Заңға құрмет – елге құрмет
Әрбір мемлекеттің ең басты байлығы – оның табиғи ресурстары немесе экономикалық әлеуеті ғана десек, алдымен ел ішіндегі тыныштық пен қоғамдық тұрақтылық болады. Азамат өзін қауіпсіз сезінетін қоғамда ғана сенім қалыптасып, мемлекет тұрақты дамуға қадам басады. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік мәселесі бүгінгі таңда тек құқық қорғау органдарының қызметімен ғана шектелмейтіні рас. Ашық қоғамның түп негізі – заңның үстемдігі. Конституция бойынша мемлекет пен оның ең басты байлығы саналатын азамат – заң мен құқыққа негізделген тірек. Ұлттық қауіпсіздік тек мемлекеттің шекарасын қорғаумен шектелмейді, ол – әрбір азаматтың бейбіт өмір сүруіне кепілдік беретін кешенді жүйе. Қауіп-қатердің жаңа түрі мен туындауына жол бермеу үшін қоғамда құқықтық мәдениет қалыптасуы керек, ал қылмыстың алдын алу тек жазалау емес, заң нормаларын құрметтеуден басталады.
Ұлттық қауіпсіздік ұғымы кең мағынаға ие. Ол мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаумен қатар, қоғамдық тәртіпті нығайту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мақсаты – Қазақстанның ұлттық мүдделерін нақты және ықтимал қауіптерден қорғау болып анықталған. Заңдар мызғымас болса, әр азамат өз құқықтары қорғалатынына сенеді. Мысалы, ҚР Конституциясы «мемлекет өзінің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген ұстанымды басшылыққа алады. Заң үстемдігі орнаған елде ғана сенім мен тұрақтылық орнап, азаматтар ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Қылмыс – қоғамды әлсірететін зұлымдық. Қылмыспен күрес тек жазалау шарасымен шектелмей, оның себебін жоюға бағытталуы қажет. Мысалы, 2025 жылы қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң құқық бұзушылықтың алдын алудың жүйелік негізін бекітті. Заңда мемлекеттік органдар ғана емес, азаматтардың өзі де қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі белсенді субъект ретінде қарастырылған. Мұндай тәсіл арқылы жаңа заңдарды тиімді іске асырып, құқық бұзудың түбегейлі себептерін жоюға болады. Қылмыс – жеке адамның ғана тағдырымен қоса,тұтас мемлекеттің тұрақтылығына әсер етеді. Әсіресе интернеттің кеңінен дамуына байланысты оның теріс жағынан: киберқылмыс, қаржылық алаяқтық және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты құқық бұзушылықтар көбейіп келеді.Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар да қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Мұндай мәселелермен күрес тек заң бұзушыларды жауапкершілікке тартумен шектелмеуі керек. Ең тиімді жол ол олардың туындауына себеп болатын жағдайлардың алдын алу.Бұл бағытта құқықтық мәдениет қалыптастыру маңызды рөл ойнайды. Заңға құрмет көрсету мектеп қабырғасынан басталып, отбасындағы тәрбиемен ұштасуы қажет. Балалар мен жастар өз құқықтарын ғана емес, өз міндеттерін де жақсы түсінгенде, қоғамда жауапкершілік өркениеті қалыптасады.Әділдікке негізделген тәрбие азаматтық сананың нығаюына ықпал етіп, құқық бұзушылықтың азаюына оң әсер етеді.Қазіргі таңда Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда,және даму жолында. Цифрлық технологиялардың енгізілуі құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіріп, қылмыстың алдын алуға мүмкіндік беруде. Бейнебақылау жүйелері орнатылуда, электрондық қызметтер және ақпараттық жүйелер құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға ықпал етеді. Дегенмен қауіпсіз қоғам құру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін түсіну қажет. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарағанда ғана бұл жұмыстар өз жемісін береді.Заң үстемдігі – демократиялық мемлекеттің басты қағидаларының бір деп таныладыі. Заң бәріне бірдей болған жағдайда ғана әділеттілік орнап, қоғамда өзара сенім қалыптасады. Ал сенім бар жерде бірлік күшейіп, мемлекет дамудың жаңа белестеріне көтеріледі. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүкіл қоғамның ортақ міндеті.Әрбір азаматтың ықпалы тие отыра ‚саналы ұрпақ қалыптастыру мүмкіндігі ашылады.
Қорытындылай келе, ұлттық қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы күрес өзара тығыз байланысты ұғымдар екені анық. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру үшін заңның үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті дамыту және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру қажет. Заңға құрмет көрсетілген жерде тәртіп орнығып, тұрақтылық нығаяды. Ал тұрақтылық мемлекеттің өркендеуі мен халықтың жарқын болашағының берік кепілі.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын