Қазақстанда қалыптасқан қазіргі саяси жағдай айтарлықтай күрделілігі және түсіндірмелердің әртүрлілігімен ерекшеленеді. Олардың дұрыс-бұрыстығын түсіну қарама-қайшы пікірлер мен саяси пайымдауларды барынша талдауды қажет етеді. Бұл еліміздің даму тұрғысынан өте маңызды. Себебі қате немесе біржақты пайымдаулар тек қоғамдық дискурста ғана емес, сарапшылар ортасында да кездеседі. Сондықтан әлеуметтанушы, философ, лингвист, тәуелсіз зерттеуші Қанағат ЖҮКЕШ мырзаны сұхбатқа тартып, осы мәселе тұрғысында өз ойын білдіруді өтіндік.
– Қанағат Мұратбекұлы, сұхбатымызды қоғамда қалыптасқан саяси жағдайды түсіндірудің әртүрлілігінен бастасақ. Сіз ең алдымен қандай көзқарастар жөнінде айтар едіңіз?
–Қазіргікезде әлеуметтік-саяси кеңістікте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси бағытқа қатысты пікірлер мен пайымдауларды қалыптастыруда екі негізгі нарративті бөліп көрсетуге болады. Оның біріншісіПрезиденттің қазіргі саяси бағытын тұңғыш президент билікте болған кезеңде қаланған саяси бағыттың жалғасы ретінде қарастырады. Тіпті Қ.-Ж.Тоқаев Н.Назарбаев бағытының мұрагері ретінде сипатталады. Екінші нарратив аясында керісінше, Қазақстанда болып жатқан саяси трансформация ерекше кезең – Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылына тән қиындықтарды еңсеруге және жаңа, әділетті әрі құқықтық қоғам құруға бағытталған бағыт ретінде сипатталады. Екі бағыт бойынша да бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетін, ал кейде тіпті қарама-қарсы көзқарастар бар. Сондықтан қазіргі саяси жағдай туралы объективті түсінік қалыптастыру –тек саяси шешімдер мен мемлекеттік институттардың қызметін бағалауға ғана емес, қоғамдық процестерді де зерттеуге негізделген кешенді талдауды талап етеді.
Жалпы, ұзақ уақыт бойы артта қалу, экономикалық тәуелділік және жаңғырту үдерістері жүйесіздігінің себептері туралы мәселе қоғамдық-саяси талдаудың негізгі сұрақтарының бірі болып қала береді.
– Осы тұрғыда ең өзекті меселе ретінде қандай жайтты бөліп айтуға болады?
– Ең өзекті мәселелердің бірі – халықтың едәуір бөлігінің саяси сауаттылығының төмендігі. Қоғамдық пікірталас жиі жанжалды сипатқа ие болады: саяси келіспеушіліктер өзара айыптаулар мен жеке басқа тіл тигізуге ұласады, ал мемлекеттік институттарды, саяси бағдарламалар мен қоғамдық мүдделерді мазмұнды талқылау кейінге ысырылып қалады.
Сарапшылар ортасының жай-күйі де дәл сондай проблемалық сипатқа ие. Қазіргі саяси кеңістікте болып жатқан үдерістерді жеке тұлғалардың ұнату-ұнатпау шеңберінен тыс қарастыра алатын жүйелі және кешенді талдаудың тапшылығы сезіледі. Сарапшылар қоғамдастығының жекелеген өкілдері де күрделі саяси үдерістерді көп жағдайда жеңіл түсіндіреді. Бұл қоғамның алшақтануын одан әрі күшейте түседі. Соның салдарынан әлі күнге дейін Қазақстан қоғамының едәуір бөлігі саяси шындықты негізінен қалыптасып қойған қасаң пікірлер мен қарама-қарсы қоюлар арқылы қабылдап келеді.
Болып жатқан үдерістерді әділ бағалау үшін, саяси мәлімдемелер мен қоғамдық стереотиптерді нақты шешімдерден, институционалдық өзгерістерден және мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерінен бөліп қарау қажет. Тек осындай тәсіл ғана «Қазақстанның қазіргі саяси бағыты бұрынғы жүйенің жалғасы ма, әлде оның трансформациясының дербес кезеңі ме?» деген негізгі сұрақтың жауабын айтуға мүмкіндік береді.
– Қоғамның айтарлықтай бөлігі қазіргі Президентті билікке Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен келді деп санайды. Тіпті оның бағытын жалғастырушы дейтіндер де аз емес. Бұл пікірлерге көзқарасыңыз қандай?
– Олар осы кең таралған түсінікті басшылыққа ала отырып, қазіргі Президентті бұрынғының ісін жалғастырушы тұлға ретінде қабылдайды. Осы түсінік аясында Тоқаев саяси үдерістің дербес субъектісі ретінде емес, ең алдымен Назарбаев билігі кезеңінде қалыптасқан саяси бағытты жалғастырушы ретінде қарастырылады. Осы логикаға сәйкес, елде болып жатқан, соның ішінде көптеген құқық бұзушылықтармен байланысты жағымсыз жағдайлардың көпшілігі үшін жауапкершілік тікелей Президентке жүктеледі. Мұндай көзқарасты жақтаушылардың негізгі уәжі: «Тоқаев – президент, билік оның қолында, демек, барлық жағымсыз құбылыстар үшін дәл соның өзі жауапты болуы керек», – деп тұжырымдалады. Осылай бірте-бірте «Тоқаев бәріне кінәлі» формуласы тұрақты саяси нарратив сипатына ие болып, бұқаралық қоғамдық дискурстың көрнекті элементіне айналды. Оның блогосферада белсенді таралуы, соның ішінде қазіргі билікке сын көзбен қарайтын және «ескі Қазақстанды» қорғау позициясында тұрған авторлар тарапынан таралуы қоғамның бір бөлігі арасында бұл көзқарастың одан әрі нығаюына ықпал етті. Соңғы уақытта осыған ұқсас бағалаулар сарапшылық және саясаттану кеңістігінде де жиі естіле бастады.
– Оған қандай нақты мысалдар келтіре аласыз?
– Мәселен, Мұхтар Тайжан: «Тоқаевтың кландар мәселесін шешуге толық мүмкіндігі бар. Оған тек саяси жігер жетіспейді», – деп мәлімдеді.
Уәлихан Қайсаров та осы пайымдауға жақын көзқарасын білдірді. Оның пікірінше, Тоқаев «ескі Қазақстанның» ықпалын біржола жою үшін жеткілікті әрекет жасамай отыр.
Досым Сәтбаевтың пікірінше, «Тоқаев – Назарбаевтың көлеңкесі». Оның пайымы бойынша, тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында жасалған заңсыздықтар дәл сол рухта жалғасуда. «Елмедиаға» берген сұхбатында Д. Сәтбаев Президенттің сыртқы саяси және ішкі саяси қызметінің аражігін ажырату туралы да айтты. Оның бағалауынша, айтарлықтай дипломатиялық тәжірибесі бар Тоқаев сыртқы саяси мәселелерді жақсы біледі және оларға «әуес». Сонымен бірге саясаттанушы оны «сыртқы істер президенті» деп атап, ішкі саяси-экономикалық мәселелерді ол «өз айналасына сеніп тапсырғанын», бұл басқаруда елеулі проблемалардың туындауына әкеп соқтырғанын атап өтті.
Ұқсас сыни бағалар «Елмедианың» жекелеген бағдарламаларында да айтылды. Атап айтқанда, бағдарламалардың бірінде, оған Гүлжан Хамитқызының өзі қатысқан жоқ, Аян Шәріпбаев (өзінің әділ және өте батыл көзқарастарымен танымал) пен Толғанай Үмбеталиева (оның соңғы кездегі пайымдаулары біршама ретсіз көрінеді) Тоқаевтың жаңа мерзімге бақ сынау құқығын алғаны туралы жаңалыққа мазасыздана жауап қайтарды. Олардың ойы «Президент өзі бұған дейін мәлімдеген принципті ұстанымынан шегінбеуі керек еді» дегенге саяды. Қазақ тіліндегі сұхбаттарының бірінде Т. Үмбеталиева қазіргі билік жүргізіп отырған саясатты қатаң сынға алып, олардың қабылдап жатқан шараларының қажетті мазмұндық базасы жоқ екенін және ешкімге түсініксіз екенін мәлімдеді.
Осылай қоғамдық және сарапшылық дискурста ортақ логикамен біріктірілген сыни бағалардың тұрақты қабаты қалыптасты: қазіргі саяси жүйе бұрынғы жүйенің тікелей жалғасы ретінде қарастырылады, демек қазіргі проблемалар үшін барлық жауапкершілік дербес түрде Президентке жүктеледі.
Алайда саяси сабақтастықтың өзі саяси бағыттардың толық ұқсастығы туралы қорытынды жасауға жеткілікті негіз емес. Бұл нарративті тексеру үшін, екі кезеңнің нақты саяси шешімдерін, институционалдық реформаларын, кадрлық өзгерістерін және қызметінің нақты нәтижелерін салыстыру қажет. Дәл осындай салыстыру эмоционалды бағалаудан «Қ.-Ж. Тоқаевтың саясаты Н. Назарбаев жүйесінің қаншалықты жалғасы немесе қандай дәрежеде дербес саяси бағыт болып табылады?» деген мәселені нақты да мәнді талдауға көшуге мүмкіндік береді.
– Қоғамда сондай-ақ елдегі көп мәселеге «ескі Қазақстанның» ықпалы басым деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
– Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын белгілі бір дәрежеде анықтау мүмкіндігіне ие болған сәттен бастап салыстырмалы түрде өте аз уақыт өтті. 2022–2026 жылдар кезеңін екінші Президенттің дербес саяси бағытының қалыптасуы мен нығаю кезеңі ретінде қарастырған жөн. Бұл ретте әңгіме саяси және экономикалық ықпалды қайта бөлудің күрделі үдерісі туралы екенін ескеру өте маңызды. Дәл осы себепті Қазақстанда билік жаңа саяси жүйеге толығымен өтті деген тұжырым ертелеу көрінеді. Алдыңғы кезеңде қалыптасқан институционалдық, экономикалық және кадрлық тетіктердің едәуір бөлігі қоғамдық-саяси үдерістерге әлі де ықпал етуде.
«Ескі Қазақстанның» ықпал ету деңгейі туралы мәселе экономикаға, қаржы секторына, кәсіпкерлік ортаға, сот жүйесіне, прокуратура органдарына және басқа да мемлекеттік институттарға қатысты ерекше өзекті. «ЕҚ»-ның нақты ықпалын бағалау кадрлық шешімдерді, меншік құрылымын, экономикалық байланыстарды және қабылданатын мемлекеттік шешімдердің сипатын терең талдауды талап етеді.
Әкежан Қажыгелдиннің қазіргі уақытта Қазақстанды қандай күш басқарып отыр деген сұраққа: «Олигархтар басқарып отыр», – деген жауабы бұл тұрғыда көп нәрсені аңғартады. Қоғамның түсінігінде «олигархтар» ұғымы Н.Назарбаевтың туыстары және бұрынғы саяси серіктестерімен тікелей байланыстырылады. Тағы бір маңызды фактор – ақпараттық орта. Бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе әлеуметтік желілердің едәуір бөлігі «жаңа Қазақстан» («ЖҚ») саясатына сыни көзқарас қалыптастырады. Қоғамдық кеңістікте «ескі Қазақстан» алға тартқан әртүрлі позицияларды қолдайтын, керісінше, қазіргі биліктің қызметін қатаң сынға алатын материалдар белсенді түрде таратылады.
