Жыл сайын 15 қарашада Қазақстан Республикасында еліміздің қаржы жүйесі үшін айрықша маңызды екі мереке — Ұлттық валюта, теңге күні мен Қаржыгерлер күні қатар аталып өтеді. Осыдан 33 жыл бұрын, 1993 жылы айналымға еңген төл теңгеміз елдің экономикалық егемендігін айқындаған басты символдардың біріне айналды. Бұл мереке бүкіл мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен даму жолындағы маңызды белес пен еңбекті мадақтау болып саналады.
Ұлттық валютаның айналымға шығуы
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы өтпелі кезең мемлекет алдына аса күрделі міндеттерді қойды. Бұрынғы ортақ қаржылық жүйенің күйреуі, шектен тыс инфляция және ақша қарапайым айналымның бұзылуы ел экономикасын тығырыққа тіреген еді. Дәл осындай алмағайып заманда мемлекеттік дербестіктің басты атрибуты өз валютасын құру стратегиялық қажеттілікке айналды.
1993 жылы 12 қарашада Тұңғыш Президенттің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» тарихи Жарлығы қабылданып, 15 қарашада теңге ресми түрде айналымға түсті. Бұл қадам елімізге өз ақша-несие саясатын дербес жүргізуге, инфляциялық процестерді бақылауға алуға және ұлттық экономиканың іргетасын қалауға жол ашты.
Тарихи қадам: Төл теңгенің дүниеге келуі
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін пайда болған экономикалық дағдарыс пен асқынған инфляция жағдайында Қазақстанға өз алдына дербес қаржы жүйесін құру ауадай қажет болды. Тарихи өзгеріске жетудегі алғашқы қадамдарды атап өтсек, Тұңғыш банкноттар мен монеталар елімізден тыс жерде (алғашқы банкноттар Ұлыбританияның «Харрисон және сыновья» фабрикасында) басылып шығарылды.Алғашқы купюраларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан Уалиханов, Абай Құнанбайұлы сияқты ұлы бабаларымыздың бейнелері бедерленіп, халқымыздың тарихы мен руханиятын күллі әлемге паш етті.
Төл ақшамыздың рухани және тарихи коды және дизайндағы сабақтастық
Теңгенің дүниеге келуі тек қана экономикалық немесе техникалық операция емес, ол қазақ халқының ғасырлар бойғы ұлттық санасын, тарихи жадын жаңғыртқан ұлы рухани акт болды. Банкноттар мен монеталардың дизайнында еліміздің өткені мен бүгіні, Ұлы Жібек жолының көріністері, ұлттық өрнектер мен сәулет өнер ескерткіштері үйлесім тапты.
Бұл көрініс отандық валютаның жай ғана айырбас құралы емес, әрбір азаматтың бойында ұлттық мақтаныш сезімін оятатын мәдени құндылық екенін айқын дәлелдейді. Әрбір жаңа серия шыққан сайын қазақстандық банкноттар әлемдік банкнот индустриясында өздерінің көркемдік шешімдерімен жоғары бағаға ие болып келеді.
Эволюция және заманауи қауіпсіздік стандарттары
Жылдар өте келе теңге де заман талабына сай өзгеріп, технологиялық жағынан кемелдене түсті. Бүгінде Қазақстанның ақша белгілері әлемдегі ең жоғары қорғаныс деңгейі бар валюталардың қатарына кіреді.
Валютамыздағы қорғаныс деңгейінің жоғары болуында бірнеше себептер бар. Заманауи банкноттар түс өзгертетін элементтермен, голограммалармен, арнайы қорғаныс жіптерімен және көру қабілеті нашар жандарға арналған бедерлі белгілермен жабдықталған. Бұл қолдан жасау әрекеттерін түбегейлі жоюға мүмкіндік береді.
Оған қоса валютамыз цифрландырылуда: Қаржы нарығының жаңа дәуіріне сай ұлттық валютаның цифрлық форматы дамытылуда. Цифрлық теңге есеп айырысуларының ашықтығын қамтамасыз етіп, озық финтех шешімдермен интеграциялануға жол ашады.
Қаржыгерлер күні. Тұрақтылықтың кепілі
15 қараша тек ақша белгісі мен валютамыздың орныққан күнін көрсететін мереке емес, сонымен қатар ұлттық экономиканың жүйесін ұстап тұрған мыңдаған қаржыгерлердің, Ұлттық банк қызметкерлерінің, сарапшылар мен банк саласы мамандарының кәсіби мерекесі.
Қаржы секторының сапалы жұмысы мен жүйелі монетарлық саясатының арқасында Қазақстан түрлі жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен сынақтардан сәтті өтіп келеді.Тұрақты банк жүйесі шағын және орта бизнестерінің дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және азаматтардың әл ауқатының жақсаруына тікелей ықпал етеді.
Қорытынды
Ұлттық валютамыз экономикамыз бен тарихымыздың ажырамас бір бөлігі әрі тәуелсіздіңгіміздің айқын көрінісі,елдің экономикалық егемендігі мен тұрақтылығының символы. Жәй ғана төлем құралы немесе ұағаз бен цифрдын астарында ширек ғасырдан астам уақыттан бері өз бағасы мен мәнін сақтап, дамудың үлкен сынағынан өткен төл теңгеміз жатыр. Ұлттық валютамыз еліміздің гүлденуі мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының артуына сенімді қызмет ете береді.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын