Осы қазан айының 5‑і мен 15‑і аралығында Варшавада (Польша) өткен ОБСЕ конференциясына қатысып, оған екі баяндама дайындаған едім. Оның бірі – Адами өлшемдер секциясында сөйлеген сөзімді бұдан бұрын ФБ-парақшамда жарияладым.
Екіншісін оқуға уақыт регламенті таршылық етіп, конференцияны ұйымдастырушылар оны ОБСЕ-нің ресми интернет-сайтында жария етуді ұсынған-ды. Міне, осы баяндамамды сәл-пәл детальдармен толықтырып, қазақ онлайн-аудиториясына арнап, осында жариялап отырмын.
Құрметті мырзалар мен ханымдар!
Беделді конференцияда шағын спич жасаудың алдында өзім туралы қысқаша анықтама беріп кетейін: мен 1998 жылдан бері бірбеткей оппозицияда болған, 30 жылға жуық уақыт республикалық тәуелсіз «ДАТ» газетін шығарып келе жатқан журналистпін.
Осы оппозициялық жолда жүріп, үш рет қылмыстық сотқа тартылдым, 2002 жылы Қазақстан президентінің ар-намысына (за посягательство на честь и достойнство) тидің деген айыппен екі жылға сотталдым. Оппозициялық қызметім үшін бұдан басқа екі рет қылмыстық іс бойынша сотты болдым, 2003–2008 жылдары 5 жылға журналистік қызметтен шеттетілдім, 16 рет әкімшілік сотқа, 8 рет азаматтық сот ісіне тартылдым.
Сот маған және мен шығаратын газеттерге жүздеген миллион теңге айып салып, 11 газетімді жапты (DAT, СолDAT, DAT-Айна-плюс, DAT-Жұма-таймс, DAT-Апта-Неделя, DAT-Тасжарған, т.б). 1998–2006 жылдары «ДАТ» медиа-жобасында қызмет еткен үш журналист түн ішінде белгісіз жағдайда қаза тапты. Газет редакциясы тоналды, бірнеше рет бандиттік-қарақшылық шабуыл жасалды, жалға алынған офистер өртенді.
Қазақстанның бұрынғы саяси режимі жылдарында «ДАТ» газетінен басқа басылымдар да нақақ және заңсыз қудалауды көп көрді: «Свобода слова», «Республика», «Сөз», «Эпоха», «Адам», «Адам бол», «Трибуна» сияқты 50-ден астам оппозициялық газет-журналдар мен интернет басылымдар жабылды. Қудалау көрген бірқатар журналистер шетелдерге кетуге мәжбүр болды.
Ал соңғы 2023–2026 жылдары мажоритарлық жүйемен сайланып, Қазақстан Парламентінің депутаты болдым. Сондықтан менің баяндамамды екі тараптың іші-сыртын көрген тәуелсіз журналист-саясаткердің мемлекетшілдік тұрғыдағы сарапшылық пікірі деп қабылдауды өтінемін.
Біздегі масс-медианың бүгінгі жағдайын айтқанда, ең алдымен Қазақстанның ішкі қоғамдық ахуалын (климат), оған әсер ету тәуекелдері басым сыртқы геосаяси қатерлер жағдайын сөз етуге тура келеді. Елдің масс-медиасы мен блогосферасының өмір сүру ортасы мен даму жағдайы немесе қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынастар проблемасын осы ішкі-сыртқы ситуациялардан бөліп алып қарастыру жағдайға толық баға бермейді.
Қазақстанға төнген тәуекелдер әсері осы конференцияда отырған көпшілікке белгілі болмауы мүмкін. Евразия континентіндегі бүгінгі Қазақстан сыртқы саяси режимдер мен геосаяси тәуекелдер қоршауында қалды: солтүстігі мен оңтүстігі соғыс жағдайындағы елдер; шығысын коммунистік Қытай қоршаған; батысы Каспий теңізімен тұйықталады. Америка – алыс, Европамен аралықты соғыс бөліп жатыр. Осындай геосаяси жағдайда Қазақстан ішкі ұлттық-мемлекеттік мүддеге басымдық беруге әлдеқайда мұқтаж. Бүгінгі глобалдық қарым-қатынастар тәртібі күрт өзгерген және әлемдік геосаяси жағдайлар ушыққан кезде Қазақстан үшін тұрақтылық пен ел тәуелсіздігінің қауіпсіздігі бәрінен де қымбат.
