Енді бір аптадан соң елімізде баспасөзге жазылу науқаны басталады. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері халықтың газет-журнал оқуға деген ынтасы төмендеп кеткені шындық. Мұнда қарапайым жұртшылықтың ғана емес, қуатты идеологиялық құрал ретінде баспасөзге жеткілікті мән бермей отырған биліктің де кінәсі бар екені сөзсіз. Қазір аймақтық басылымдардың жағдайы қай жағынан да сын көтермейді деуге болады. Әріптесіміз Оралхан Дәуіттің мына мақаласында осының бәрі тәптіштеп жазылыпты. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, сол күйінде оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
«Қазіргі заманда бізге газет керек пе, жоқ па?» деген сұраққа соңғы сайлау нақты жауап берді ғой деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, «сайлау өтеді» десе, журналистер қауымы бір қуанып қалады. Өйткені сайлау дегеніміз қып-қызыл бәсеке. Бәйгеге ат қосқандар өздерінің мықты екенін дәлелдеуі тиіс.
Ал сол мықтылардың сөзін елге жеткізіп, сайлаушылардың сеніміне ие болуда газет пен телеарнаның атқарар рөлі зор. Яғни, сайлау науқаны – БАҚ үшін қосымша табыс көзі болатын. Партиясы бар, жеке адамы бар, әйтеуір депутаттықтан үміті барлар газет, телеарналарды жағалап, ақшасын төлеп, ел-жұртқа сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жататын.
Ал енді сенесіз бе, тамызда өткен Құрылтай сайлауында облыстық басылымдар бір тиын да табыс тапқан жоқ. Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, дәл осы науқанда газетті керек қылған партия көрмедім. Әйтеуір бұл жолы саяси күштер осы елде қағазға басылып, негізінен ауыл-аймаққа тарайтын газет деген басылымның бар екенін ұмытып та кеткен сияқты.
Әрине, бұл жерде жарнама бермеді деп партияларды, жарнама тарта алмады деп редакцияларды кінәлау жөнсіз. Өйткені бүгінде сайлауалды бағдарламаларын халыққа жеткізудің сан түрлі жолдары бар. Газетің оның қасында жіп есе алмай қалуы мүмкін.
Бірақ қалай айтсақ та, дәл осы жағдай «біздің қоғамға газет керек пе, керек емес пе?» деген сұраққа жауап бергендей болып көрінді. Бір сайлауда партиялар жарнама бермеді екен деп бүкіл газеттердің болашағын белінен сызып тастап, қара аспанды төндіргелі отырған жоқпын. Алайда қазір ненің керек, ненің керек емес екенін нарықтың өзі шешеді десек, газетіміз тіптен сұранысқа ие емес екенін осы саяси науқан дәлелдеп берді.
Шынында қазір газет керек пе? Өте қорқынышты сұрақ. Биыл осы журналистикада келе жатқаныма отыз жыл толыпты. Күндердің-күнінде дәл осындай сұрақ алдымнан шығады деп ойламаппын. Мен еңбек жолымды бастаған 1996 жылы газеттер ұрланбас үшін, баспаханаға кезекшілікке түсетінбіз. Яғни, баспаханада газеттер қолды болып, базарлар мен киоскілерде саудасы қызып жататын. Енді бүгін соның бәрін айтсаң, адам сенбейді.
Газеттің мәселесі ақпарат құралдарында аз талқыланған жоқ. Бірақ біз үнемі бір жақты кетеміз. Газет туралы сөз бола қалса, біз алдымен «газетке жазылмады» деп жұртты кінәлаймыз, «газетті дер кезінде жеткізбейді, әрі бағасын көтерді» деп поштаны, «қағазды қымбаттатып жіберді» деп баспахананы кінәлаймыз. Үнқағаздың бүкіл проблемасы осы үшеуінде ғана тұрған сияқты.
Ал енді әңгіменің ашығын айтайықшы, біз қазір қандай газет шығарып жүрміз? Мен бұл жерде бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік газеттерді айтып отырмын. Көп адамдар «Бюджеттен қаржыландырылатын газеттерге рахат, мемлекет көмектеседі, шығынын көтереді, барлық жағынан көмектеседі» деп ойлайды. Билік тарапынан үлкен қолдаудың бар екені рас. Мен басқарып отырған «Aq jol» газеті осындай қолдаудың бәрін көріп отыр. Облыс әкімінен бастап, осы салаға жауапты орынбасарына, біздің тікелей жетекшіміз – облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына мың алғыс. Жағдайымызды түсініп, мүмкіндігінше қол ұшып созумен келеді.
Бірақ, меніңше, осы ақпарат саласындағы мемлекеттік тапсырыс жүйесі дұрыс емес. Әр нәрсені тәптіштеп жазып, оқырманның миын ашытпай-ақ қояйын. Тек осы саланың жүйесі дұрыс емес екенін қарапайым ғана тілмен түсіндіріп өтейін.
Биыл елімізде көк байрағымыздың желбірегеніне 35 жыл толып отыр. Осы уақытта көп нәрсе өзгерді. Өстік, өндік, жетілдік. Қай жаққа қарасаң да қаланың да, даланың да жаңарып жатқанын көресің. Яғни, барлық салада өзгеріс, реформа. Бірақ неғып екенін қайдам, газет саласының жұмысы, газетке деген көзқарас сол күйі өзгермей қалды.
Сонау кеңес заманында газетке артылған міндет қандай болса, тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл болды, сол міндет әлі сол күйі тұр. Технология дамып, ақпарат жеткізудің сан түрлі жолдары пайда болса да, газетке артылған жүк сол күйі мызғымады. Әлі күнге дейін газеттер «басшылар анда барды, мында барды» деген ақпараттарды жазады. Әлі күнге дейін газеттер «әкімдікте мынандай жиналыс болды, жиында пәленшелер сөз сөйледі, соңында пәленше жиналысты қорытты» деген ұзақ-сонар мақалалар береді.
Мемлекеттік газет ол жиналыстарды бермей отыра алмайды. Сонда қараңыз, дүйсенбі күні болған жиналысты жариялаған газет түнде баспаханада басылып, сейсенбі-сәрсенбі күні облыс орталығына тарап, бейсенбі-жұма күндері аудан орталықтарына жететіні, ары қарай ауылдарға қашан жететіні, былайша айтқанда, мұндай жаңалықтарды газет ешқашан да жылдам жеткізіп, басқа ақпарат құралдарының алдын орай алмайтынын түсінетін адам бар ма? Аптасына үш рет емес, бес рет шықсаң да, дүйсенбі күні болған жиналысты оқырман бейсенбі күні оқып отырса, оған дейін бұл жаңалықты әлеуметтік желілер, түрлі сайттар әлдеқашан жеткізіп тастаған болса, онда газетке мұндай ақпарат берудің не керегі бар?! Біз кімді алдаймыз? Бұдан газетке де, оқырманға да қандай тиімділік бар?
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік газеттер мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, қаржы алады. Шынын айту керек, конкурссыз облыстық газеттер күн көре алмайды. Бірақ дәл осы конкурстар газеттерге қаржылық мүмкіндік беріп жатқанымен оның мазмұнын, сапасын, көркін бұзып, журналистердің шығармашылық қабілетіне орасан зор зиян келтіріп жатқанын мойындайтын кез келді.
Жағдайды тағы да қарапайым тілмен түсіндіріп өтейін. «Aq jol» газеті бір жылда 1 миллион шаршы сантиметрден астам көлемде мемлекеттік тапсырыс алады. Бұл тапсырыс 20 шақты тақырыпқа бөлінген. Газет аптасына үш рет шығады. Жылдың басында конкурс бір-екі ай кешігіп өтетінін есептесек, сонда мемлекеттік тапсырыс наурыз-сәуір айларында басталады. Сонда жылдың соңына дейін үлгеру үшін, өзі 8 беттік газеттің кемінде 6–7 бетін осыған арнап отыру керек. Амал жоқ, 12 бет болып шыға бастаймыз. Соның өзінде газеттің 80–90 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жарық көреді. Қалай ойлайсыз, беттері мемтапсырыспен толтырылған газет оқырман үшін қызықты бола ма?
Мемлекеттік тапсырысқа қандай мақалалар жатады? Жоғарыда 20 шақты тақырып бар деп айттық. Мұның бәрі оң имидждік мақалалар. Әкімдікте өткен жиналыстардың барлығы, әкімдердің аудандарға барған іссапарлары, басқа да іс-шаралар – бәрі осы тапсырысқа кіреді. Бірақ ішінде сын жазуға, кемшілікті көрсетуге болмайды. Облыс әкімі бір ауданға барған кезде жиналыста «Атқарылған тірліктерге көңілім толмады» деп айтса, мақаланың тақырыбын «Облыс әкімінің неге көңілі толмады?» деп қойсаң – бітті, бұл мақала мемлекеттік тапсырысқа жатпайды. Бұл оң имидждік мақала емес. Тек тақырыбы ғана айқайлап, ішінде атқарылған шаруалар ғана айтылған болса да, мемлекеттік тапсырыстың тізімінен сызып тастайды. Олардың талабы бойынша мақаланың тақырыбы «Ауданда атқарылған шаруа көп» деп тұруы керек. Ал осындай тақырыппен оқырман тарта аламыз ба?
Мемтапсырыстың кейбір тақырыптарының көлемі өте үлкен болғандықтан, жыл бойы журналистер бір жазған мәліметін мың мәрте өзгертіп, тіпті абзац-абзацымен қайтадан көшіріп, сылдыр сөзбен көлем қуып, тақырыбын игеру үшін мақаласын көпіртіп жататыны да жасырын емес. Дәл осыдан мемлекеттік ақпараттандыру саясаты тиімді болып, бұрынғыдан артып кеткенін өз басым байқамадым.
Қалай айтсақ та, мемлекеттік тапсырыс газеттің мазмұнын, сапасын құртып жатыр. Осыдан кейін газетті ашып қалсаң, қаптаған есептер, атқарылған тірліктер, жиналыстар, іс-шаралар. Газеттің әрбір бетін тиімді пайдаланбасаң, мемтапсырысты беріп үлгере алмайсың. Сондықтан осындай «өркендеген» мақалаларға алдымен орын беруге мәжбүрсің.
Енді соңғы кездері мынандай «сұмдық» шықты. Газет тілінде «воздух» деген термин бар. Бұл газет бетіндегі бос жерлер. Мысалы, бір бетке тұтасымен берілген мақаланың тақырыбын үлкен қып қоясың да, қасына үлкен сурет саласың. Макет әдемі болуы үшін, сурет пен тақырыптың арасында әжептеуір бос жер қалады. Бұл шынында тынысыңды ашатын жер. Газет те тауар сияқты ғой. Көрген кезде оқырманның көзі тоюы керек. Ашып қалған кезде әр беттің әдемі макеті көз арбап, бірден өзіне тартуы керек.
Енді соңғы кездері мемлекеттік тапсырысты қабылдап алушылар осы «воздух» дегенді есептемейтін болды. «Бос жерге не үшін ақша төлеуіміз керек?» деп, сызғышпен өлшеп, бос жердің бәрін есептен шығарып тастайды. Онсыз да тапсырысты игере алмай жатқан біз не істейміз? Амал жоқ, беттің тақырыбын кішкентай қылып қоямыз. «Воздух», бос жер дегенді мүлдем қалдырмауға тырысамыз. Тағы бір айтары – беттегі сурет интернеттен алынса, оны да есептемейді. Амал жоқ, интернеттен алынған суреттерді кішірейтеміз.
Осылайша бір бетке тұтасымен берілген мақаланың тақырыбын кішкентай қыламыз, сурет те кішкентай, бәрі бір-бірімен жабысып, ешқандай кеңістік, «воздух» жоқ, әйтеуір «құбыжық» беттер шығып жатыр. Яғни, мемлекеттік тапсырыс газеттің мазмұны мен сапасына ғана емес, көркі мен келбетіне де кері әсер етіп жатыр деген сөз.
Әрине, ақпараттық жүйе қалам ұстаған ағайындарды осындай қадамға мәжбүрлеп жатса да, бәрінің мақсаты – лайықты газет шығару. Яғни, оқырман тартатын газет шығару үшін, біздің тілшілер бар күш-жігерін салуда. Нөмір сайын мәселе көтерген мақалаларды алдымен беруге тырысамыз. Арнайы айдарларымыз да бар. Бірақ шынын айту керек, мемлекеттік тапсырыстан тілшілердің қолы тие бермейді. Әр тілшіге тақырыптар бөлініп берілген. Нөмір сайын әр тілші 2–3 бет мақала беруі керек. Одан бөлек қаншама жиналысы, басқа да жазатын дүниелері бар. Қазіргі редакцияда баяғыдай кең штат жоқ. Біраз орындар қысқарып кеткен. Тілші аз, жұмыс көп. Газет аптасына үш рет шығады. Яғни, тілшінің ізденуге, ақпарат жинауға, кеңінен көсіліп, мақаланы құлпыртып жазуға ешқандай мүмкіндігі де, уақыты да жоқ.
Мені қорқытатыны – соңғы кездері тілшілер тек мемтапсырыстың мақаласын жазуға ғана маманданып бара жатыр ма деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттік тапсырыстың көлемі бітпей, ешқандай тыныштық жоқ екенін бәрі де біледі. Амал жоқ, бар күшті соған салады. Бұл журналистің психикасына да әсер етеді ғой деймін. Өйткені мәселе көтерсе де, батыл айта алмай, нақты сынай алмай, сылап-сипап, әйтеуір жауын-жауынның арасымен өтіп, мейлінше дау болмайтын тақырыптарды қаузап, жауыр болған дүниелерді көтеруге тырысатынын байқаймын. Яғни, мемтапсырыс тілшілердің шығармашылық мүмкіндігіне де тұсау салуда.
2011 жылы Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы болдым. Ол кезде үстіңнен дігірлеп тұратын мемтапсырыс деген атымен жоқ. Ішкі саясат басқармасы «Жылына 12 беттен 51 нөмір газет шығару керек, ішінде не жазасың, өзің білесің» деген талап қоятын. Мемлекеттік газет болғаннан кейін мемлекеттік саясатқа қарсы келмейтінімізді өздері де біледі. Ол кезде де жиналыстарды қалдырмай жазатынбыз. Бірақ 6–7 бет арнайы клубтар бар еді. Жастар беті, құқық беті, оқырмандар беті, спорт беті, сырласу беті деген сияқты. Журналистер еркін тақырыпқа жиі қалам тербейді. Мақалалардың ең жақсысын таңдап салатынбыз. Журналистиканың дәуірлеген кезі еді ғой. Ал қазір газет беттерінің бәріне мемтапсырыс жатып алған.
Әрине, газетке жазылу, баспахана, пошта мәселесі – бұл да үлкен проблема. Бірақ бұл салада ең алдымен мемлекеттік тапсырыс жүйесін дұрыстауымыз керек. Мемтапсырыс керек, бірақ талабын, ережесін өзгерту керек. Қазіргі ережеден газет көркеймейді. Бұған облыстық әкімдік немесе ақпарат және қоғамдық даму басқармасы кінәлі емес. Газет жұмысынан түк хабары жоқ ревизор келіп тексереді де: «Сонда сендер интернеттен алынған біреудің суретіне немесе мынау газеттің бос тұрған жерлері үшін редакцияларға ақша төлеп отырсыңдар ма?» деп шаңын қағып, айыппұл салып кетеді. Бұлар не істейді? Амал жоқ, тәртіпті қатайтып, әр нәрсеге шұқшия түседі.
Қазіргі аудандық, қалалық газеттердің бәрі жекешеленіп кетті. О баста ниет дұрыс болған. Жеке газеттер ізденіп, оқырман тарту үшін сапасын, мазмұнын кеңейтіп, ақпарат айдынында төрден орын алып, бір мықтының тәп-тәуір бизнесіне айналуы керек еді. Бірақ жағдай мүлдем басқаша болды. Бәрі мемтапсырысқа байланып қалған. Ешқайсысы да заманға сай бейімделе алмады. Әлі күнге өлместің күнін кешіп келеді. Жекешелендіру қаупі облыстық газеттерге де төнді. Бірақ әйтеуір кейінге шегеріліп, әупіріммен аман қалды.
Жалпы, бүгінгінің газеті қандай болуы керек? Мемлекеттік газеттер қалай шығуы керек? Кейде «Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері неге газетке жазылмайды, газет оқымайтын мұғалім балаға қалай сабақ береді?» деп байбалам салуымыз да маған жалған ұран сияқты болып көрінеді. Қазір ақпарат заманы, қолында ұялы телефоны бардың бәрі ақпарат алып жатыр. Енді өзіңіз ойлаңызшы, өзі нанға тойып отырған адамға тағы да нан ал деп айту қаншалықты дұрыс? Онсыз да телефонынан сәт сайын ақпарат ағылып жатқанда, аптасына бір мәрте әрең келетін газетке жазыл деп қалай мәжбүрлей аламыз? Яғни, бізге газетке жаздырудың басқа жолдары керек. Қазіргі оқырманға басқа сападағы газет керек.
