Тәуелсіз мемлекет ең алдымен шекарасымен емес, өз елін жүрегімен сүйетін азаматтарымен мықты. Елдің қуаты табиғи байлықпен, экономикалық көрсеткіштермен немесе заманауи технологиялармен ғана өлшенбейді. Оның шынайы күші қоғамдағы татулықтан, заңға деген құрметтен және ортақ Отанға деген адалдықтан бастау алады. Сондықтан патриотизм, бірлік пен тұрақтылық Қазақстанның ертеңгі дамуының басты кепілі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1‑бабының 2‑тармағында Мемлекет қызметінің түбегейлі принциптері ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу айқындалған. Бұл қағидаттар еліміздің тұрақты дамуының құқықтық әрі рухани негізін құрайды. Өйткені қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизм үстемдік құрған қоғамда ғана азаматтар өз болашағына сеніммен қарап, мемлекет дамуына жауапкершілікпен үлес қоса алады. Патриотизм көбіне туған жерге деген сүйіспеншілікпен байланыстырылып жатады. Алайда оның мазмұны әлдеқайда терең. Нағыз патриотизм елдің игілігі үшін адал еңбек ету, заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгелердің құқығына сыйластықпен қарау және мемлекет тағдырына бейжай қарамауымен белгіленеді.Отанға деген сүйіспеншілік жалынды сөздермен емес, күнделікті әрекетпен дәлелденеді.Көшеде тазалық сақтау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, өз кәсібін адал атқару немесе жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруде мұның бәрі азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.Қазақстанның басты ерекшелігінің бірі ол оның этностық және мәдени әралуандығы. Түрлі ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында татулықта өмір сүруі тәуелсіз еліміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі болып саналады. Бірлік айырмашылықтарды жоққа шығару емес, керісінше, сан алуан мәдениетті құрметтей отырып, ортақ мақсатқа ұмтыла білу. Халық даналығындағы «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақылдың мәні бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өйткені өзара сенім мен сыйластық қалыптасқан қоғам ғана сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алады.Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің айшықты белгілері. Олар халқымыздың ғасырлар бойғы арманын, тәуелсіздік жолындағы күресін және болашаққа деген сенімін бейнелейді. Конституцияның 34-бабының 2‑тармағына сәйкес, әрбір азамат Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Ал 36-баптың 1‑тармағында Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті екені белгіленген. Сонымен бірге 37-бап тарихи және мәдени мұраны сақтау мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қастерлеуді азаматтық міндет ретінде айқындайды. Бұл нормалардың барлығы патриотизм ұғымының тек сезіммен ғана шектелмейтінін, оның нақты азаматтық жауапкершілік пен іс-әрекет арқылы көрініс табатынын дәлелдейді. Бұл ұлттық сана мен азаматтық мәдениеттің көрсеткіші.
Өкінішке қарай, кейде мемлекеттік рәміздерді тек ресми мерекелерде ғана еске алатын көзқарас кездеседі. Шын мәнінде,көк Ту — әрбір халықаралық жеңісте халқымыздың мерейін үстем ететін қасиетті белгі, Әнұран — миллиондаған қазақстандықтың жүрегін біріктіретін рухани күш, ал Елтаңба — ортақ тарихымыз бен мемлекетіміздің тұтастығын білдіретін ерекше нышан. Оларды құрметтеу өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екені айқын.
Қорытындылай келе, патриотизм – ұран емес, азаматтың күнделікті өмір салты. Бірлік – өзара құрмет пен ортақ жауапкершіліктің жемісі.Ал мемлекеттік рәміздер – халқымыздың жүрегін біріктіретін рухани құндылық. Біз көк байраққа құрмет көрсеткен сайын, шын мәнінде, өз мемлекетіміздің болашағына деген сенімімізді, ата-баба аманатына деген адалдығымызды және келер ұрпақ алдындағы азаматтық парызымызды құрметтейміз.Тәуелсіз Қазақстанның еңсесі биік,болашағы баянды болуы әрқайсымыздың жүрегіміздегі патриотизмнен басталады.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын