Четверг , 3 сентября 2026

ТАРАҚАН және ТИЯНАҚТЫЛЫҚ

Кей­ін­гі жыл­да­ры біз­де екі нәр­се ұшты-күй­лі жоға­лып кет­ті. Бірі – тарақан, екін­шісі – тиянақтылық.

Әрине, алға­шқы­сы­нан «айы­ры­лып қалға­ны­мы­зға» өкініп жүр­ген біз жоқ. Өзіңіз де «жоғал­ма­са, одан әрмен!» деп, мәз-мей­рам шығар­сыз. Әсіре­се тарақан көр­се талып қала жаз­дай­тын әйел­дер қауы­мы­ның көңілі қош. Ал жағым­сыз жән­дік­тер­мен «ара­лас-құра­ла­сты­ғы» шама­лы бүгін­гі жастар сіз бен біздің бұл қуа­ны­шы­мы­зды бөлі­су­ге аса құштар емес. Жо-жоқ, «олар тарақан­дар­дың құры­ға­ны­на қат­ты қапа­ла­нып жүр» дегелі оты­рған жоқ­пын. Оларға мұр­ты жыбыр­лаған әлгі мұн­дар­лар­дың бар-жоғы бәрібір, өйт­кені Алма­ты­ға осы­дан 30–35 жыл бұрын кел­ген біз секіл­ді пәтер­де қожай­ы­н­мен және тарақан­мен бір­ге тұрып, бір­ге өмір сүріп көр­ген жоқ.

Үйге кіріп, жары­қты жағып кеп қалған­да, тым-тырақай безе жөне­летін сол сұм­пай­ы­лар­дың неге жоқ болып кет­кені тура­лы был­тыр елі­міздің бірқа­тар «тарақан­та­ну­шы­ла­ры» тара­тып-ақ жаз­ды, сон­ды­қтан оған тоқта­лып жатпаймын.

Екін­ші мәсе­ле­ге кел­сек, біз бір нәр­сені ақы­ры бастаған соң аяқтау, тап­сы­ры­лған істі мүл­тіксіз орын­дау, жан-жақты тек­се­ру деген­ді, яғни тия­нақты­лы­қты мүл­де ұмы­тып бара жатқандаймыз.

Мыса­лы, жақын­да біз тұра­тын аудан­дағы меке­менің бірін­де оқы­стан өрт шықты. Біреу темекісін тар­тып болып, дұрыс сөн­дір­мей кет­кен бе, әлде электр желілері­нен бір ақау шыққан ба, өрт­тің неден тұтанға­ны бел­гісіз. Мәсе­ле әрі-бері­ден соң оның себебін­де де болып тұрған жоқ. Улап-шулаған жұрт дереу өрт сөн­діру­шілер­ді шақыр­май ма! Ала­ба­жақ киі­мін киіп, асай-мүсей­ін асы­нған олар да қып-қызыл мәши­несін аңы­ра­тып тез жет­ті («Жедел жәр­де­мі» түскір де осы­лар­дай асы­қ­са ғой, шір­кін!). Бірақ тез жет­кенін қай­тей­ік, ана­кон­да­ша шұба­ты­лған шлан­гілерін қан­ша бұлғақтат­са да, ола­ры­ның аузы­нан бір там­шы там­са­шы! Сөйт­сек, саба­з­да­ры­мыз әлгі анек­дот­тағы асы­ғам деп жүріп, үйде­гі толғақ қысқан әйелін ала шығу­ды ұмы­тып, пер­зент­ха­наға жалғыз барған әуме­сер жігіт­ше, көлік­те су бар ма, жоқ па, қарап алмай, қасқай­ып келе беріп­ті ғой…

Осы сияқты мысал­дар­ды көп­теп кел­тіру­ге бола­ды. Құры­лыс­шы­ла­ры­мыз жос­пар орын­да­уға асы­ға ма, әлде ең қажет­ті мате­ри­ал­дар­ды өздері қымқы­рып, тұрғы­зы­лып жатқан үйлер­ді ескі-құсқы, жарам­сыз дүни­е­лер­мен ілдал­да­лай сала ма, әйте­уір жаңа үйге кір­геніне жар­ты жыл бол­май жатып, адам­дар­дың өміріне қауіп төне бастай­ды: не қабы­рға­сы қисық (амал жоқ, жиһа­зы­ңыз да Пиза мұна­ра­сын­дай қисай­ып тұра­ды), не газын қосып-жабу теті­гі дұрыс істе­мей­ді (үйде бала­лар­ды жалғыз қал­ды­руға қорқа­сыз), не бал­ко­ны­ңы­здың бұры­шы­нан бір арма­ту­ра сораяды…

Қай­бір жылы он жыл тен­тіреп жүріп, пәтер­ге әрең қолы жет­кен жер­лесі­мізді құт­ты­қтап бар­сақ, бай­ғұс бала-шаға­сы­мен тас қараңғы­да отыр. «Әлі жарық беріп үлгер­ме­ген шығар, жаңа үйдің аты жаңа үй ғой енді» дей­ін десек, төмен­гі қабат­тар­да «Ильич шамы» көз ұял­та жарқы­рап тұр. Бақ­сақ, ең жоғарғы қабатқа да электр желілерін жет­кі­зу керек екені құры­лыс­шы­лар­дың «есі­нен шығып» кетіпті!..

