«Менің есімім Бабыржан, қазіргі Қазақстан партияларының электоралды белсенділігі тақырыбында зерттеу жасап жүрмін. Осыған орай сіздің эксперттік пікіріңіз қажет еді, бірнеше сұраққа жауап берсеңіз?» деген жас саясаттанушының өтінішіне байланысты пікірлерімді жолдаған едім.
Бәлкім, сұрақ-жауаптың тақырыбы қоғамдық қызығушылық тудыруы мүмкін деген оймен, бұл пікірлерді «DAT» газетінің оқырмандарына да ұсынып отырмын.
– «Азаттыққа» берген сұхбатыңызда қазіргі және бұрынғы шақырылым арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ, авторитарлық жүйе сақталып отыр деген пікір білдірдіңіз. Осы пікіріңізді парламенттік плюрализмнің әлсіздігімен байланыстыруға бола ма?
– Біздің Қазақстан – Азиядағы авторитарлы билік режиміндегі мемлекеттердің қоршауында отырған ел. Америка мен Канада мұхиттың арғы жағында, Еуропа елдері бізден мыңдаған шақырым алыста. Тіпті Азиядағы мемлекеттер арасында Оңтүстік Кореядан басқа демократиялық даму жолындағы ел жоқ. Осындай «автократиялық блокада» жағдайында біз қар астынан бүршік жарған бәйшешек сияқты өзгелерге «оғаш» ел болып, еуропалық даму жолына көшіп кетуіміз оңай таңдау болмайды. Сондықтан біздің бір демде авторитаризмнен алыстап кетуіміз оңай болмауда.
Иә, бұл орайда бірте-бірте саяси және әлеуметтік өзгерістер жасалып жатыр. Бірақ ұзақ жылдар бойы жеке дара автократиялық биліктің құрсауында болған қоғамды бұл өзгерістердің баяу динамикасы қанағаттандырмайды. Сондықтан қоғам тарапынан айтылып жатқан наразылық аз емес.
Бірақ бұл орайдағы кенделікті «парламенттік плюрализмнің әлсіздігімен» түсіндіруге болмайды. Плюрализм – бұл қоғамдағы пікірлердің әртүрлілігі, саяси ұстанымның алуандығы. Бірақ дәл Қазақстанның жағдайында бір ғана парламенттегі пікірлер плюрализмі арқылы мемлекеттің саяси жүйесін өзгертіп жіберу мүмкін емес. Біздің практикамызда бұл утопия болады.
Біз парламенттік басқару жүйесіндегі ел емеспіз, сондықтан өзгерістер динамикасына парламенттің ғана пәрмен беруі аздық етеді. Бұл саясатты Конституция бойынша мемлекет басшысы болып табылатын президенттік билік анықтайды. Сол себепті «парламенттік плюрализмді» президенттік саясатқа қарсы қоюға болмайды. Сонымен бірге президенттік билік жағдайында жалғыз ғана парламенттік риторикамен мемлекеттік саясат жасаудың мүмкіндігі кемшін болады. Керісінше, егер бұл плюрализм шектен тыс күшті болса, мемлекттік билік пен парламенттің арасында саяси дағдарыс тууы әбден мүмкін. Қазіргі транзиттік кезеңде қоғамда саяси толқу тудыратын мұндай текетірес бізге мүлдем қажет емес. Жасампаздыққа ерегеспен емес, келісіммен, мемлекеттік институттар арасындағы мәмілемен жетуіміз керек. Қазіргі Қазақстанның төңірегіндегі геосаяси жағдайлар күн сайын құбылып тұрған кезде және бізге деген Орта Азиялық тұрақтылықтың континенттік қызығушылығы артқан жағдайда, бізге дамудың басқа альтернативасы жоқ деп ойлаймын.
– Сіз бұрын ОСДП партиясының мүшесі болдыңыз, белгілі бір кезеңде «ДАТ» медиасы да сол ортаға жақын болды. Партиядан кетуіңіз – саяси көзқарасыңыздың өзгеруі ме, әлде қазіргі партиялық жүйе мен бәсекелестікке деген сенімнің әлсіреуінің көрінісі ме?
– Бұл сұрағыңызда қарама-қайшылық көп екен… Біріншіден, мен партиядан өз еркіммен кеткен жоқпын, мені мүдделі күштердің «заговор» жасауы арқылы партиялық төңкеріс жолымен кетірді. Екіншіден, мен партиядан кетуге емес, қоғамдағы барлық протестік және азаматтық күштерді ЖСДП-ның төңірегіне топтастыруға мүдделі едім. Бірақ бұл қоғамдық топтасу билік жүйесіне электоралды тұрғыда үлкен қауіп әкелетін болған соң, мені күштеп кетіруге ықылас күшті болды.
Ал ЖСДП-дан кетуіңізге «партиялық жүйе мен бәсекелестікке деген сенімнің әлсіреуінің көрінісі ме?» деген нығыздауыңызға орай айтар болсам, саясатта жеке көңіл-күйге жеңістік беруге болмайды. Саясат әдетте безбүйрек (циничный) болады және бір сәттілік іркілістен шімірікпеу керек. Мен адами тұрғыда әлсіздік танытсам да, саяси ұстанымым босбелбеу болмауы тиіс. Егер алған бетіңе сенімді болсаң, әлдебір сыртқы әсерлерге дес беруге болмайды.
– Сіздің ойыңызша, қолданыстағы Конституция Қазақстандағы саяси партиялардың бәсекелестігін және парламенттік ықпалды күшейтуге жеткілікті ме?
