Салық түсімі артса да, бюджет Ұлттық қор мен қарыздан ажырай алмады
Қазақстандағы жаңа салық реформасы ел экономикасы мен бизнес ортасы үшін соңғы жылдардағы ең ауқымды және қызу талқыланған өзгерістердің бірі болды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде күшіне енген жаңа Салық кодексі фискалдық саясатты түбегейлі өзгертті.
Алайда салық реформасы бюджет кірісін ұлғайта бастағанымен, мемлекеттің Ұлттық қор трансферттері мен қарызға тәуелділігін әзірге айтарлықтай төмендете алған жоқ. Мұндай қорытындыны Ұлттық банктің тамыз айындағы ақша-кредит саясаты жөніндегі баяндамасындағы деректерден анық көруге болады.
2026 жылдың бірінші жартысында салық түсімдері нақты мәнде 5,7%-ға өскен. Өсімге негізінен қосылған құн салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығы ықпал еткен. Бірақ экономиканың көлемімен салыстырғанда өзгеріс аса үлкен емес. Себебі салық түсімдерінің ЖІӨ-дегі үлесі бір жыл ішінде небәрі 17,5%-дан 17,7%-ға көтерілген. Яғни, мемлекет көбірек салық жинай бастағанымен, бюджеттің өзінің тұрақты кіріс базасы сапалық тұрғыдан күрт кеңейді деуге әлі ерте.
Жеті айдың қорытындысы да осы көріністі көрсетеді. Республикалық бюджет кірісі 12,36 трлн теңгені құраса, оның 9,34 трлн теңгесі салықтан түскен. ҚҚС бюджетке 4,26 трлн теңге әкелгенімен, жоспар небәрі 90,3%-ға орындалған. Корпоративтік табыс салығынан 2,73 трлн теңге жиналып, жоспардың 96,8%-ы орындалды.
Сонымен бірге бюджетті ұстап тұрған негізгі тіректердің бірі әлі де Ұлттық қор болып отыр. Қаңтар-шілде аралығында бюджетке 2,80 трлн теңге трансферт түскен. Оның 2,32 трлн теңгесі Ұлттық қордан берілген кепілдендірілген трансферт. 2026 жылға мұндай трансферттің жалпы көлемі 2,77 трлн теңге болып бекітілген. Демек жеті айдың өзінде жылдық лимиттің басым бөлігі пайдаланылып қойған. Заң бойынша биыл Ұлттық қордан нысаналы трансферт қарастырылмаған.
Ұлттық банк бюджеттегі консолидация әзірге кірісті күрт өсіру арқылы емес, шығыстарды шектеу арқылы жүріп жатқанын атап өтеді. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік шығыстар номиналды түрде 11,7%-ға ұлғайғанымен, олардың ЖІӨ-дегі үлесі 24,7%-дан 23,5%-ға төмендеді. Мұнайлы емес дефицит 7,1%-ға дейін қысқарды. Бірақ жалпы бюджет тапшылығы, керісінше, ЖІӨ-нің 3,2%-ына дейін өскен.
Оған қоса, бюджетке қарыздың өзі барған сайын қымбатқа түсіп келеді. Жеті айда мемлекеттік борышты өтеуге 2,43 трлн теңге жұмсалған. Ал бүкіл жылға жоспарланған сома 3,47 трлн теңге болып отыр. Яғни, қарыз бойынша пайыздар мен төлемдердің өсуі білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым секілді басқа бағыттарға жұмсалатын бюджет ресурсын біртіндеп тарылтады.
Бұдан бөлек, кіріс пен шығыс арасындағы алшақтық та кеңейіп отыр. Қаңтар-шілдеде республикалық бюджет шығыстары 14,75 трлн теңгеге жетсе, кірістер 12,36 трлн теңге болды. Бюджет тапшылығы бірінші жартыжылдықтағы 2,13 трлн теңгеден жеті ай қорытындысында 2,8 трлн теңгеге дейін өсті. Оны қаржыландыру үшін жыл басынан бері 4,68 трлн теңге көлемінде қарыз тартылған.
Осылайша салық реформасының алғашқы нәтижесі күтілгеніне қарағанда қарама-қайшы болып шықты. Иә, салық көбірек жиналып жатыр. Бірақ ол бюджеттің құрылымдық проблемасын жойған жоқ. Сондықтан оған болашақта реформа емес, коррекция деген атау берілуі мүмкін. Себебі реформа – іргелі нәрселерді өзгертетін ұғым. Әзірше іргелі түрде өзгерген ештеңе көрінбейді.