Елдің жан-жақты тұрақтылығы дегенде, масс-медианың кәсіби, саяси және азаматтық жауапкершілігін бірінші кезекте атау керек. Информациялық қауіптер мен гибридтік қатерлер ушыққан әлемнен біздің ел оқшауланып қала алмайды. Қазақстан дамуға түбегейлі бет бұрған соңғы төрт жылда біраз реформалық өзгерістер жасалып, дамыған өркениет көшіне ұмтылып жатса да, қоғам мен билік арасындағы қатынастар мен мемлекеттік мүддені мазалайтын мәселелер аз емес.
Ал масс-медианың ішкі қатынастарға кері ықпал етуі мүмкін аспектілерін атағанда, ең алдымен қоғамда әлеуметтік алауыздық тудыратын, 130-дан астам ұлт пен ұлыстар мекендейтін ел ішінде ұлтаралық жанжал мен исламдық діни алауыздықты өршітуге бағытталған, жалған ақпарат тарататын, сепараттық пиғылды өршітетін контенттер елдің тұрақтылығына қатер төндіретін факторлар екенін бірінші кезекте атау керек.
Бұл тұрғыда осы 2026 жылдың басынан бері 23 280 құқықбұзушылық анықталғаны елдегі біраз жағдайдан хабар берсе керек. Исламның деструктивті ағымдары насихаттайтын діни экстремизм мен терроризмге қатысты 6 мыңға жуық контент анықталған. Бірақ бұл цифрлар аталған контент иелері тегістей құқықтық жауапқа тартылды дегенді білдірмейді. Анықталған осындай бірқатар контент авторларымен тиісті уәкілетті мемлекеттік ішкі саясат органдары мәмілелі диалог жүргізу барысында олар қылмыстық немесе басқадай жауапкершіліктен босатылды.
Сол сияқты, мемлекетті 30 жыл бойы әлеуметтік және діни жікшілдікке бөлшектеп, азаматтық ақыл-ойды тығырыққа тығып тастаған бұрынғы режимнен қалған реваншизм мен Қазақстанның территориялық тұтастығына көзалартқан сепараттық пиғылды қолдаушы контенттер қоғамдық тұтастыққа қызмет етпейтіні белгілі. Елдің тұтастығы мен саяси тұрақтылығына залал келтіретін субьектілердің сөзсіз жауапқа тартылу талабы Қазақстанда ғана емес, көпшілік елдердің практикасында бар екені мәлім.
Қазақстанды ислам дінінің деструктивті ағымдары арқылы бөлшектеуге, мың жылдық дәстүрлі ұлттық-мәдени мұраларға шабуыл жасауға ниетті сыртқы идеологияға қызмет ететін ішкі күштер мен онлайн контенттер жаңа тәуекелдер тудыруда. Осы ретте әсіресе қазақстандық масс-медиа мен блогосферада қоғамға жаңсақ ақпараттар таратуға, соның әсерінен азаматтық толқулар тудыруға құштар әлеуметтік топтар мен астыртын күштердің әсері айқын байқалуда. Міне, осындай ішкі және сыртқы қатерлер сипаты өріс алу мүмкіндігі пайда болған бүгінгі жағдайда Қазақстанның масс-медиасынан қоғамдық-әлеуметтік тұрақтылық тұрғысында жауапкершілік талап етілуде. Мүмкін боларлық үлкен тәуекелдер алдында елдік тұтастықты, тәуелсіздік мұраларын ақпараттық қатерден қорғау – біз үшін азаматтық-мемлекеттік мүдде тұрғысындағы міндет!
Осы талапқа байланысты Қазақстанда жүргізіліп жатқан «Заң және тәртіп» мемлекеттік идеологемасы негізінде масс-медиаға да заң негізіндегі азаматтық жауапкершілік жүктеліп отырғанын ескерткім келеді. Иә, заң талабын бұзып, қоғамдық тәртіпті ыдырату немесе әлеуметтік жік салу тұрғысында жалған ақпарат таратқан контент авторлары жауапқа тартылып жатқанын жоққа шығара алмаймын.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде мен салған сұрауларға мемлекеттік органдардан қайтарылған жауаптар бойынша, биылғы жылдың 8 айында масс-медиа мен телекоммуникация және онлайн платформалар жүйесін пайдалану арқылы қоғамға жалған ақпарат таратқан 44 іс сотқа дейінгі тіркеуден өткен екен. 2025 жылы дәл осындай 53 факті анықталды. Бірақ заңды бұзған контент иелерінің көпшілігі тараптар түсінушілігінен кейін бас бостандығын айыру жазасынан босатылғанын баса айтқым келеді.
Мен Қазақстан Парламентіндегі үш жылдық депутаттық құзіретім кезеңінде жауапқа тартылған бірқатар журналистерге араша түсіп (Думан Мұхаметкәрім, Айгерім Тілеужанова, Ботагөз Омарова, Әсет Матаев, Амир Қасенов, Мирболат Бишойынов, т.б.), әртүрлі мерзімге қамауда отырған азаматтардың біразымен кездесіп (Марат Жыланбаев, Ләззат Жапашева, «АЭС тұтқындары»), олардың жазасын жеңілдету ісіне араластым. Уәкілетті органдармен, Бас прокуратурамен диалог жүргізіп, бірнешеуін түрме жазасынан құтқаруға ықпал еткенімді осы конференцияда бірінші рет ашық жария етіп отырмын.
Әрине, қалай болғанда да, Қазақстан Республикасы адам құқығы шеңберінде сөз бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауға мейілінше ынта-ықыласын салуда. Оның үстіне Қазақстан БАҚ бостандығы саласындағы негізгі халықаралық құжаттарды:
– Азаматтық және саяси құқық жөніндегі Халықаралық пактіні;
– Жалпыға ортақ адам құқы декларациясын;
– сонымен бірге адамзаттық өлшем саласындағы ООН, ОБСЕ және ЮНЕСКО тарапынан қабылданған құжаттарды ратификациялағанын ескерткім келеді.
Бұл құжаттар адам құқын дамыту жөніндегі жетістіктер мен міндеттемелерге үнемі кешенді мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Бұл талаптар Қазақстан үшін базалық меже (ориентир) екені даусыз.
Бірақ әлемдік қарым-қатынастар талабы күн сайын өзгеріп, алып державалар ойына келгенді жасап отырған алмағайып заманда, геосаяси қатерлер күрт ушығып кеткен кезеңде өзінің ұлттық мүдделерін қорғауға жанталасып жатқан орта мемлекеттерді конвенциялық құжаттармен қылқындырудың шекті мөлшері болу керек деп есептеймін. Мысалы үшін, жалпыға ортақ адами өлшемдер алып АҚШ пен орта дәрежелік даму деңгейіндегі Қазақстаннан, агрессиялық Ресей мен соғыс жағдайында тәуелсіздігі мен мемлекеттігін жанталасып қорғап жатқан Украинадан бірдей талап етілуі адами қисынға сәйкес келмейді.
Атап айтқанда, мәселен, бүкіләлемдік демократияның алтын қазығы саналған АҚШ-та алып медиа корпорациялардың журналистеріне Ақ үйге кіру мүмкіндігі шектеліп жатқан кезде; коммунистік Қытай мен агрессивтік саясат ұстанған Ресей өздерінің ішкі саясаты үшін ұлттық мүдделеріне басымдық беріп жатқан бүгінгі теңселіп тұрған әлемде Қазақстан сияқты орта державаларды буындыру қарапайым логикамен қабыспайтын талап екенін атап өткім келеді.
Бәлкім, ОБСЕ басқа да халықаралық адам құқын қорғау институттарымен бірлесіп, конвенциялық құжаттар талаптарын сақтау жөнінде жаңа параметрлер дайындауға бастамашы болуы керек шығар?! Бірақ бұл басқа күн тәртібінің тақырыбы болғандықтан, оны бұл арада сөз етудің реті жоқ деп ойлаймын.
Зейіндеріңіз үшін көп рақмет! Ермұрат БАПИ
Варшава (Польша),13 қазан, 2026 жыл