтырғысы келетіндей тұратын. Соған орай Ермұрат ағай да «Бахалек» деп тау тұлғалы ағасындай бола білді.

Иә, әр екі сөзінің бірінде «бағың жансын», «аман бол» деген жұп тілекті қоса айтатын Бақытгүл Макимбай – адами құнды қасиеттерімен биік. Ол жеке басының мүддесінен гөрі елінің елдігін, жарқын болашағын бірінші кезекке қойды. Ол, мемлекетшіл тұлға. Ол, бойындағы ерек еңбекқорлығымен журналисттік міндетті абыройлы атқарды. Ол, өз ісіне адалдығымен,  жұртына жасаған жақсылығымен даралана білді. Оның журналистикадағы тұлғалық бейнесі кейінгі журналисттерге, тіпті, оны таныған кез келген әріптеске үлгі дер едім.

Қадірлі Бақытгүл апайым! Қазақтың мықты журналисті! Елінің аяулы жанашыры! «Даттың» әні мен сәні! Бақұл болыңыз! Алла алдыңыздан жарылқасын!

Ардақ Иманбекқызы, «ДАТ» газетінің бұрынғы тілшісі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн