ЕНДІ ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Сонымен, 2018 – Ит жылы да тарихтың терең қойнауына кетті. Қалай өтті? Кімнің тағдырында қандай із қалдырды? Жалпы қоғамымыз, тәуелсіз дейтін еліміз бен оның тұтқасы саналатын қазағымызға қалай әсер етті – осы тұрғыда ой толғасақ.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы

Ендеше тоқетерін бір-ақ айтайын: экономикамыз кері кетті, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бұрынғыдан да ауырлап, кедейшілік қамыты қыса түсті. Езуімізді керіп, керги сөйлейтін «әлемнің дамыған отыз елінің қатарына» енгеніміз қайда – елуден де әрмен ысырылып, дамуы тым баяу мемлекеттердің сапына ығыстық. Адам құқы бұзылған, ар-намысы тапталған, жеке бастың билігі бәрінен биік тұрған Қазақстанға айналдық. «Жері байдың елі байдан» жаңылып, жателдік жолтапқыш пайдакүнемдердің жайлауы болып тындық.
«Неге олай болды?» дейміз бәріміз. Қымбатшылық жүйкені жұқартып, еңсені езіп, тұқыртқан сайын, әркімнің саяси сауаты ашыла түседі екен. Ас үйде де, таксиде де, тіпті жалаңаш отыратын моншада да адамдардың айтар әңгімесі көп өзгерген. Соңғы жылдардағы тіршілігінің тауқыметін ашынып, ашылып, күйіне айтады. Тыңдап отырсаң, жетісіп жүрген, жуықта президент Н.Назарбаев айтқан ай сайынғы 500 мың теңгелік жалақыны алып көрген бірі жоқ!

«Қайырымсыз болса заманың, тар қапастан несі артық?» дейтін еді Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романының бас кейіпкері, күрескер композитор Мәди Бапиұлы. Дәл сондай қоғамда, аты –тәуелсіз, заты – мүлде басқа, қыспағы қатал, қайырымсыз елде ғұмыр кешудеміз.
Сонда бұл қашанға дейін созылады? Мәнсіз мақтанышы, өтірігі көп көлеңкелі заман запыранынан қашан арыламыз? Не істеу керек?..
Бір жолы… Бір жолы болғанда, өткен – 2018 жылдың мамырында есімі елге мәшһүр ақсақал жазушымен телефон арқылы амандық-саулық сұрасқан соң, күйі тайған халықтың тұрмысы туралы әңгімеге кірісіп кеттік. «Апыр-ай, қойдан да қоңыр ұлт екенбіз. Құдай сөйтіп жаратыпты. Тұяқ серпуге де жарамай қалдық-ау!» – деді тұйыққа тірелген ағамыз.

«Билік біржола бұғаулады ғой, аға. Өліп жатсақ та, ауыз аша алмайтын жағдайға келтірді. Алаңға жекелеп те шыға алмаймыз. Аттап бастырмайды. «Сарыарқа» кинотеатрының арғы жағына аяқ аттатпайтын болды. Бір азамат айдың отыз күнінің, түні болса – түніне, күндізі болса ¬– күндізіне келісеміз деп, Алматының әкімі Бауыржан Байбектің атына өтініш жазса, бар-жоқты сылтауратып, келісім бермепті. Менің ойымша, ешбір әкімге жалынып-жалпаюдың қажеті жоқ! Биліктің жүргізген саясатына қарсылығымызды үйде отырып та, түзде жүріп те жасауға болады ғой, аға, – дедім. – Мәселен, Астана күні аталып өтетін 6 шілдеде бүкіл қазақстандықтар бір минуттық қарсылық акциясын жасайық.