Жинақтап айтқанда, бұл жағдайлар саяси және институционалдық өзгерістерге «ЕҚ» тарапынан өте қатал қарсылықтың бар екенін айтуға мүмкіндік береді. БАҚ-та ұйымдасқан саботаж, реваншқа дайындық немесе белгілі бір топтардың үйлестірілген қызметі туралы ақпараттар жылт-жылт етеді. Әрине, олар нақты дәлелдерді талап етеді және нағыз айқын дерек ретінде қарастырылмауы керек.
– Сонда қоғамда болып жатқан үдерістерді әділ бағалау үшін нені ескеру қажет?
–Ол үшін бір принципті жағдай аса ескерілуі тиіс: саяси билік бір қолдан екінші қолға бір сәтте өтпейді. Жаңа жүйені қалыптастыру –институттарды, кадр құрамын, шешімдер қабылдау тетіктерін, экономикалық қатынастар мен саяси мәдениетті өзгертуді қажет етеді. Сондықтан бұрынғы элиталық байланыстардың болуы қазіргі Президенттің дербес саяси бағытының автоматты түрде жоқтығын білдірмейді.
Сонымен бірге болып жатқан үдерістердің сипаты жаңа президенттік саясат пен бұрынғы жүйеден қалған элементтер арасындағы өзіндік текетірес сияқты әсер қалдыруы мүмкін. Ауқымды қайта құрулар басталғанға дейін мұндай қайшылық әлдеқайда айқын көрінді. Дәл осы жағдай саяси талдау тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады. Осы мақсатта ұсынылатын әдіснама қазіргі Президенттің қызметін бір мезгілде екі позициядан – бір жағынан, ол жүргізіп отырған реформалар мен қабылданатын шешімдерді талдау арқылы, екінші жағынан, бұрынғы ықпал ету тетіктерін сақтауға мүдделі саяси және экономикалық топтар тарапынан болатын қарсылықты ескере отырып қарастыру қажеттілігінен туындайды.
Бұл тұрғыда текетіресуші саяси және экономикалық күштер арасындағы күрес ұзақ мерзімді сипатқа ие болуы мүмкін. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық-экономикалық құрылымның бір моделінен екіншісіне көшу қысқа мерзімде жүзеге аспайды. Қазақстан бір жағынан – индустриялық-құқықтық мемлекет құруға бағытталған прогрессивті демократиялық күштердің мүдделері, екінші жағынан – өз бастарын тарихи жазадан құтқару үшін жанталаса күресіп жатқан өте жемқор ескі режимнің мүдделері соқтығысқан күрделі трансформация процесінде тұр.
Бұл ретте қазіргі Қазақстанды ортағасырлық натуралды шаруашылық жүргізу тәсілдерін сақтап қалған қоғам ретінде қарастырудың мәнін түсіну қажет. Халықтың едәуір бөлігі айналысатын натуралды шаруашылықты өнеркәсіптік негізге көшіру және ауыл тұрғындарын индустриялық өндіріске тарту қажеттілігі – тек ауыл қазағының ғана емес, жалпы қоғамның тағдыршешті мәселесі. Бұл жағдайда қазақ қоғамы тоқырауының субстанциялық себебін іздеу керек. Біз формациялық секіріс – қоғамның өркениеттік дамудың аграрлық сатысынан дамыған индустриялық сатысына көшуі қажеттілігі туралы айтқанда, дәл осы жағдайды назарда ұстаймыз. Институционалдық және қоғамдық трансформация кезеңінен өту үдерісі қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірінің терең қабаттарын түбегейлі қайта құру қажеттілігін алдыңғы қатарға шығарады.
Сондықтан бұрынғы ықпал ету механизмдерін сақтауды жақтаушылардың болуын елде болып жатқан барлық үдерістердің жалғыз түсіндірмесі ретінде емес, өтпелі кезең факторларының бірі ретінде қарастырған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметін және Қазақстанның алдағы трансформациясының перспективаларын дәл осындай контексте бағалау керек.
Басты мәселе қазіргі Президенттің мемлекеттік билікті қаншалықты бақылайтынында ғана емес, сонымен бірге оның бар заңды институттарды жүйелі түрде қайта құруға, шешімдер қабылдау механизмдерін өзгертуге және қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің тұрақты моделін қалыптастыруға қабілеттілігінде. Дәл осы сұрақ тек бұқара үшін ғана емес, сонымен бірге интеллектуалды және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері үшін де маңызды талдау тақырыбына айналуы тиіс.
Өкінішке қарай, тіпті тәжірибелі саналатын саясаттанушылар да Қ.-Ж.Тоқаевтың «ЕҚ» жасаған су астындағы кедергілерді айналып өтіп, шебер жүргізіп отырған жұмысының мәнін толық түсіне алмады. Ішкі саясаттағы барлық тектоникалық өзгерістер – парламенттік реформа, «ЕҚ» кадрларын биліктен шеттету, оларды біртіндеп жауапкершілікке тарту, сыбайлас жемқорлықты барынша шектеу шаралары, активтерді елге қайтару бағдарламасы және т.б. – Қ.-Ж.Тоқаевтың жеке нұсқауымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылуда.
– Сайлау, сайлаушылар жөнінде, саяси партиялардың қызметі туралы пікіріңіз қандай?
– Біріншіден, бүгінде елде сауатты және белсенді электорат жоқ. Бұқара азаматтық қабілетін жоғалтып, зомбиге айналды, олардың әлеуметтік-құқықтық сауаттылығы өте төмен деңгейде. Барлық рухани салалар апатты жағдайға жеткізілді және бұрынғысынша оларды осы апатты жасағандар «басқарып» отыр. Егер қандай да бір прогрессивті бастамалар пайда болса да, зиялы қауым деп аталатындар оларды қолдамайды – керісінше, жұмыла қарсы шығады.
Екіншіден, харизматикалық көшбасшысы және саяси ұйымдасқан басшылығы бар партия жоқ. Мұндай партияны құруға қабілетті субъект те жоқ.
Бірақ кенеттен прогрессивті партия пайда болған күннің өзінде елде оның бағдарламасының мазмұнына бойлап, оны саналы түрде қолдай алатын азаматтық қоғам жоқ. Зомби-бұқара оның ұлттық-мемлекеттік мүдделерді қорғауға бағытталған идеяларын қабылдамайды. Егер саяси аренада кенеттен қолы таза, беделі мінсіз қандай да бір қайраткер пайда болса – мысалы, О.Сүлейменов, М. Шаханов немесе осы деңгейдегі басқа біреу – оған сауатсыз тобыр лап қойып, жабыла қарсы шығып, қарғыс жаудырады.
Соңғы жылдары назарбаевшылар президенттік сайлау өткізу идеясын табанды түрде алға тартып жүр. Егер таяу жылдары Тоқаев өз лауазымын тапсырып, президенттік сайлау өтсе, бұл Қазақстан тарихындағы кешірілмейтін, Қазақстанның қайтадан сүрініп, енді тұра алмай қалуына әкелуі мүмкін қателік болады.
Егер клан билікке қайта оралса, онда Назарбаевтың «Менен кейін нашар болады» деген парадигмасы жүзеге асады. Бұл тіркес терең және арнайы коннотациялық талдауды талап етеді. Назарбаев үшін бұл – өзі, оның отбасы мүшелері және жақын айналасы өмір бойы қазақ халқына қарсы жасаған қылмыстары үшін келе жатқан тарихи жазадан құтылудың жалғыз жолы. Менің ойымша, оның соңғы жылдардағы бар күшімен Тоқаевты биліктен кетіруге ұмтылған әрекеттерінің мәні осымен түсіндіріледі. Назарбаев кланының билікке қайта оралуы Қазақстанның түпкілікті жойылуының бастауы болады.
