Жылыстатылған активтерді елге қайтару мәселелері жөнінде жуықта «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне сұхбат берген едім. Сонда қозғалған тақырыптардан «DAT» газетінің оқырмандары да хабардар болсын деген оймен сұхбаттың толық мәтінін ұсынып отырмын.
Ермұрат Бапи
– Қайтарылған активтердің көлемі туралы мәліметтер жиі жарияланғанымен, олардың қайдан алынғаны, қалай бағаланғаны және нақты қаншасы мемлекет иелігіне өткендігі неге әрдайым ашық айтылмайды?
– Қайтарылған активтердің көлемі мен структурасы туралы айтпас бұрын, жалпы осы науқанның саяси сипаты жөнінде айта кету керек шығар. Менің ойымша, ұрланып-жырланған активтерді қайтару кампаниясы қоғам түгілі, осы науқанға бастамашы мұрындық болған ел Президентінің көңілінен шықпаған сияқты. Оның үстіне сыртқа кеткен активтерді халықаралық құқық нормаларына сәйкес қайтару тәжірибесі болмағандықтан, біздің елдің тиісті мемлекеттік органдары бұл науқанды меңгеріп кете алмады. Ең бастысы – бұл өгізаяң жүріспен ондаған жылдарды сарп етуіміз мүмкін еді және нәтиже көңіл көншітпейтініне көз жетті.
Соның салдарынан үш жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже болмаса, нені мақтанып айта аламыз? Бір деректерде 1,5 триллион теңге, енді бір ақпараттарда 2 триллион теңгеге жуық дедік – нақты сан жоқ. Бұның өзі долларға шаққанда, үш жылда қайтарғанымыз небәрі 4 млрд қана болмақ. Ал ашық ақпаратта біздің сыртқа жылыстатылған қазынамыз 200 млрд долларға жуық деген дерек бар. Оның ақшамен, өндіріспен, бағалы қағазбен, қымбат заттармен, жылжымайтын мүлікпен, т.т. қайтқаны жөніндегі ақпарат та нақты емес.
Егер үш жылдағы қайтарғанымыз $4 миллиард қана болса, $200 мыңды қанша жылда қайтаруымыз мүмкін? Сондықтан активтерді қайтару процесі ел Президенті ойлағандай нәтиже бермегендіктен, уәкілетті органдар жұмыстың болымсыз нәтижесін жария ете беруге де соншалықты құлықты емес деп ойлаймын.
– Мемлекетке қанша актив қайтарылғаны емес, сол активтерді заңсыз иеленуге кімдердің және қандай жағдайлардың мүмкіндік бергені неге басты қоғамдық талқылау тақырыбына айналмай отыр?
– Бұл тақырыпты қоздыру – контенттік дүрмек үшін масс-медиаға ғана қызығушылық тудырғаны болмаса, мемлекет үшін ешқандай қажеттілік емес. Мен бұл орайда өз пайымымдағы жеке нұсқамды айтып көрейін. Артық ажиотаж тудыратын, бұрынғы режим онсыз да 30 жыл бойы бөлшектеп билеген ел ішіне іріткі салатын текетірес қоғамды жасампаздыққа жұмылдыру идеясына кереғар ұғым болады.
Активтерді заңсыз иеленіп кеткен олигархаттың мүддесін қорғайтын «кесірткелік жаны қалған» күштер бар және олардың «кэш» капиталы пішен. Оларға онлайн қоғамды дүрліктіру үшін блогосфераның белсенділерінен жақтас табу түкке тұрмайды. Егер бүгінгі билік активтерді заңсыз иеленіп кеткендердің түр-тегін анықтау кампаниясын қоздыратын болса, қарсы тарап өздерін қорғауға әрекеттенеді. Соның нәтижесінде әлеуметтік ортаның діни негізде жақ-жақ болып бөлшектенгені сияқты, тағы бір қырықпышақ қырқыс басталады. Сондықтан бүгінгі өкімет өз бастамасымен мұндай жік-жапар дабыра тудыруға мүдделі болмаған сыңайда.
– Активтерді қайтару саясаты байлықтың заңсыз шоғырлануына мүмкіндік берген жүйені өзгерте алды ма, әлде оның салдарын ғана жоюмен шектеліп отыр ма? Егер активтерді қайтару процесінің өзінде заң бұзушылық, қаражатты тиімсіз пайдалану немесе мүдделер қақтығысы анықталса, оған нақты кім жауап береді?
– Бұл сұрағыңыз екі бөліктен тұрады екен. Біріншісіне айтарым – активтерді қайтару саясаты қарқын алмай жатып доғарылуы себепті сыртқа қарай ұрлық-қарлық жасау жүйесін түбірімен өзгертіп тастады деп айтуға келмейді. Бұл саясаттың сипаты өзгеріп, жылыстатылған активтерді елге инвестиция ретінде кері кіргізу, қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру арқылы активтерді қайтару процесіне жаңаша мүмкіндік жасау саясаты қалыптасуда. Қазақшалап, қарадүрсін айтқанда, «ұрлықшыларға» стимул жасалуда. Бастысы – жылыстатқан ақшаңды елге оралт, соның нәтижесінде жаңа өндіріс орындарын сал, энергетикалық секторға жәрдем жаса, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын аш, «лас» қаржыңды жуып-шайып, тазартып ал! Сенің сырттан инвестиция ретінде кіретін қаражатыңның аккумуляциясы мен шыққан тегінде біздің шаруамыз жоқ, ең бастысы – ұлттық экономиканы дамытуға ақшаңды құй! Міне, бүгінгі саясаттың менің түйсігімдегі қарапайым түсінігі осы!
