300 үйлі ауылда 40-тан аса бойдақ жігіт бар, алды 50-ге тақап қалған. 300 үйдің 19‑ы бос тұр. 40 үйлі ауылда – 17 бойдақ.
Оқыған қыз қаладан ауылға қайтпайды, сол жақтан күйеуге шығады. Ауылдағы жігітке жұмыс жоқ, вахтаға барса да кілең еркек. Ауылда да қаладан кем түспейтін, жағдай жасалған үйлер бар, бірақ жастар қалмайды. Есесіне қалада тұратын жалғыз басты, ажырасқан әйел көп, оларға ипотекамен үй береміз!
Қанша «жұмысшы мамандықтары жылын», «еңбек адамы жылын» жарияласақ та, жемқорлық жайлаған қоғамда ештеңе өндіріп те жарытпайтын сияқтымыз. Урбандану мен қазіргі мемлекеттік саясат ауылды ғана емес, қазақтың саны өсуіне де зиян тигізуде. Сондықтан нақты жағдайда батыл ұсыныстар мен нақты шешімдер қажет-ақ. Жас жігіттердің үйленбеуі, кеш үйленуі тек экономикалық мәселеден болмауы мүмкін, оған тестостерон деңгейі, жалпы үлкен зерттеулер жасалуы қажет.
Мысалға, кеше ғана Ресейде әйелдерде климакс 36 жастан бастап болып жатыр деген ақпарат жария болды (коментте). Бірақ ауылдағы халықтың жағдайына қарайтын адамдар Құрылтайда да, Халық Кеңесінде де жоқ сияқты…
Бұл өзекті мәселені қалай шешуге болады?
1) Меніңше, әр ауыл әкіміне ауылдың шикізат, табиғи қоры, басқа да мүмкіндіктеріне байланысты стратегиялық даму жоспарын жасату қажет, оның жұмысы соның орындалуымен бағалануы, ал қаржыландыру сол жоспардағы жобаларға сай болуы тиіс. Ауылда жұмыс орнын құру, еңбекпен қамтудың бірден-бір жолы сол.
2) Ауылда туылған балаға берілетін барлық жәрдемақы отбасының табысын ескермей берілуі қажет. Шалғай ауылдағы балалардың жазғы демалысын жасыл аумақтардағы санаторийлерде өткізуді қамтамасыз ету қажет.
3) Ауыл балалары үшін балабақша мен мектептегі білім деңгейі қаладан кем болмауы тиіс. Сапалы білім бергені үшін ауыл мұғалімдеріне қосымша ақы төленуі, бірақ білім сапасы шынайы тексерілуі қажет.
4) Ауылда тұрақты тұрған әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендеткен жөн, бірақ ауыл адамдары үшін белгіленген жеңілдіктерді алғысы келіп, онда тіркеліп, несібесін жымқыратын пысықайлардың жолын кесіп, ымырасыз жазалау қажет.
PS. Есептеп көріңіз, 300 үйдің 40 бойдағы үйленбесе – ең кем дегенде 80 бала, оған тағы 40 әйелді қосқанда, орташа есеппен әр ауылда 120 адам кемиді деген сөз. Ал олардың алды 50-ге келсе, балалары үйленіп, немерелі болатын кезі. Елімізде 6 мыңнан аса ауыл бар екенін ескерсек, тек осының өзінен Қазақстанның демографиялық өсіміне қаншама зиян келіп жатқанын есептей беріңіз! Осыдан-ақ халық санының өсуі неге төмен екенін шамалауға болады!..
Болат НҰРҚОЖАЕВ, қоғам қайраткері