– Қолданыстағы Конституцияның күні екі айдан кейін бітеді. 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның құзіреті күшіне енеді. Осы тұрғыдан алсақ, жаңа Ата заң партиялық бәсекелестіктің артуына қалай ықпал етерін қайдам, бірақ парламенттің, яғни Қазақстан Республикасы Құрылтайының ықпалын арттырады деп ойлаймын. Басқадай болуы мүмкін емес. Ендеше біз ақтер-көктер болып, парламенттік реформаны несіне жасадық?! Бүгінгі Мәжілісті күзде келетін Құрылтайға айна-қатесіз көшіріп қоя салғаннан не ұтамыз?
Біріншіден, бір палаталы парламенттің өкілетті биліктік мүмкіндігі, атқарушы биліктің Құрылтай алдындағы есептілігі күшейеді.
Екіншіден, бұл өзгеріс билік институттары арасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша басты анықтауыш фактор болады деп санаймын. Билік иерархиясында Құрылтай маңызды саяси тұтқаны ұстай отырып, мемлекеттік органдар қызметін парламенттік бақылаудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді.
– Егер құқықтық база жеткілікті болса, онда мәселе институттарда ма, әлде саяси элиталардың мінез-құлқында ма?
– Елдің тұрақты және интенсивті дамуы жолында мемлекеттік институттардың рөлін бірінші кезекке қою керек. Саяси элитаның мінез-құлқы бізге заңнама және мемлекеттік басқару инструментариі бола алмайды! Бір сөзбен айтқанда, саяси элита – бұл мемлекет басқару ісіндегі азаматтық өренің сапалық деңгейін ғана анықтайтын ұғым. Тіпті Президенттің бір жарлығымен тағайындалып, бір жарлығымен ғана жоғарғы қызметінен алынатын лауазымгерді элиталық тұлға деп есептеудің өзі ұшқары ұстаным болады деп ойлаймын. Элитаны жарлық емес, белгілі бір тұлғаның тұрпаты, өмірлік практикасы анықтауы тиіс!
– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда шынайы парламенттік демократияны дамыту үшін қандай нақты институционалдық реформалар қажет?
– Бүгінгі әлемдік қарым-қатынастар тәртібі күрт өзгерген жағдайда «шынайы парламенттік демократия» деген ұғым ұлттық мүдделерге жеңістік беруде. Басқаша айтқанда, классикалық ұғымдағы демократиялық ұғым мемлекеттердің ішкі ұлттық мүддесіне жол беруге мәжбүр болған саяси және геосаяси жағдай туды. Мәселен, «шынайы парламенттік демократияның» өлшем эталоны қайсы? АҚШ Конгресі ме? Мұнда президент Трамптың авантюралық-авторитарлық шешімдері мен бастамалары басымдылық алып кетсе, ондай демократияның үлгісі бізге қажет пе? Немесе демократиялық көпшілікке бой бермей келген Венгрияны ортақ принциптерге мүдделі ете алмаған Еуроодақтың демократиясы бізге эталон бола ала ма? Немесе жылына бес үкіметтің ауысуына себепкер болып, мемлекеттік тұрақтылыққа залалын тигізіп отырған Франция парламенті бізге демократиялық қатынастардың үлгісі болуы керек пе?
Міне, біз түгілі, бүкіл өркениетті әлем саяси құндылықтарды қайта бағамдау заманына тап болған кезде біз қандай «парламенттік демократияны дамыту» жолын таңдауымыз керек? Менің ойымша, дәл қазіргі өтпелі кезеңде біздің демократиялық қатынастар ұлттық қажеттілік мүддесінен басым болмауы керек. Мәселен, дамыған демократия елдерінде адам құқығы құндылығы саналып келген ЛГБТ идеясы біз үшін қандай өртеніп бара жатқан маңызды мәселе болуы мүмкін? Немесе еліміздің ұлттық қорғаныс қауіпсіздігі мен тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен мемлекеттік мүддеміз жолында «адам құқығы» ұғымын екінші кезекке түсіру қажеттілігі өткірленген кезде біз Парламентті демократиялық мылжыңға батырып қойып, отыра аламыз ба? Міне, сіздің сұрағыңызға осындай салыстырмалы жағдаяттар жауап бере алады деп ойлаймын. Қысқасы, ұлттық мүдде бәрінен де басым болуы тиіс саясаттың кезіне келдік, демократия үшін біз өзіміздің ұлттық-мемлекеттік даму жолымызды мансұқ ете алмаймыз! Бұл бүгінде жаңа әлемдік тәртіптің тенденциясына айналып бара жатқан құбылыс болмақ.
– «DAT» газетінің болашағы туралы не айтасыз? Бұл басылым «Айран» интернет ресурсы сияқты бағы өшіп тына ма?
– «DAT» – 28 жылдық тарихы бар басылымдық медиа-жоба. Кезінде бұл жобаның 10-нан астам газеттері қиянатты соттың шешімімен, қудалаумен жабылды. Бірақ Феникс құсы сияқты әрдайым басқа атаулармен, бірақ «DAT» маркасын сақтап, бірегей лейблмен қайтадан шығып отырды. Менің ойымша, уақыты келгенде, бұл табандылық өзінің қоғамдық-кәсіптік және саяси бағасын алуы тиіс. Бұл орайда жуықта «DAT»-тың туған күніне арнап, «Фейсбукте» пост жазған едім. Сол пост газеттің тарихынан біраз мағлұмат береді, диссертациялық жұмысыңызда пайдалануға болады.
Сондықтан бүгінде қағаз газеттерге деген сұраныс күрт азайып кетсе де, мен тірі тұрғанда деп айтайыншы, бұл басылым жабылмайды!