(Орыс тілді диалогты қазақшаға аударып, депутат жазған боямасыз репортаж)
Степногор қаласына барып, абақтыда жатқан Марат Жыланбаевпен кездесіп қайттым (12.10.2025). Бұл кездесуді жыл басынан бері жоспарлап жүрген едім. Бір сәтін түсіре алмағам: жұмыс күндері мұрша болмайды, демалыс күндерім тағы да өз иелігімде болмайтын кез көп…
Ақыры «Жыланбаевтың түрмедегі қал-ахуалы нашарлап кетіпті…» деп, жекелеген жақтастары әлеуметтік желіде дабыл қаққан кезде жағдайын дереу біліп қайтудың сәті түсті.
Бірден айтайын: бұрын түр-тұрпатын суреттен болмаса, тіке көрмеген адамым еді. Сырт көзге бір қарағандағы сипаты жаман емес сияқты: дауысы жарқын, жүзі ашаң, сөзі мүдіріссіз. (Менің КУИС органына жолдаған сауалыма орай Жыланбаевтың жағдайын сипаттаған жауаптың фото-көшірмесіне көз салыңыз).
Әңгімелесу барысында мекемедегі режимнің өзіне қатысты шектеулерін айтып, ара-тұра күліп отырды. Әзілден құралақан емес екен. Колония ішіне фото-видео-аудио аппараттар алып кіруге болмайды, сондықтан екеуара диалогтың қысқаша тұспалы төмендегідей болды:
«– Денсаулығыңыз қалай?
– Айтарлықтай шағымым жоқ.
– Қатты арықтап кетті деп «Фейсбуктегі» жақтастарыңыз шулап жатыр… Бірақ түріңіз ондай емес, кәдімгі спортшының сымдай әлпеті».
– Иә, қазіргі күйім жаман емес. Бірақ аштық жариялаған кезде қатты арықтап кетем. Тіпті жамбас етіме дейін қашып кететіндіктен, тақыр орындықта ұзақ отыру мүмкін болмай қалады…
– Ендеше денсаулыққа зардап келтіретін аштықты қысқарта тұру керек шығар?..
– Менде аштық жариялаудан басқа наразылық танытудың амалы жоқ. Сондықтан бұл саяси акцияға анда-санда жүгініп тұруға тура келеді.
– Аштығыңыз құрғақ па?
– Жоқ, су және басқа да сұйық шырын-сусын ішем.
– Наразылықтың тақырыбы не?
– Мені екі бап бойынша – экстремизм және терроризм айыбымен соттады. Бұл екеуін де мойындамаймын! Сондықтан наразылық мәлімдемесі ретінде ауық-ауық аштық жариялап тұрам.
– Бірақ бұл наразылыққа колония әкімшілігінің қатысы жоқ қой, егер талабыңыз жүзеге асса, бұл сот арқылы ғана шешілетін мәселе емес пе?
– Әрине, сот арқылы жүгіну қажет… Тиісті сот пен прокуратура органдарының назарын осылай аудартып тұрудан басқа жол жоқ.
– Сотқа шағымдану мүмкіндігі (инстанция) қалды ма?
– Иә, жаңадан құрылған кассациялық сотқа жүгінуге мүмкіндігім бар. Қазір оған өзім шағым жазып жатырмын.
– Шағымның бір көшірмесін менің атыма жолдай аласыз ба?
– Мен оны қолмен жазып жатырмын, өзімде копиркадан өткен көшірме нұсқа ғана қалады.
– Шағым дайын болған кезде маған хабар беріңіз, ксерокстан шығаруға көмек етіңіздер деп, КУИС басшылығынан сұраймыз. Сіздің шағымыңызды тиісті органдар арқылы қозғауға мен де әрекеттеніп көрейін.
– Рақмет!
– Колония әкімшілігіне қандай шағымыңыз бар?
– Стадионда жүгірейін десем, рұқсат бермей отыр…
– Неге? Қандай сылтау айтады?
– Ішкі тәртіпке сілтеме жасайды”.