Егер активтерді қайтару саясатының сипаты дәл осы мазмұнға ауысса, мен бұны да қолдаймын. Себебі бұрындары жылыстатылған активтер 10–15 жылдың ішінде нешетүрлі схемамен қолдан-қолға өтіп кетті, бенефициарлары да өзгерді, шетелдік юрисдикцияда олармен соттасып жүру ұзақ процеске және орасан зор шығынға айналады. Бүгінгі ұлттық экономиканың қаржыға мұқтаж болған жағдайында «мысықтың түсі қандай болғаны маңызды емес, тышқан ауласа болғаны» деген тәмсілге ден қоюдан басқа лаж жоқ.
Сұрағыңыздың екінші бөлігі турасында айтар болсам, ақша жүрген жерде мүдделер қақтығысы болмай қоймайды. Бұл – капитал билеген нарықтың жазылмаған заңдылығы. Бірақ ендігі жерде активтерді қайтару процесінде заң бұзушылық орын алатын болса, оның жүріс-барысын бақылайтын, оған жауап беретін тиісті мемлекеттік органдар бар. Бас прокуратураның құрамындағы бұрынғы Активтерді қайтару комитеті Инвестицияны қорғау комитеті болып қайта құрылды. Ел Президенті мен Үкімет барлық жауапкершілікті осы комитеттен сұрайды деп ойлаймын. Сонымен бірге халықтық қазынаны көзінің қарашығындай қорғауы тиіс Қаржы мониторингі агенттігі мен бұрынғы «Антикор» бар.
– Былтыр бір сөзіңізде «ескі қазақстандық элита» билікке қайта оралуды көздеп, астыртын күресін жалғастырып жатқанын айтқан едіңіз. Егер бұрынғы элитаның мүдделі топтары мемлекеттік ресурстарға қайта ықпал етуге ұмтылып жатса, қайтарылған активтердің қайтадан жекелеген топтардың мүддесіне қызмет етпеуіне қандай кепілдік бар?
– Қандай кепілдік барын айтатындай, құзіретті сөзім жоқ! Ал егер өзімнің жеке пікірімді айтар болсам, транзиттік экономика елінде бәрі мүмкін! Алғашқы капиталдың кіршіксіз тап-таза болмайтыны белгілі жәйт. Энергетикалық секторға араб елдерінен кірген инвестициялық топтар басым қызығушылық тудырып жатқанын депутаттық трибунадан да айтқаным бар. Ал энергетика – экономиканың драйвері екені даусыз аксиома. Сонымен бірге электр тоғын жағып-өшіретін «рубильник» деген тетік және «тариф» деген құдірет тағы бар. Ол кімнің қолында болса – құдай да сол! Олардың қоғамда әлеуметтік толқу тудыру мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды…
– Қайтарылған активтерді әділеттілікті қалпына келтірудің нақты нәтижесі деп бағалау үшін қандай дәлелдер мен тәуелсіз аудит қорытындылары қажет?
– Бұл енді таза қаржы-экономикалық тұжырымды қажет ететін сұрақ болғандықтан, мен бұған нақты сарапшылық пікір айта алмаспын. Бір білетінім – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бір ғана аудиттің әлі келмейді. Бұған бүкіл мемлекеттік пәрменнің жетегімен тұтас ұлттық (этникалық деп түсінбеу керек) саясатты қажет ететін науқан арқылы қол жеткізуге болатын шығар. Қысқасы, жылыстатылған активтерді қайтару – қалпақпен қағып алатын мәселе емес екендігіне менің көзім әбден жетті.
– Жалпы заңсыз активтерді қайтару жөніндегі заңға қатысты пікіріңіз қандай? Заң қаншалықты өз деңгейінде жұмыс істеп тұр?
– Активтерді қайтару кампаниясы инвестицияны қорғау саясатына ауысқан соң, бұл заң бүгінде пәрменді жұмыс істеп тұрғанына күмәнім бар. Бәлкім, жекелеген нормалары болмаса, заңның тұтас сипаты өзінің алғашқы мақсатынан өзгерді деп ойлаймын. Бірақ қалай болғанда да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді қайтару талабын өзінің сайлауалды бағдарламасының басты пункттерінің бірі ретінде атағанын еске алатын болсақ, бұл тақырып мемлекеттік саясаттың басты тармағы ретінде қатаң бақылауда тұр деп ойлаймын.
Егер «Карметтің», «Қазақмыс» пен ERG-дің ел экономикасына қайтарыла бастағанын ескерсек, ел Президенті өз саясатына берік деп тұжырым жасауға болады. Бірақ бір өкініштісі – бірте-бірте активтердің қайтып жатқанын әлде қоғам түсінбеуде, әлде тиісті уәкілетті органдар қоғамға бұл мәселені жеткілікті түсіндіріп бере алмауда. Қалай болғанда да, бұл тұрғыда қоғам тарапынан қолдау танытылған тренд тапшы сияқты. Қысқасы – активтерді инвестициялық жолмен қайтару процесі мен бұл бағыттағы оң нәтижелерді насихаттау тақырыбы кемшін болып тұр деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Зейін ЕРҒАЛИҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»