«Республика» сайтына берген сұхбатында белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтис: «Егер бір мерзімге дедің бе, демек – бір мерзімге. Ал егер саяси мақсатқа сәйкестік тұрғысынан айтатын болсақ, онда мұндай түсіндірмеде логика бар», – деді.
Иә, логика бар!
Егер бұл мәселені Қазақстан егемендігінің тағдыры тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда Тоқаевтың қайта сайлануы әлдеқайда жоғары мәнге ие болады. Бұл жерде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде болу-болмауы туралы шекспирлік сұрақ шешілуде.
Мемлекеттік қайраткердің күші – қалай болғанда да, бір рет айтылған сөзден қайтпауда емес, жағдайдың өзгеруіне қарай өз әрекеттерін түзете білу және прагматикалық тұрғыдан тиімді бағытты табу қабілетінде. Қазақстанда бүгінгі қалыптасқан саяси жағдайда, егер Тоқаев президенттік қызметтен кетсе, оның бастаған игі істері жүзеге аспай қалады.
Иә, Құрылтайда Тоқаевтың жақтастары аз да болса бар. Олар «жасынтартқыш» рөлін атқарады: кланның белгісіз депутаттарының заңсыз ұсыныстарының өтуіне жол бермейді және олардың назарбаевтық жобаларына соққы береді.
Осылайша Тоқаев мықты атқарушы билік және әлсіз парламентпен жұмыс істеуге ниетті. Бұнымен келісу-келіспеу әркімнің өз еркі, бірақ қазіргі саяси жағдайда Президент үшін бұдан тиімдірек нұсқа жоқ шығар.
Тоқаев – демократ. Қазақстанда қазіргі уақытта әділ және ашық сайлау арқылы демократияға келу мүмкіндігі болмағандықтан, ол өз билігіндегі мүмкіндіктерді – ағартушылық авторитаризм әдістерін пайдалана отырып, елді демократиялық даму жолына бағыттауға ниетті.
Кезінде АҚШ-тың экс-президенттерінің бірі Р. Рейган «демократияны күшпен орнатуды» ұсынған болатын. Тоқаевта мұндай күш жоқ. Дегенмен, ол Қазақстанды саяси күрделілік пен күрделі саяси маневрлер арқылы демократиялық жолға түсіруге тырысуда және бұл жолда ол белгілі бір табыстарға қол жеткізіп те отыр. Бұл – Қазақстанның қазіргі жағдайындағы жалғыз дұрыс жол. Біздің «мүмкін еместі мүмкін ету» деп атайтынымыз дәл осы.
Егер демократия болмаса, онда елді демократияға жеткізе алатын өркениетті, ағартушылық авторитаризмді құрумен айналысудың мәні бар. Ортағасырлық аграрлық формациядан шыға алмаған елдің қазіргі заманғы индустриялық, құқықтық және әлеуметтік қоғамға көшуі өркениетті және ағартушылық авторитаризмнің жетекшілігімен жүзеге асады. Бұл миссияны орындау – Тоқаевтың айрықша міндеті. Оған мұны орындауға мүмкіндік беру керек.
Қазіргі Конституция – саяси контенттің тек сыртқы, өзгермелі қабығы ғана. Оның қоғамның даму бағытын анықтайтын ішкі мазмұны Қ.-Ж.Тоқаевтың командасы жүзеге асырып отырған оң өзгерістерден көрінеді. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында егемендікті қорғауға бағытталған прогрессивті үрдістер одан әрі орнығып келеді. Осы іргелі өзгерістерді көре білу қажет.
Тоқаев тұсында қабылданып жатқан әрбір маңызды шара саяси көрегендіктің нәтижесі ретінде бағалануға лайық. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта сайланып, белгіленген бағыттар жүйелі түрде жүзеге асырылса, қазақ халқының ақыры тыныштық тауып, болашаққа сеніммен қарайтын уақыты келеді.
Сұхбаттасқан Құтмағамбет ТАЛАПБАЙ «D»