Меніңше, газеттерді аптасына қанша мәрте шығарсаң да, ақпаратты жылдам жеткізу мүмкін емес. Сондықтан облыстық газеттер аптасына екі немесе бір рет шығып, негізінен сараптамалық дүниелерге ден қоюы керек. «Әкім анда барды, мында барды» деген ақпараттардан гөрі әр саланың жұмысын сараптап, әкімдіктің әрбір жиналысы мен сапарына басқа қырынан келуі керек деп ойлаймын. Негізі тілшінің мүмкіндігі, уақыты болса, әр жиналыста айтылған дүниелерден сараптама шығаруға болады. Сондықтан «Жиналыс болды, пәленше сөз сөйледі, түгенше жағдайды түсіндірді, соңында мынандай қорытынды қабылдады» деген жаттанды мақаладан гөрі сол жиында көтерілген мәселеге тереңірек барып, түбін қазып жазуы керек.
Әрине, газеттің шығу жиілігін редакцияның өзі де шешім қабылдап, азайта алады. Бірақ мемтапсырысты үлгере алмайтын болғандықтан, амал жоқ, аптасына үш мәрте шығуға мәжбүр болып отыр. Сондықтан тағы да айтарым, мемтапсырысты, жалпы бұл жүйені толықтай қайта қарау керек.
Сөз соңында айтарым, бюджеттен қаржы бөлініп жатыр, газеттің бетін толтырып, баспаханаға жіберіп жатырмыз. Былайша айтқанда, осы мәселені көтермей-ақ, үндемей жүре берсем де болар еді. Бірақ оқырманның да обалы бар. Бұл жүйе газетті жарға апара жатыр. Мемтапсырыстың қазіргі жүйесі газетті ақырын-ақырын мәңгілік ұйқыға жіберетін у сияқты болып елестейді.
Қалай айтсақ та, газет жол айырыққа келді. Тағы да айтамын, мемлекеттің қолдауынсыз газеттер күн көре алмайды. Егер біздің Үкімет газетті керек деп тапса, бұған байланысты нақты шешімдер қабылдауы керек. Ал егер газеттің болашағына күмәнмен қарайтын болса, онда газеттерді біртіндеп сайтқа көшіру жағын қарастыруы керек. «Міне, келесі жылы облыстық газеттердің 30 пайызы сайтқа өтуі керек, арғы жылы тағы 30 пайызы, үшінші жылы толық көшуі керек» деген сияқты нақты жоспарлар керек.
«Газетті жауып, сайтқа көшіру керек» дегенді айту маған да оңай емес. Бірақ газеттің жай-күйіне бей-жай қарап, осылай керіліп-созылып жүре берсін, әйтеуір өліп қалмаса болды, сен тимесең, мен тимен деген ұстаным дұрыс емес. Қазір барлық нәрсеге шынайы қарайтын заман. Жыл өткен сайын газеттердің таралымы азайып, тынысы тарылып бара жатқанын жасырудың қажеті жоқ. Егер газеттерге мемлекеттік қолдау болмаса, әлдеқашан жабылып қалар еді. Сондықтан бізге газет сайтын күшейте беру керек.
Газеттің сайттары да өз алдына бір мәселе. Жасыратыны жоқ, облыстық газеттердің сайттары елімізге белгілі ақпараттық порталдармен бәсекелесе алмайды. Өйткені бұл сайт та әкімдіктің жұмысын жарнамалап отыратыны белгілі. Ондай ақпараттармен қаралымды көп қыла алмайсың. Осыдан кейін облыстық газеттердің, облыстарда құрылған медиалардың сайттары да ақпарат саласында еркін самғай алмай отыр. Өйткені сайтқа байланысты конкурс жарияласа, оны қаралымы көп басқа сайттар ә дегеннен жеңіп алады. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы сайттарға конкурс жариялауда тәуекелге бара бермейді. Яғни, бюджеттік газеттердің сайттарына мемлекеттік сатып алу ісінде белгілі бір жеңілдіктер қарастырылуы керек сияқты.
Әрине, газеттің бүкіл мәселесі бір мемтапсырыспен ғана бітпейтіні анық. Жалақының аздығы, кадр тапшылығы, газетке шыққан сын мақалаларға ешқандай мекеменің жауап бермейтіні, меншікті тілшілер мектебінің жойылғаны, қаламақы мәселесі – әрқайсысы өз алдына бір үлкен мәселе.
Әзірге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Түркістан» газетінде берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», – деп айтқаны көңілге үлкен медет.
Елімізде Құрылтай құрылып, жұмысын бастады. Осы саланың шаруасын бес саусағындай білетін Арман Қырықбаев сияқты іскер маман Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Заңды өзгерту керек пе, әлде ішкі ережелерді өзгерту керек пе, әйтеуір газетке байланысты нақты реформа керек. Біз Құрылтай мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен үлкен үміт күтеміз.
Оралхан ДӘУІТ