(Стадионда жүгіруге рұқсат бермейтін ішкі тәртіптің мәнін сұрағанымда, колония әкімшілігі кейіннен мынадай жауап берді:
«Осындағы барлық сотталушының әрқайсысы көңілі қалаған спортпен айналысу талабын қойып, бірі – жеңіл атлетика, екіншісі – ауыр атлетика, енді бірі – гимнастика, т.б. дейтін болса, оның бәрін орындау мүмкін емес. Ішкі режим барлық сотталушыға ортақ. Егер біз Жыланбаевқа ерекше рұқсат беретін болсақ, бұл прецедент мекеме ішіне жедел тарайды. Өздерін әділетсіз сотталдым деп санайтындар бұл жағдайды қолма-қол пайдаланып, наразылық тудыруы әбден мүмкін»).
– Тағы қандай шағым айтасыз?
– Колонияда тышқан қаптап кетті. Өткенде карцерде отырғанымда, екеуін ұстап алып, колония басшылығына беріп жібердім.
(Тышқан тақырыбын ДУИС басшылығы мойындап отыр: түрме ескі, күрделі жөндеу көрмегелі көп болды, санэпидемия мамандары жұмыс істеп жатыр).
– Емделуге мұқтаждық бар ма?
– Әзірге қажет емес.
– Қол көтеру, ұрып-соғу бола ма?
– Жоғ‑ә! Саяси сотталғандарға күш көрсету, ашық қысым жасау деген болмайды…
– УДО-ға өтініш беру ойыңызда жоқ па?
– Жоқ, маған УДО қажет емес! Мен таза ақталып шығуым керек. Егер УДО-ға өтініш берсем, онда маған таңылған айыпты мойындағаным болады.
– Енді ше? Не істемек керек?
– Если не оправдают, то буду сидеть от звонка до звонка!
– Түсінікті… Басқа не айтасыз?
– Рақмет! Бақытжан Төреғожинаға және мені сұрағандарға сәлем айтыңыз!
– Құп! Оны орындау қиын емес.
Қоштасар кезде сәлем-сауқат ретінде ала келген тәтті-мәтті, шәй-пәй салынған пакетті ұсындым. Бетінде жатқан бірер блок темекіні нұсқап:
– Мәке, әйгілі спортшы екеніңіз елге мәлім, темекі әкелгеніме айып етпеңіз! – дедім.
– О‑о, оныңыз не?! Темекі бұл жерде «твердая валюта» ретінде жүреді ғой! – деп, Марат өзінің әзілге бейім жайдары жүзін танытты».
***
«Адам құқығын қорғаушы ұйымдар «саяси тұтқын» деп айдар таққан сотталғандармен жұмыс істеу КУИС ведомствосы үшін де оңай емес. Олардың басынан бір тал шаш түспеуін қадағалаймыз, – дейді колония басшылығы. – Ертеңгі күні әлдебір кенет жағдайға бола бізді жазғырмау үшін, Жыланбаевты кенже баламыздай қорғаштаймыз. Негізі біз режим тәртібі бойынша, барлық сотталғандарға бірдей қарауға тырысамыз. Сіздің немесе адам құқығын қорғаушылардың Жыланбаевқа келіп кеткенін естіген басқалар бізді неге қабылдамайды деп, наразылық білдіріп жатады. Шынын айтқанда, олар мұны алалау деп қабылдайды».
(Бұл уәж құлаққа «кіреді». Сондықтан Марат Жыланбаевқа депутат іштей ілтипатын көрсеткен екен деп, дабырашыл дүйімнің дауына қалмау үшін, бұл кездесуде мен де нейтрал болуға тырыстым).
Демалыс күндерін сарп етіп, менің Жыланбаевпен жолығу жөніндегі өтінішімді уәжсіз қабыл алған, колониядағы жағдайдың жай-жапсарын ешбір боямасыз баяндап берген Ақмола ДУИС-нің қызметкерлері мен мекеме әкімшілігіне ағалық алғысымды айтамын!
PS. Айтпақшы, Марат Жыланбаев 13 қазаннан бастап өзінің кезекті аштығын жариялады. Ол қаншаға созылары белгісіз. «Денсаулықтың сыбырын күтем ғой» деген еді Марат аштық жариялау жағдаятын айтқанда. Онысы қатерден сақтанам дегендей естілді.
Ал менің Марат Жыланбаевқа қатысты «Азаттыққа» эксклюзивті тұрғыда берген аудио-сұхбатым басқа ресурстарға одан бұрын және сілтемесіз шығып кеткенін түсіне алмай отырмын. «Азаттықтың» басшылығы «утечка» қайдан және қалай кеткенін анықтайды деген сенімдемін.
Ермұрат БАПИ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 17.10.2025