Алаңға барып әуре болмайық. Яғни, билікке қарсылық былай болса: шілденің 6-сы күні сағат 11-де кеңседегі жұрт – кеңседе, автобус пен поездағы жолаушылар – автобус пен вагонда, базар мен дүкенде, көшеде жүргендер – сол жерлерінде, емханалар мен ауруханадағылар – отырған, жатқан орындарында, үйінің ауласында жүргендер немесе балконында тұрғандар: «Уа, халайық! Мен қарсымын! Иә, бүгінгі билік халықтың мақсатына, талабына кереғар саясатын тоқтатсын! Еліміздің байлығын тонап, байыған миллионерлер мен миллиардерлер халықтың қаржысын мемлекетке қайтарсын!» десін. Оған құлақ аспаса, араға ай салып, қарсылық акциясы уақытын 5 минутқа ұзартып, тағы қайталайық! Билік басындағылар таскерең болып кетпесе, көпшіліктің дауысын естір. Ар-ұяттан ада болып кетпесе, ойланар, жөнге көшер, жасаған қателіктерін түзетер».
«Ай, бауырым, бұның ішке қонатын байлам екен! Егер қорғаншақ болып қалған көпшілік серпіліп, қолдай алса…» – деді сөзімді мұқият тыңдаған ағамыз.

Қызық содан кейін болды. Арада 2-3 күн өткен. Бейсенбіде үйіміздің телефоны шыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем, арғы жақтан сызылған сыпайы дауыс естілді. «Қалалық әкімшіліктен пәленше деген ініңізбін, аға. Сіз бүгін сағат 3-те бізге келе аласыз ба?» дейді. «Шаруам шаш-етектен ғой, бірақ сендер шақырғанда, бәрін былай ысырып қойып, барайын» дедім.

Бардым. Ішкі саясат бөлімінің бастығы және бір шенеунік оңаша қабылдады. Жағдайымды сұраған әңгімеден соң, бірден мені шақырған мәселеге көшті. «Аға, сіз елді көтергелі жүр екенсіз» деді. Оны кім айтты деп сұрайтын емес, назардағы кісіміз – телефонымыз тыңдалатын шығар. Сол себепті сөзді көбейтпей: «Елді көтеру оңай шаруа емес. Ол үшін алдын ала штаб құрылады, үндеу жазылады, біреу жауапкершілікті мойнына алады. Қаржылық жағдайы және бар. Ал мен «Желтоқсан» айғақ-кітаптарыммен әлекпін. Екі ай сайын балаларға арнап шығаратын «Жыл – он екі ай» деген журналым да мойнымда. Менде әлгіндей үлкен іске уақыт та, жағдай да жоқ қой», – дедім.

«Е, бәсе, өзіміз де сіз туралы дәл осылай ойлап едік, аға», – десіп, екеуінің де көңілдері жай тапқандай болды.
Алайда қызық әңгіменің жалғасы бар екен. Одан кейінгі аптаның бірінші күні сағат тілі 9-дан өте бере телефонымыз тызақтай жөнелді. Көтерейін. Қалалық әкімшіліктен әнебір күнгі жігіт. Бұл жолғы дауысы қатқылдау естілді. «Аға, бүгін сағат 3-те бізге келесіз бе?» – деді әй-шәй жоқ. «Енді кел десеңдер, амал жоқ, барайын» дедім мен де іліп алып. Айтқан сәтінде алдарында болдым. Кіреберіс бөлмеде біраз кісі бар екен – олар қалды, мен ішке ендім. Өткен жолғы екеумен «жабық есік жағдайындағы» сөз бірден басталды.

– Аға, сіз өткенде бізге шыныңызды айтпапсыз, халықты көтерейін деп жүр екенсіз, естідік, – деді ішкі саясат бөлімінің бастығы ініміз.

– Оны кім айтты?! Кімге айтыппын?

– Халекеңе айтыпсыз… – деді.

– Халекең деп отырғандарың Халелхан Әділханов па? – дедім. Ол – Желтоқсан қаһарманы. Қазағым деп шырылдап жүрген арлы азамат.

– Иә, сол кісіге айтыпсыз…

– Өте дұрыс! Халелханға айттым. (Кейін оның өзінен сұрап білсем, желтоқсаншы атанып, бір ұйымды басқарып жүрген қызға айтыпты). Бірақ мен халықты көтеретін көсем емеспін. Ал не айтқанымды мыжып, қайталамай-ақ қояйын, – дедім де орнымнан тұрдым.

Терезеге барып:

– Менің жаныма келіңдер, – дедім қыспаққа алған екі інішекті терезе алдына шақырып. – Ана алаңды көріп тұрсыңдар ма?

– Көріп тұрмыз.

– Осы алаңда 1986 жылы 17-18 желтоқсанда не болғанын, кім үшін, не үшін болғанын білесіңдер ме?.. Сендердің аға-әкпелерің, мүмкін, әке-шешелерің қазағым, қазағымның қасиетті жері, елі, тілі деп тепкіленіп, итке таланып, соққыға жығылып, қанға бөкті! Тәуелсіздік деген сөзді айта алмаса да, күллі іс-әрекеттерімен Алаш арыстары көтерген идеяны ұрандатты. Енді қайда соның тәтті жемісі? Ел қайда, жер қайда? Тіліміз не болды? Қазағымыз неге қасіретті күйде? Неге олар үй-күйсіз, жерсіз қалды? Олар неге жұмыссыз? Ата-бабалар аманат еткен байлыққа кім ие? Қоғамымыз неліктен ауру-сырқау? Біздің елімізде не себепті бәрі ақылы? Білім де, емделу де…

– Сіз тек қана жаман жағын көреді екенсіз. Жақсылықтар да бар ғой, – деді қызметі үлкен інішек.

– Сол жақсылықтарыңды жасалып жатқан жаманшылықтар басып-жаншығаннан халқымыз бейшара, сорлы күйге түсіп, қасірет шегуде. Үлкендерді қойып, он екіде бір гүлі ашылмаған ұл-қыздарымыз да өз-өзіне қол жұмсап, мезгілсіз көз жұмуда. Биліктің сорақы саясаты халықты күйзеліс, күйінішін де батып айта алмайтын ауыр жағдайға келтірді. Байғұс қазақтың барар жер, басар тауы қалмады. Әкімшілікке келсе, кіргізбейсіңдер; алаңға шықса, полицейлерің қолдарын қайырып алып кетеді; соттарың айыппұл салады, қамайды, соттайды. Сендер де мені жетіскеннен, қатты сыйлағаннан шақырған жоқсыңдар. Сендерді сөйлетіп тұрған астарыңдағы орынтақтарың. Осы орында Берік пен Бейсен, я басқа бір қазақ отырса да, сөзсіз, сөйтер еді!

– Жоқ, аға, олай емес, – деді бірі ыршып түсе ақталып.

– Дәл солай, бауырларым. Мен – жау емеспін! Елдің, халықтың, қалың қазақтың мүддесі үшін жазамын, ойымды ашық бөлісемін. Халық алаңға шықса, бірге шығамын. Жиналған жұрттың санын бір адамға болса да қарасын көбейту үшін, митингіге барамын. Бұл менің ғана емес, ниеті түзу, өзін қазақтың азаматы санайтын, елдің байлығын өз қазағымыз иеленсін, қазағымыздың тілі салтанат құрсын, жемқорлыққа жол бермейік, ұрпақтарымыз бақытты өмір сүрсін дейтін кез келген азаматтың қасиетті борышы, адамгершілік парызы, мерейлі міндеті! Сондықтан сендер бүйтіп мені мазалағанды доғарыңдар. Алтын уақытымды текке алмаңдар. Ең дұрысы коррупционерлермен күресіңдер, жылаған жұрттың сөзіне құлақ асыңдар, – дедім де, шығып жүре бердім.

Есіме мынау жәйт түседі.

«Өз басының қамымен қалу – ұлт алдында қылмыс. Ғұмыр біреу. Жемтікке, арам кәсіпке алданба. Өзің үшін қызмет қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Еліңе, көпке қызмет ет. Көпшіл бол. Ата жолы сол. Бұл жолда құрбы-құрдасыңның алдына түс», – деп, барша қазаққа ұлағат етіпті сонау жылдары Мәскеуде құрылған «Жас тұлпар» ұйымының мүшесі, өмір бойы қазақтың мүддесі үшін күресуден шаршамай өткен Сәбетқазы Ақатай аға.

Шіркін-ай, осы ғажап ойға ұйып, өмірінің өзегіне айналдыратын замандастарымыз, қатарластарымыз, қаламдастарымыз көп болса! Әсіресе ұлт мүддесі, мерей-мақсаты мен тұтастығы, патриоттық сезімдері туралы селдете сөйлеп, төгілте жазатын айналайын әріптестерімді айтамын, солар қансыраған қазақтың жайы сөз болатын жиын, басқосуларға неге келмейді? Мәселен, 2016 жылы 21 мамыр күні жеріміз жатқа кетпесін, сатылмасын деген мүддемен Алматы көшелеріне шыққан халықтың арасынан «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы», «Жұлдыз», «Ақ желкен» секілді газет-журналдар мен «Хабар», «Қазақстан», «Қазақ радиосы» және басқа да хабар тарату құралдарында қызмет істейтін бірде-бір журналисті, баспа қызметкерін, ақын-жазушыларды көре алмадым. Солар алаңға, Алматы көшелеріне жеріміз үшін деп жалаулап шыққан жұрттың жүрегіне маза бермеген мәселелер жөнінде ашық жазбай-ақ, хабар таратпай-ақ қойсын, жәй ғана шығып, не болып жатқанын көріп, хабардар болу үшін де араларында жүрсе, бұл өздері үшін де абырой, халықтық мүддені қозғап, көтерілгендер үшін де арқаландыратын жағдай емес пе еді?!

Дәл осы жерде бір кездері, Сәбетқазы ағамыздың көзі тірі кезінде, газеттердің бірінде басылған ұлт мәселесіне байланысты мақаласынан жазып алған тағы бір ойын алдыңызға тартайын. «Өзіңді қорғау жеңіл, – депті асыл ағамыз. – Өзің барсың, ақылың мен қайратың бар. Қазақты қорға. Қазақ – Абылай заманынан кейін қорғансыз қалған ұлт. Ұлтыңды қорғауды мұрат тұт. Сонда сенің де қорғаның болады…».

Мына безбүйрек билік өздері секілділерді, қызмет үшін, қарақан басы үшін жинайтын байлыққа бола сатылуға, сабылуға бейім адамдардың қатарын балалатып, көбейтті. Сондықтан да біздің өкімет-үкіметте, парламентте қонжиып отырған «күштілер» де (солардың бір-екеуі болмаса, бәрі дерлік байлар, мейрамхана, ойынхана, базар, сауда кешендері, мыңғырған малдары бар) халықтың мүддесі дегенде ауыз ашпайды. Биліктің ұшар басындағы бір кісінің «а» дегенін аузынан қағып алады, оң-терісіне ой жібермейді. Осы сөзіміздің айдай ақиқат мысалы – істерге жұмыс таба алмай, сенделіп көше-көшеге, базар-базардың төңірегіне жиналып, күнкөрісі үшін жұмысқа жалданатын елден, берілетін садақадан салық жинау туралы заңды құрақ ұшып қабылдауы. Өздерін-өздері жұмыспен қамтамасыз етіп, әзер күн көріп, «шықпа, жаным, шықпалап» отырған қара халыққа қарсы жасалған бұдан өткен өктемдік болар ма?!. Бас бермей еселеп өскен қымбатшылық алдында үретін иті, сығатын битінен басқа түгі қалмаған, момын, «е, құдайлап» отырған халықты тығырыққа тіреді ғой.

Сонда бұл не? «Өлмесең, өмірем қап!» деген саясат, ұстаным ба? Обал-сауап қайда қалды?.. Осыдан сексен жылдан астам уақыт бұрын қазағымыздың бетке шығар қаймақтары оққа байланып, итжеккенге айдалып, олардың әйел, бала-шағалары да жаппай жазаланып, қуғын-сүргінге ұшыраған қасіретті жылдарда өңіріне орден таққандар болған. Міне, бүгін де сондай қазақ ұлты көресіні көріп, қиянаттың қылбұрауына байланған кер кезеңде атақ-дәреже, төсіне тағылатын сөлкебайларға бола ыржия күліп, бір-бірлерін мақтауға теңеу сөз таба алмай, асып-таса қуанғандар, той-тойлағандар аз емес.
Монтескьенің сөзіне сүйенсек, «Награда үлестіру іріп-шірудің бір белгісі. Ең нашар императорлар ең көп награда таратушылар ретінде атын шығарады» екен. Бізде марапатқа малындыру – үлкен саясат. Бір жылдары, онда да президент сайлауы қарсаңында орден-медальдар аямай таратылған. «Парасат» орденін алғандардың бірі марқұм Ақселеу аға Сейдімбек болатын. Сол әңгімені тағы да еріксіз еске алуға тура келіп отыр. Мақтанып емес, басымнан өткізген ащы шындық болған соң…