Осыған орай отандық жетекші қаржыгерлер, экономист-ғалымдар мен салық сарапшыларының жаңа реформаға қатысты нақты пікірлері мен сыни көзқарастары төмендегідей. Олардың ойынша, жаңа кодекстің басты жетістігі – бюрократияның азаюы және салық жүйесінің айтарлықтай оңтайландырылуы. Мәселен, құжат аясында салық есептілігінің көлемі 30%-ға, ал салық түрлері 20%-ға қысқартылды.
Қаржы және микроэкономика шолушысы Айбар Олжаев бұл реформаны ел экономикасы үшін таңдау жасау қажет болған маңызды жолайырық деп есептейді.
«Біз қазіргі қалпымызбен жүре беруге болмайтын кезеңге жеттік, әйтпесе бюджеттік кризиске шалдығар едік. Жаңа реформа – мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа қоғамдық келісімшарт. 7 арнайы салық режимінің тек 3‑еуге дейін оңтайландырылуы кәсіпкерлердің «көлеңкеден» шығып, заңды аяда ашық жұмыс істеуіне үлкен серпін береді», – дейді ол.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов реформаның әділеттілік ұстанымына негізделгенін қолдайды.
«Салық режимдерін қысқарту – жай ғана ыңғайлылық емес, бұл нақты экономикалық қисын. Ендігі салықтық жүктеме кәсіпкердің шынайы табыс деңгейіне сай келеді. Әсіресе жеңілдетілген декларация мөлшерлемесін аймақтарда 2%-ға дейін төмендету мүмкіндігі жергілікті бизнесті дамытуға таптырмас құрал», – дейді бизнесқауымдастық өкілі.
Реформаның ең көп талқыланған және сарапшылар тарапынан үлкен сынға ұшыраған тұсы – қосымша құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі және оның шегінің 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілуі болды.
Салық сарапшысы, есепші Анастасия Макова осыған байланысты ҚҚС өсімінің қарапайым тұтынушылардың қалтасына тікелей әсер ететінін алға тартады.
«ҚҚС мөлшерлемесінің артуы мен шегінің төмендеуі елдегі барлық тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына алып келеді. Бұл өзгеріс үй жанындағы кішігірім дүкендерге әсер етпейді деген пікір қате. Себебі олар тауарды ҚҚС төлейтін ірі жеткізушілерден сатып алады. Демек, фискалдық жүктеменің өсуі түптеп келгенде инфляцияны жылдамдатып, өнімді соңғы сатып алушы – халықтың мойнына түседі», – дейді маман.
Жалпы алғанда,көптеген қаржыгерлер мен экономистер ҚҚС өсімі мен арнайы салық режимдерін қысқартудың бір мезгілде енгізілуін құптамады. Олардың пікірінше, егер бұл өзгерістер кезең-кезеңімен, бизнестің бейімделуіне уақыт бере отырып жасалғанда, нарық үшін соққы аз болар еді.
Жаңа Салық кодексінде алғаш рет Жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті шкаласы енгізілді. Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (шамамен 33,4 млн теңге) асатын азаматтар үшін салық мөлшерлемесі 10%-дан 15%-ға дейін өсті.
Экономист-ғалымдар бұл қадамды халықаралық тәжірибеде бар әділдік ұстанымы деп бағалайды. Байыған сайын мемлекетке төлейтін үлесің де артуы тиіс. Алайда ғалымдар бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес пен кірістерді жалпыға бірдей декларациялаудың тазалығы жоғары деңгейде болуы шарт екенін ескертеді.
Салық сарапшыларының бірі Жарқын Ибраева реформа барысындағы заңнамалық тұрақсыздықтар мен құбылмалы ережелерді сынға алды.
«Жаңа кодексте өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіп ашпай-ақ жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, олардың арнайы банк шоттарын ашу төңірегіндегі талаптар бірнеше рет өзгерді. Бірде міндетті деді, кейін міндетті емес деп жариялады, артынша қайта талап етті. Мұндай тұрақсыздық кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында түсінбеушілік тудырып, реформаға деген сенімді азайтады».
Түйін
Сарапшылардың пікірін саралай келе түйгеніміз, Қазақстандағы жаңа салық реформасы екіжүзді өткір қылышіспетті. Бір жағынан, ол бюджет тапшылығын жауып, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мен оңтайландыру арқылы бизнестің жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан, ҚҚС пен ЖТС өсімі бизнес пен халыққа қосымша қаржылық салмақ салып отыр. Реформаның түпкілікті табысы Үкіметтің осы фискалдық қысым мен экономикалық өсім арасындағы теңгерімді қаншалықты сақтай алатындығына байланысты болмақ.
Сарбаз ҚҰТ-МҰХАММЕД, «D»