Сыбайлас жемқорлықпен күрес – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы мен құқықтық жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі бағыттардың бірі. Қазақстанда бұл мәселе мемлекеттік саясаттың басымдықтарының қатарында қалып отыр. Ел билігі қабылдап жатқан заңнамалық өзгерістер, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары, білім беру мекемелеріндегі ағартушылық іс-шаралар қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын орнықтыруға бағытталған жүйелі саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл бағытта құқықтық сауатты арттыру, қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту, жастар арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру және қоғамда жемқорлыққа мүлде төзбеушілік көзқарасын орнықтыру аса маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Осы мақсатта еліміздің мемлекеттік органдары мен ұйымдарында тұрақты түрде түсіндіру және алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ретінде 2026 жылғы 12 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы С. Оразбеков ұжым қызметкерлерімен кездесу өткізіп, қызметтік міндеттерді орындау кезінде ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын сақтау мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Кездесуде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдепті сақтауы, заң талаптарын бұлжытпай орындауы және кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жауапкершілігі ерекше атап өтілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтау мәселелері білім беру және ғылыми ұйымдарда да ерекше назарға алынған. 2026 жылғы 29 маусымда Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында осы тақырыпқа арналған түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шарада орталықтың комплаенс-офицері Б. Дәулетбаева мекемеде қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ереже, Стандарт, Саясат және қызметкерлердің әдеп қағидалары туралы кеңінен баяндады. Ол барлық қызметкердің осы ішкі нормативтік құжаттардың талаптарын қатаң сақтауы ұйым қызметінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар кездесуде мекеме қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының қорытындылары таныстырылды. Ішкі талдау нәтижелері ұйым қызметінде кездесуі мүмкін тәуекелдерді ерте анықтап, олардың алдын алу шараларын жетілдіруге мүмкіндік беретіні айтылды. Комплаенс-офицер қызметкерлерге қандай да бір мүдде қақтығысының белгілері байқалған жағдайда бұл туралы дереу комплаенс-қызметке хабарлау қажеттігін еске салды. Сонымен бірге әрбір қызметкердің кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтауы, өз қызметінде заң талаптарын басшылыққа алуы және жеке жауапкершілікті сезінуі ұйымдағы адалдық қағидаттарын нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі екені айтылды.
Соңғы жылдары елімізде комплаенс жүйесінің рөлі едәуір күшейіп келеді. Мұндай қызметтердің негізгі міндеті – ұйым ішіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, алдын алу, ішкі бақылау жүйесін жетілдіру және қызметкерлерге заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Комплаенс-қызметтердің тиімді жұмысы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы ашықтық деңгейін арттырып, басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай құрылымдардың қызметін дамыту қазіргі кезеңдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды элементіне айналып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығына бірнеше рет ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің барлық саладағы даму бағытына қатысты өзекті мәселелерді қозғай отырып, сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың өзгермейтін басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес мәртебесіне қатысты қоғамда туындаған пікірлерге түсінік беріп, қабылданған шешімнің басты мақсаты агенттік пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті функцияларының қайталануын болдырмау екенін айтты. Сонымен бірге мемлекет басшысы бұл өзгерістердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың әлсіреуін білдірмейтінін нақтылап, аталған бағыттағы жұмыстардың бұрынғыдай жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді және бұл мәселеге қатысты ешқандай күмән болмауға тиіс.
Президент сұхбатында құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы түсіндіру және ағарту жұмыстарының маңыздылығына да ерекше назар аударды. Оның пікірінше, жемқорлыққа қарсы мәдениет құқық қорғау органдарының қызметімен ғана емес, алдымен қоғамдағы тәрбие жүйесі арқылы қалыптасуға тиіс. Балалар мектеп қабырғасынан бастап адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын бойына сіңіруі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарға ата-аналар, педагогтер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың қатысуы қоғамда парасаттылық құндылықтарын орнықтыруға үлкен ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ісінде жоғары оқу орындарының атқаратын рөлі ерекше. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі мемлекеттік қызметші, кәсіпкер, инженер, дәрігер немесе педагог. Сондықтан олардың кәсіби даярлығымен қатар, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру аса маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы бағытта Шәкәрім университетінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Университетте білім алушылар, профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Нәзигүл Ғазизованың айтуынша, университетте студенттерге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні оқытылады. Сонымен қатар тұрақты түрде ұйымдастырылатын парасаттылық сағаттары жастардың бойында адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға, әділеттілік қағидаларын дәріптеуге және жауапты азаматтық ұстанымды нығайтуға бағытталған.
Жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық мәселесі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды бөлігі. Университет қабырғасындағы әділетсіз бағалау, плагиат, білімді бағалаудағы бейтарапсыздық немесе басқа да заңсыз әрекеттер болашақ мамандардың кәсіби этикасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан білім беру ұйымдарында әділдік, ашықтық және академиялық адалдық қағидаларын сақтау – сапалы білімнің ғана емес, қоғамның болашақтағы тұрақты дамуының да кепілі.
Бұл ретте заңнаманы жетілдіру де ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы жуырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Қабылданған заң еліміздің 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға, сондай-ақ халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізуге бағытталған маңызды құжаттардың бірі саналады.
Жаңа заң аясында мүдделер қақтығысының әлеуетті және орын алған түрлері нақты ажыратылып, олардың әрқайсысына қатысты әрекет ету алгоритмдері белгіленді. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызмет пен ұйымдардағы басқару үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен жасалған мәмілелердің жарамсыз деп танылуы мүмкін екендігі заңнамалық деңгейде нақтыланды.
Заң аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің мәртебесі де айтарлықтай күшейтілді. Енді олар тек директорлар кеңесіне немесе байқау кеңесіне есеп береді, атқарушы органдардан тәуелсіз түрде өз өкілеттіктерін жүзеге асырады және уәкілетті органмен тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Бұл өзгерістер комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, олардың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ерік ЕЛЕУСІЗ