«Аға, мына орденіңізді берген иесіне қайтарып беріңіз, тарихта қаласыз» деп едім. Ол кісі «еңбегім сіңді» деп ашуланған. «Сіздің еңбегіңіз баяғыда керемет сіңген. «Білім және еңбекте», «Социалистік Қазақстанда» қызмет атқарып жүрген кезіңізде «Ленин» орденін, болмаса басқадай атақпен марапатталғаныңызда, айтар сөз басқа еді. Енді тәуелсіз елміз деп, бабалардан қалған байлықты заңсыз меншіктеп, талан-тараж жасап жатқанда, ауылды малынан айырып, халқын жұмыссыз қалдырып, мәңгіртіп жібергенде алған «Парасатыңыз» туралы не дейсіз? Осындай бассыздыққа барған биліктің кешірілмес қылмысын қолдап, қолпаштағаным үшін алдым дейсіз бе?!» деп едім.

Сол күні ашуланған, алайда келесі күні жұрт сыйлайтын ағама ауыр сөз айтып қойдым-ау деп, таң ата телефон шалып, кешірім сұрадым. Сонда Ахаң: «Әй, Талғат, сен өзі кішкентай болғаныңмен, жүрегің үлкен азамат екенсің. Өте дұрыс айттың. Кешірім сұрама», – деп еді.
Өткен жылдың сәуір айында қазағым, халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей ғұмыр кешкен Сапабек Әсіпов ағамыз 93-ке қараған шағында көз жұмды. Дәл Сапекең сияқты қасиетті жеріміздің мәселесімен түптеп айналысқан ешкім жоқ! Сонау патшалық Ресейдің зымияндықпен қалай отарлағанынан бастап, жерді сату жайлы мәселе парламентке қойылып, тартысты әңгіме әбден шиыршық атып, қызған кезінде соның шулы ортасында жүрді. Жазушылар одағының «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясын басқарды. «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі» және орысша «Танталовы муки Степи» деп аталатын төрт кітабы қыстығып жүріп жазған еңбектері еді.

Алайда билік: «Жерді сатуға болмайды!» деген ағамыздың да, оған қосылғандардың да талап-сөздерін шыбынның ызыңы құрлы елемеді. 2004 жылы тәуелсіздік күні қарсаңында Жазушылар одағында біраз кісілерге ордендер мен медальдар тапсырылды. Солардың ішінде сексендегі Сапекең де болатын. Куәлігіне президенттің өзі қол қойған «Ерен еңбегі үшін» медальі тапсырылар сәтте Сапабек аға: «Қазақ жерін сатқандардың қолынан ештеңе алмаймын!» деп, марапаттан бас тартты. Міне, мәрт мінез! Міне, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге, үрдіс етіп, дүниеқоңыз, мансапқұмар, марапатқұмар бейбақтардың ар-намысын түрткілеп, ұяттарын оятатын бітім-болмыс, кісілік ірілік!..

Біздің билік отаншылдарды онша ұнатпайды. Өздерінде жоқ болғаннан кейін де мемлекетіміздің, қазағымыздың, халқымыздың мүддесі деп, табандап тұратын намысты азаматтарды қаламайды. Олардың аттарын атап кетіп, арам пиғылды биліктің қыжырын қайта қоздырмай-ақ, 2016 жылы атақоныс жеріміз үшін деп Атыраудағы Исатай, Махамбет атындағы алаңға жиналған қарақұрым халықтың арасынан суырылып шығып, дараланған Макс Боқаев пен Талғат Аян сынды жалындаған жастарымызды жазықсыз жазалап, түрмеге тығуын еске алайықшы. Олар не істеді? Қазақстанға, осындай байлығы, әсіресе аждаһалар елі үшін көздің құрты болған жерімізге өзіміз иелік етейік деп алаңға жиналған жұртқа ұйтқы болғаннан бөтен не деді?

Сол кезде халықтың қаһарынан ыққан Н.Назарбаев не деп еді, одан кейін айтқанынан шықпайтын, ат десе – ататын, шап десе – шабатын полицей, сот, прокурорларына не істетті? Осындай айла, әдіс-тәсілдермен ешқандай қылмысты ісі жоқ, мемлекетімізге, оның тәуелсіздігіне, айрандай ұйыған тыныштығына зәредей де төндірген қаупі жоқ азаматтарды, онда да өрімдей жастарымызды аса қауіпті қылмыскер етіп шығарды. М.Әбіләзовтың жазбаларын таратты деген айыппен алматылық Әсет Әбішевті, ақтаулық Абловас Жұмаевты соттады. «Жиһадшылар ісі» деген атпен 7-8 жылға қатаң режимге кесілген Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев, Оралбек Өміровтың тағдырлары да дәл солай. Өз басым сол азаматтардың ұзаққа созылған сотына бастан-аяқ қатыспасам да, бала-шаға, отбастары, ағайын-туыстарының азапты, қасіретті, сонау 1937–1938 жылдардағыдай жәйтке тап болып жатқанын көре тұрып, үнсіз қалмайын, ара түсейін деп куәгер ретінде қатыстым. Істі жүргізген судья Қуаныш Әріпов пен прокурор Дәурен Бұлғынбаевтың алдында бұл бізге беймәлім болып көрінбей тұрған Ұлттық қауіпсіздік комитеті адамдарының қолдан жасаған қылмысы екенін айттым.

– Аға, айтыңызшы, біз кімбіз? – деп сұрақ берді 11 ай бойы абақтыда қамалып, қолы кісенделіп, қоршауда отырған Алмат Жұмағұлов.

– Сендер қазақтың патриотысыңдар! Ал нағыз қылмыскер жиһадшылар – осы қылмысты істі қолдан ұйымдастырғандар. Сендер қазақ халқының мүддесі үшін жер, тіл мәселесін қозғадыңдар, жемқорлық қылмыстың ұйығына батқан елімізді қалай құтқарамыз деп шырылдап, күрестіңдер. Сендер қуғын-сүргін құрбанысыңдар, түбі ақталасыңдар. Алла бәріңе темірдей төзім берсін! – дедім.

Енді не болды? Қара қытай қаптады. Қазақстан қарызға батты. Сатылмаған ештеңе қалмады. Берекесіздік бүкіл жүйені жайлады. Ең ауыры – ұл-қыздарымыз бүлінді. Ертеңге деген сенімнен айырылдық. Бағыт-бағдарымыз беймәлім, әйтеуір өзімізше ілгерілеген боп келеміз. Бізді басынбайтын ел қалды ма? Өйткені бәріне қарызбыз. Араны ашылған тойымсыз билік Қазақстанды «Назарбаевстанға» айналдырды. Елдің, жердің иесі қазақ халқы екенін мүлде ұмытты. Біз бабалардан мирас болған қасиетті жеріміздің де, еліміздің де шын иесі едік.

Мемлекет байлығының 90 пайызы халықтыкі емес. Іргеміздегі қытай талай стратегиялық маңызы бар объектілерімізді иемденді. Жеріміздің қанша бөлігін алғанын «көсеміміз» ғана біледі. Оны меншіктеген қытайлар енді қайтып шөп шықпайтындай ететінін жақсы білеміз. Алайда қарсы жасап жатқан әрекетіміз мардымсыз. «Қытайдан қауіп жоқ» деді жаңажылдық журналистер кездесуінде Нұрекең. Сондықтан шығар, қытай пайдакүнемдеріне салынатын табыс салығын азайтты, қытай тілін үйренуді өсиеттеді.
Президент өсиетінің өңін айналдыра айтатынын ішіміз сезеді. Себебі, сендер кереметсіңдер, сендердей азаматтар бар кезде қазақ жері көркейеді деп отырып, айтқанынан шықпайтын полицейлері мен соттарына жазалаңдар демесе, өр тұлғалы ақын Арон Атабегіміз, Талғатымыз бен Максымыз сотталар ма еді?..

…Доңыз жылының қысы жұмсақтау болып тұр. Алайда көңіліміз алаң. Келген жыл, меніңше, – біздің бірауыз, тіртұтас, бірлікшіл, тірлікшіл болуымызға сынақ болатын жыл. Бізге демократиялық, халыққа қызмет ететін билік керек. Жеке бастың билігіне, бітіп болмайтын өтірігіне тойдық, ішіміз кепті…

Енді қайтпек керек?

Республиканский еженедельник онлайн