Қазақстанның қаржы нарығында соңғы жылдағы ең ауқымды реформа аяқталып, банктердің қызметі мен қарапайым азаматтардың құқығын қорғау тәртібіне түбегейлі өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында айтып, ел үшін ең өзекті саналатын бірқатар сауалдарға жауап берді.
Агенттік басшысының айтуынша, халықты қарыз қамытынан қорғау үшін тұтынушылық несие беру талаптары заң жүзінде едәуір қатайтылған. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға, сондай-ақ соңғы үш жылда қарызы сот немесе банк арқылы кешірілген, не соңғы бір жылда қайта құрылымдау жасалып, бірақ төлемін өтей алмаған борышкерлерге жаңа несие беруге түбегейлі тыйым салынған. Осылайша халықтың шамадан тыс қарыздануына тосқауыл қойылған.
Әбілқасымова азаматтардың төлем қабілетін қорғауға бағытталған жаңа талаптардың алғашқы оң нәтижелерін де жариялады.
«Тәуекелі жоғары қарыз алушыларды несиелендіруге шектеу қойылды. Сондай-ақ 2027 жылдан бастап қарыз алушының табысына шаққандағы жиынтық қарыз коэффициенті енгізіледі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ірі банктер бойынша бір жыл ішінде дефолтқа ұшырайтын несиелер үлесі 5 пайыздан 2,5 пайызға дейін қысқарды», – деп мәлімдеді агенттік басшысы.
Соның арқасында кепілсіз тұтынушылық қарыздардың өсу қарқыны 2024 жылғы 30 пайыздан 2025 жылы 14,6 пайызға, ал биылғы жеті айда 3,5 пайызға дейін бәсеңдеген.
Саладағы реформаның ең маңызды нәтижелерінің бірі – бұдан былай банкротқа ұшырап, қызметі ешкімге ешқандай пайда әкелмейтін банкті халықтың ақшасымен құтқаруға тыйым салынды. Мемлекет банктерді салық төлеушілердің есебінен құтқару тәжірибесінен біржола бас тартты. Бұрын жеке меншік банктер күреп пайда тауып, акционерлеріне миллиардтаған дивиденд үлестіретін, ал қаржылық қиындық туса, мемлекетке қарап отыратын. Жаңа реформа банк қожайындары мен топ-менеджментінің жауапкершілігін бірінші орынға қойды.
Енді ұлттық реттеуші жыл сайын банктердің 85 пайызына толықтай стресс-тестілеу мен активтердің сапасына тексеру жүргізеді. Егер банкте қаржылық тәуекел анықталса немесе капитал жеткіліксіз болса, Агенттік акционерлерге дивиденд төлеуге тікелей шектеу қояды немесе мүлдем тыйым салады.
«Жеке банктің проблемасын салық төлеушілер өтемеуі тиіс. Шығынды ең алдымен акционерлер мен инвесторлар көтереді. Мемлекеттік қолдау тек қаржылық тұрақтылыққа қатер төнгендегі ең соңғы амал ретінде ғана қарастырылады, ал мемлекет тартқан шығын кейін банк секторы есебінен өтеледі», – деп мәлімдеді Мәдина Әбілқасымова.
Елімізде зейнетақы активтерінің көлемі 27 триллион теңгеден асқан. Ал ашылған брокерлік шоттар саны 5,2 миллионға жеткен. Алайда жинақтар әлі күнге дейін ел экономикасына толыққанды ұзақ мерзімді инвестиция болып құйылмай отыр. Осы олқылықты жою үшін «Капитал нарығы туралы» жаңа заң қабылданбақ.
Басты жаңалықтың бірі – зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру аясы айтарлықтай кеңейтіледі. Жеке компаниялар арасында бәсеке күшейіп, олар халықтың зейнетақы қаржысын көбейту үшін түрлі инвестициялық стратегиялар мен қорларды дамытады. Зейнетақы қаржысы ірі корпоративтік облигациялар мен акцияларға салынып, ұзақ мерзімді табыс көзіне айналуы тиіс.
Сонымен бірге қор нарығында қарапайым инвесторларды алдап соғуға жол бермейтін «клиент үшін ең тиімді орындау» қағидаты енгізіледі. Бұл брокердің өз пайдасын ойламай, азаматтың тапсырысын нарықтағы ең тиімді бағамен орындауын талап етеді. Ал іштен құпия ақпарат таратып, биржалық бағаны қолдан ойнататындарға (инсайдерлік саудаға) қарсы цифрлық сүзгі қойылады.
Орта бизнес үшін де жеңілдік қарастырылған: ЖШС мен АҚ арасындағы жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық форма енгізіліп, компанияларға артық бюрократиясыз-ақ биржаға шығып, инвесторлардан қаражат тартуға мүмкіндік беріледі.
Биылғы шілде айынан бастап қаржы нарығында мінез-құлықтық қадағалау жүйесі іске қосылды. Осылай басты назар банктер жарнамасының шынайылығына, жасырын комиссияның болмауына және клиентке еркінен тыс қосымша қызметті тықпаламауға аударылмақ. Осы мақсатта агенттік жасанды интеллект негізінде жылына 180 мың шағымды сүзгіден өткізетін арнайы цифрлық жүйені іске қосқан. Жыл соңына дейін елімізде банктер, микроқаржы ұйымдары және сақтандыру компанияларымен арадағы барлық дауды сотқа дейін бір орталықта шешетін Бірыңғай қаржылық омбудсмен институты құрылады.
Бұған дейін отандық банктер өндіріс пен шаруашылықты несиелеуге құлықсыз болып, халыққа тұтынушылық қарыз таратумен ғана айналысады деген сын жиі айтылатын. Агенттік басшысының мәліметінше, соңғы бес жылда осы үрдіс түбегейлі өзгерген. 2021 жылдан бастап бизнеске берілген несие көлемі жыл сайын орташа есеппен 15,3 пайызға тұрақты өсіп отырған. Нәтижесінде кәсіпкерлерге берілген қарыз көлемі екі еседен астам ұлғайып, 16,1 триллион теңгеге жеткен. Ең басты жетістік – банктен қарыз алып, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер саны бұрынғы 57 мыңнан 597 мыңға дейін көбейіп, 10 еседен астам өсім көрсеткен.
Агенттік төрағасы банк секторының басты басымдығы тұтынушылық қарыздан экономиканың нақты секторына қарай ойысқанын атап көрсетті.
«Банк секторы жинақталған қаржылық тұрақтылық қорын бизнеске, инвестицияларға және экономикалық өсімге әлі де көбірек жұмсауы қажет», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Бүгінде елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90 пайыздан астамы интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалады. Мұндай ауқымды цифрландыру жағдайында азаматтардың шоттарын хакерлік шабуылдардан қорғау үлкен мәселеге айналып отыр.
Осыған байланысты Агенттік қаржы секторының кибертұрақтылығын қамтамасыз ететін «QAINAR» атты арнайы цифрлық орталық құрған. Орталық қауіп төнгеннен кейін емес, хакерлер кіретін саңылауларды алдын ала табу үшін банктермен жыл сайын тұрақты салалық кибержаттығулар өткізетін болады.
Сарбас ӘЛІМ, «D»