Мұн­дай кінәрат­тан Үкі­мет те кен­де емес. Сонау 1997 жылы қабыл­данған «Тіл тура­лы» заң­да нақты атап көр­сетіл­ген мін­дет­тің бірі – мем­ле­кет­тік тіл­ді білік­тілік талап­та­ры­на сәй­кес және қажет­тілі­гіне орай бел­гілі бір дең­гей­де білу­ге тиіс лау­а­зым­дар тізі­мін жасау мәсе­лесі-тұғын. «Оны қашан және қалай түзуді Үкі­мет өзі шеш­сін» делін­ген бола­тын сол кез­де. Бірақ атқа­ру­шы билік­тің онсыз да атқа­руға тиісті шаруа­сы шаш-етек­тен ғой, қар­ба­лас жұмыстан қолы боса­ма­ды ма, әлде мой­ны жар бер­меді ме, әйте­уір тізі­мі түскір сол күйі жасал­ма­ды. 2003 жылы ғана ұмыт­шақ Үкі­мет­тің есіне еле­усіз қалған ескі мін­деті түсті. Онда да өзді­гі­нен емес, жоға­ры­дан түс­кен ескер­ту­ден соң. Тағы да қызу талқы­лау баста­лып кет­ті де, көп ұза­май басы­лып қалды.

Жаңа жыл­дың алдын­да осы мәсе­ле қай­та қозғал­ды. Тағы да сөз күй­ін­де қал­ды. Неге? Өйт­кені біз­де ондай мін­дет­тер кілең қаза­қ­ша­ны өзі жетістір­мей­тін бас­шы­ларға тап­сы­ры­ла­ды. Олар­дың осы іске жана­шыр­лы­қ­пен, жаны қал­май кірі­сетініне қалай сену­ге бола­ды? Олар мем­ле­кет­тік тіл­ді қан­ша­лы­қты мең­ге­ру­ге тиістілер­дің тізі­мін өзіне және өзі сияқты­ларға тиім­ді етіп (мәсе­лен, «мини­стр­лік, агент­тік бас­шы­ла­ры­на қаза­қ­ша 20–30 сөз біл­се де жете­ді» деген­дей бап енгізіп) жаса­ма­сы­на кім кепіл? Бұл – тіл мәсе­лесіне кел­ген­де алда­на-алда­на шар­шаған халы­қты тағы да уақыт­ша алдарқа­ту емес пе?

Жал­пы, осы тізім­ді жасау қан­ша­лы­қты ақы­лға сый­ым­ды? Осы­ны ойлап көр­ген адам бар ма? Қан­дай лау­а­зым­дағы адам­ның қазақ тілін қан­ша­лы­қты дең­гей­де білуін несіне шек­теп, тіз­бе­лей­міз? Онсыз да кей­бір ком­па­ни­я­лар­да қазір осы сияқты тізім­дер жет­кілік­ті. Олар өз қыз­мет­кер­лерін үш санатқа бөліп тастап, «бірін­шілер күн­делік­ті қыз­мет бабын­да тұты­ну­шы­лар­мен түсіні­су­ге қажет­ті 100 сөз білуі керек, екін­шілер­дің құры­ған­да 50–60 сөзді білуі сұра­ла­ды, ал үшін­шілер­ге үш ауыз сөз де жете­ді» деген тәрізді бағ­дар­ла­ма жасап алған. Бұл – тіл­ді қор­лау емес пе? Кон­сти­ту­ци­яда «Қазақ тілі – мем­ле­кет­тік тіл» деп жазы­лға­ны рас па, демек, оны Қаза­қстан аза­мат­та­ры­ның бар­лы­ғы да ЖЕТІК мең­ге­руі керек. Ешкім­ді ала­лап, жеңіл­дік жаса­удың қажеті жоқ. Қыз­мет бабын­да қажет бола­тын, яғни өзі білетін 50 сөзді керекті-керексіз жер­дің бәрін­де тақыл­дап айта беретін, ал басқа тақы­ры­пқа кел­ген­де аузын аша алмай­тын Қаза­қстан аза­ма­ты­ның не кере­гі бар? Онда қазақ тілін неме­несіне мем­ле­кет­тік тіл деп дәріптейміз?

Биыл заң­дағы осы тала­пқа 25 жыл тола­ды. Үкі­мет сол 25 жыл­дан бері қан­дай лау­а­зым­дағы қыз­мет­кер­лер­дің қазақ тілін қан­ша­лы­қты білуі керекті­гін «аны­қтай» алмай, басы қатып жүр. Сөй­тіп жүріп, біз­ден – қара­пай­ым халы­қтан тия­нақты­лық талап ететінін қайтерсіз…

Сәкен СЫБАНБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн