Мына дүбірлі дүниеде әлемдік өркениет көшінен қалып қоймай, «жаһандану» атты қан-жыны араласқан қойыртпақ қоғамда ұлттық бірегейлігімізді сақтай отырып, әлемдік қауымдастықтан өз орнымызды ойып тұрып алу – біздің бірінші кезектегі міндетіміз болса керек… Ту‑у, жазып біткенше өзім де шатасып қалғандаймын. Негізі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі қазақ қоғамында, күнделікті тірлігімізде қолданып жүрген салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызға қатысты ескертпелері мен бастамалары турасында айтпақшы едім…
Иә, неміс философы Фридрих Ницше тұжырымдағандай: «Мәдениет мәжбүрлеуден басталып, кейіннен әдетке айналады!» Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Осы орайда Президентіміздің қоғамда қордаланған түйінді мәселелерге, кейінгі кездері қалыптасқан әдет-ғұрыптарға үн қатып, өз пікірін білдіріп отыруын құп көргенбіз. Тіпті көлік қозғалысы ережелерін бұзғандарды, қақырып-түкіру, күл-қоқыс тастау, айналаны ластау сияқты ерсі қылықтар жасағандарды жауапқа тартуды қалыпты қабылдадық.
Ендігі бір кезеңде жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қатысты байырғы дәстүрлі құндылықтарға оралу қажет екенін ескерте келіп, ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүйіп сәлемдесуін тілге тиек етіп, біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмағанын, осы себепті жаңа жүріс-тұрыс әдебін қалыптастыру қажеттігін де талқыға салған. Сәлемдескенде сүйісудің жайы бір басқа, алайда өз басым азаматтардың төс қағыстырып амандасуынан, бауырына басып, арқасынан алақанымен қағып, қуанышын білдіруінен өрескел әрекет көріп тұрған жоқпын. Бұл – ұлтымызда ежелден бар ғұрып болса керек. Әрине, амандасудың жалпыхалыққа ортақ бір әдебін қалыптастыру керек шығар. Алайда адамдардың ішкі сыйластық-құрметінен келіп шығатын рәсімді бір қалыпқа кіргізу қалай болар екен?..
Жуырда Президент кейбір қаламгерлердің «жүрегімде мұң, көзімде мұң» деп мұңды сөзді жақсы көретінін сынға алып, мұндай күйзеліс пен зарға шексіз бойлай беруді тоқтату қажеттігін атап өткенін көрдік. Жастар өз халқының тарихын дұрыс түсініп, болашаққа үмітпен қарауға және оптимист болуға тиіс деп түсіндірді ол жаңа талабын.
Осы мәселе мені көп толғандырғанын алдымен айтқым келеді. Себебі, поэзия дегеннің өзі ақынның ішкі толғаныстарынан, жүрегін жайлаған шер мен мұңнан тұтанатынын айтпасқа болмайды. Мұқағалидың: «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады!» деген сөзін ескерер болсақ, ғашықтық поэзияның негізі осы мұңнан тұратынын қалайша жоққа шығарамыз. «Өлең деген тумайды жайшылықта. Өлең деген туады қайшылықта!» – дейді сол Мұқағали. Ал қайшылық дегеннің қашанда көңілге қаяу, жүрекке мұң әкелетіні тағы бар. «Дүниенің өзге бақыт-шаттығын, менсінбеген менің мұңым тәтті мұң!» деп жазады Мұхтар Шаханов «Ғашықтық ғаламаты» поэмасында. Осындай мысалдарды мыңдап келтіруге болады-ау…
Дала философиясының данагөйі Асан қайғы: «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас – жел толқытса шығады, Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады» – деп, ми қатпарының сан мың иірімдерінде жасырынып жатқан ойды магмадай бұлқынтып кеңістікке шығаратын да осы мұң екенін қапысыз ұқтырады емес пе. Бұған қарап, өлең деген тек шерлі жүректің үні дегенге иланудан басқа амалымыз қалмағандай…
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» немесе «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа…» – деп елінің ертеңі үшін еңіреп өткен поэзия пайғамбары Абайды мұңды өлең жаздың деп қалай жазғыра аламыз. Әлде қазақта бүгін мәселе жоқ па?!
«Қайғысы – шекер, мұңы – бал,
Ақынмын, өлең-жыры бар.
«Отан!» деп жүрек соқпаса,
Кеудемнен оны жұлып ал!» – дейді жетісулық Азамат деген ақын бір өлеңінде. Осы жерде қайғы мен мұңды алып тастайтын болсақ, шумақта қандай мән мен мазмұн қалар еді? Отан деп соқпаған жүректі құрбандыққа қиып отырған ақынды мұң сөзін қолдандың деп айыптауға хақымыз бар ма?!
«Қоштасамыз, аңсаймыз, сенделеміз,
Бір бақытқа жете алмай шерленеміз.
Айдынына басқаның қона алмай жүр,
Сенің тамшы мұңыңа шөлдеген қыз» – дейді тағы бір ақын қыз ағынан ақтарылып.
«Шаттық кетіп, жүрегіме мұң батты,
Сағынам ғой, сағынамын тым қатты.
Сағынышым жаралаған жүрегі,
Көкжиекті қан-жоса ғып күн батты…» – дейді Әмина Адайхан ойын одан әрі жалғастырып. Оның жүрегіндегі мұңына сенбеске амалымыз қалмағандай.
Қара аспанды суға алдырып, жылауық өлең жаза берген дұрыс емес, әрине, Дегенмен, мұңның да мұңы болады емес пе. Жүрегіңе жүк түсірмей, ақырын ғана сыздатып, асқақ бір арманның жетегіне ергізіп жіберетін тәтті мұңның да дәмін татқан дұрыс-ау. Ал, санаңды сансыратып, көкірегіңді қарс айыратын кермек мұң азапқа салса қайтпексің?! Қолыңнан келер қайран болмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан елдігің мен жеріңе араша түсе алмай аласұрсаң, оның емі қайдан табылады?! Ғасырлар бойы халқыңның бірегейлігін қорғап, ұлт ретінде жоғалып кетпеуіне дәнекер болған тілің мен ділің, ата салтың мен дәстүр-ғұрпың құрдымға құлап бара жатса, тойғаның мен кигеніңнен қалай қанағат таппақсың? Зердең ашық болса, бейқам тірлік кешуге дәтің шыдар ма екен осындайда?!.
«Мұң бар жерде поэзия бар…» – дейді француз философы әрі жазушы Дени Дидро. Демек, мұң ұғымы жалпы поэзияның бастау бұлағы екеніне шүбә келтіру қиын-ау. Осы себепті, мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден өтініш – өлеңді өзімізге қалдырыңызшы!..
Құрметпен, Қуат деген ақын ініңіз.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